Қажылықта өткізген 9 күнім
Қажылықта өткізген 9 күнім
2 жыл бұрын 3226
Рақымжан қажы Бәйменов ақсақал

«Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» – деп ұлы Абай атамыз айтқандай-ақ, жасым болса тоқсанның төріне келгенде мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа баруды мақсат еттім. Отбасыммен кеңесіп, қызым Индира екеуміз умра қажылық сапарға баруға ниет еттік. Ұялы телефонмен Қазақстан «Хикмет Travel» қажылық компаниясымен байланысып, умра қажылыққа барушылардың тізіміне жазылдық. 2019 жылғы наурыз айының 4-і күні Қызылордадан ұшақпен Алматыға жеттік. Алматыдағы «Хикмет Travel» қажылық компаниясына тиісті құжаттарды өткізіп, онда «Аллахтың қасиетті үйі – Қағбаны» зиярат ету тәртібі мен рәсімдері жөнінде толық мәлімет алдық. Сонымен бірге, «Қажылық анықтамалығы» атты кітапшаны қолымызға берді. Бұл кітапшада умраны, қажылықты өтеу және Мәдинаны зиярат ету рәсімдері, дұғалар туралы жазылған екен.

2019 жылдың 9 наурыз күні таңғы сағат 05.00-де Алматыдан ұшақпен ұшып, сол күні сағат 12.00-де Шарджа қаласына келдік. Одан әрі 13.50-де Шарджадан Мәдинаға ұшып, жергілікті уақытпен 15.40-та Мәдина қаласына қондық. Осы қалада бізді «Хикмет Travel» компаниясының жолнұсқаушылары қарсы алып, «Ансари» қонақ үйіне орналастырды.

Мәдина қаласы – Пайғамбарымыздың (саллаллаху аләйхи уәссәләмнің) қоныс аударған мекені. Онда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мешіті бар. Алла Елшісі (с.а.у.): «Үш мешіттен басқаға арнайы аттануға болмайды» – деген. Олар: 1) Мәжид әл-Харам – Меккедегі Қағба орналасқан әйгілі мешіт; 2) Менің мешітім – Мәдинадағы әл-Мәжид ән-нәбәуи; 3) Мәжид әл-Ақса – Құдыстағы мешіт». Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мешітінде оқылған намаздың сауабы «әл-Харамнан» басқа мешітте оқылған намаздың сауабынан мың есе көп, яғни оған басқа мешіттерде мың намаз оқығанның сауабы беріледі. Ал Мекке-Мәжид әл-Харам мешітінде оқылған намаздың сауабы басқа мешіттерде оқылған намаздардың сауабынан жүз мың есе көп.

Қонақ үйге орналасқаннан кейін біздерді жолнұсқаушымыз (жетекшіміз) Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған деген игілігі мен сәлемі болсын) мешітіне алып барды. Мешітке кіргеннен кейін екі ракағат мешітке сәлем намазын оқыдық. Одан кейін Алла Елшісінің (с.а.у.) қабіріне барып, оған қарап тұрып: «Әссәлему аләйкә я Расуллах!» деп сәлем беріп өттік. Осыдан кейін оң жаққа аз ғана жылжып, Әбу-Бәкірге: «Әссәлему аләйкә я Әбу Бәкір!» деп сәлем бердік. Содан тағы да оңға жылжып, Омарға: «Әссәлему аләйкә я Омар!» деп сәлем еттік.

Мәдинаға барған күннің ертеңіне таңғы намазды мешітке барып оқып, құлшылық жасадық. Таңғы астан соң Мәдина қаласының сауда орталықтарына барып, ихрам киімін және құлшылыққа қажетті заттарды сатып алдық. Қалған уақыттарды дем алуға және мешітке барып құлшылық жасауға арнадық.

Мәдинадағы келесі күні мешіттегі таңғы намазды оқып, ауқаттанып алғаннан кейін, жол бастаушы біздерді қаланың басты тарихи жерлеріне саяхат жасауға алып шықты. Алдымен, Ухуд тауына барып, осы таудағы шайқаста қаза тапқан сахабалардың, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туысы Әмзенің қабірлерін зиярат еттік. Одан кейін «Құба», «Құблитаий» мешіттеріне барып құлшылық жасадық.

«Құба» мешіті – исламдағы ең алғашқы салынған мешіт. Бұл мешітте екі ракағат намаз оқу – сүннет. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осылай істеген және үмметін солай істеуге шақырған. Алла Елшісі (с.а.у.) Құба мешітін жаяу да, көлікпен де зиярат етіп, онда екі ракағат намаз оқыған.Саяхат соңында Құрма бағында болып, тамашаладық.

Қонақ үйіне оралып, ас ішіп болған соң Пайғамбар (с.а.у.) мешітінің жа­нын­да орналасқан «Бақиғ» атты қабірстанды зиярат етуге алып бардық. Бұл қабірстанда көптеген сахабалар жерленген, олардың арасында әйгілі сахаба, үшінші халифа Осман да (Аллах оған разы болсын) бар.

Мәдинада болған соңғы күніміз – 2019 жылдың 12 наурыз күні, мешітте таңғы намаз оқып, Мекке қаласына жолға шығуға дайындалдық. Ихрамға кіргенге дейінгі амалдарды орындап, арнайы ихрам киімін киіп, түскі сағат 13.00-де Мекке қаласына жолға шықтық. Жол бойында Миқатқа (Әбиәр Әли деген жерге) тоқтап, умра қажылығын өтеуге ниет етіп, талбия айтып, ғибадатты бастадық. Автобуспен 450 шақырым қашықтықтағы Мекке қаласына беттедік. Жол бойында «Уа Аллах! Міне, мен Сенің алдыңдамын, Міне, мен Сенің алдыңдамын, Сенің ешбір серігің жоқ, Міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында мадақ та, ниғмет те, мүлік те Саған ғана тән. Сенің серігің жоқ» – деп талбияны қайталап айтып отырдық. Қағбаны көргенде талбия айту аяқталды. Меккеге келген түні бізді «Әл-Харам» мешітіне сапарымыздың басты мақсаты умра қажылықтың шарттарын толық орындауға алып барды. Умра қажылықтың міндетті амалдарына ихрам киімін киіп, ниет ету, Қағбаға тәуап жасау, Сафа мен Мәруан арасына жүру, шаш алдыру немесе қысқарту жатады.

«Әл-Харам» мешітіне кіргеннен соң дұға жасап, Қағбаға жақындап, қара тас тұрған тұстан «Бисмиллах, Аллаху Әкбар» – деп тәуапты бастадық. Қара тастың тұсында оң қолды көтеріп, алақанды тас жаққа қарата: «Аллаху Әкбар» дейді. Тәуап жасаған кезде, Қағбаны жеті рет айналу қажет. Одан кейін екі ракағат тәуап намазын Мақам Ибрахимнің артында тұрып оқыдық.

Тәуап және намаздан кейін Сафа төбесіне қарай сағи жасау үшін беттедік. Сафа төбесіне жақындаған кезде арнайы дұға оқылды, төбеге көтерілгеннен кейін Қағбаға қарап Аллахқа мадақ айтылады. Бұл дұға үш рет қайталанады. Осы дұғаны оқығаннан кейін өзіне, отбасына, туған-туыстарына, дос-жарандарына және барлық мұсылмандарға дұға тіленеді.

Әрі қарай Сафа дөңінен түсіп Мәруа дөңіне беттейді. Сағи өтеу барысында да көп дұға жасалу керек екен. Сағи жасайтын жердің ұзындығы 450 метр шамасында. Одан кейін Мәруа төбесіне шығып, жүзін құбылаға бұрып, Сафада айтылған дұғаларын қайталайды, бұдан кейін қайтадан Сафаға қарай беттейді. Осылайша, біз жеті рет сағи жасадық. Сағи жасап болғаннан кейін ер кісілер шашын түгел алдырады немесе бір тегіс етіп қысқартады. Шаш алдырып болған соң умра қажылық амалдары бітеді. Орта есеппен алғанда құлшылықты толық өтеуге 3 сағаттан астам уақыт кетеді екен. Умраны толық жасап болғаннан кейін «Әл-Харам» мешітінде таң намазын оқыдық.

Қонақ үйге оралып, Меккеге келген екінші күнді әркім өз еркінше өткізді. «Әл-Харам» мешітінде оқылған бір намаздың сауабы 100 мың намазға тең келетіндіктен, біздер барлық парыз намаз намазын осы мешітте өтеуге ниет білдіріп, «Әл-Харам» мешітінде, мұсылман елдерінен келген мыңдаған адамдармен қатар бес мезгіл парыз намазын бірге оқыдық. Бұл мешітте арнайы ыдыстарда құюлы тұрған зәм-зәм суын қажетінше ішуге, намаз аралық бос уақытта Құран Кәрім кітаптарын оқуға да жағдай жасалған, кітап сөрелеріне мыңдаған Құран кітабы қойылған.

Меккеге келген үшінші күні біздерді автобуспен Меккенің тарихи және мәдени орындарына саяхат жасауға алып шықты. Біздерге Сәуір тауы, Нұр тауы және Мәдина алқабы мен Арафатты аралап көрсетті.Жолнұсқауші Сәуір тауын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жауларынан қашқанда паналағанын, ал Нұр тауында пайғамбарлық келгенге дейін құлшылық жасағандығын және өзге де тарихи деректермен таныстырды.

Ал төртінші күні қызым Индира екеуміз екінші рет Қағбаға тәуап және сағи жасауға ниеттендік. Сөйтіп, екеуміз екінші рет менің әкем мен анама арнап умра қажылық парызын өтедік.

Келесі күні мен түске дейін «Әл-Харамда» парыз намазды орындап, түстен кейін қайтар жолға дайындық жасадым, ал қызым Индира бұл күні менің қарындасым Райхан мен апамыз Құлғанша (нағашы әжесі) екеуіне арнап екі рет умра қажылығын жасап мені қуантты, қатты риза етті.

Меккедегі соңғы күнімізде (17 наурыз) мешіттегі таңғы намазды оқығаннан кейін жергілікті уақыт сағат 10.00-де автобуспен Джидда қаласындағы әуежайға аттандық. Сағат 15.00-де Джидда қаласынан Шарджа қаласына ұштық. Шарджа әуежайынан сағат 22.00-де ұшып, Алматы қаласының әуежайына 18 наурыз күні жергілікті уақыт сағат 4.40-та қондық.

Осылайша, әлемнің ең киелі жерлеріне барған сапарымыз сәтті болып, қажылықты өтедік. 

Дереккөз: tirshilik-tynysy.kz 

 
0 пікір