Қарызды қайтармаудың күнәсі
Қарызды қайтармаудың күнәсі
5 ай бұрын 1940
Тұрғын Нұғман

Ислам шариғатында пайызсыз қарыз беру қаншалықты сауап болса, шамасы жетіп тұрса да алған қарызын бермей жүрудің соншалықты күнәсі ауыр. Бұған қатысты Алла елшісі (с.а.у.): «Байдың алған қарызын өтемей созып жүре беруі - зұлымдық» деген. (Бұхари, Мүслім). Хадистің арабша нұсқасында «мумәтолә» сөзі қолданған. Ол сөз «күте тұршы, кейін берейін, уақыт берші» деп әне-міне деп созып жүре беруді айтады. Осылай созып қарызын бергісі келмей жүрудің зұлымдық, қиянат болатындығын айтып отыр Алла елшісі (с.а.у.). Біреуге қиянат қылу - харам, ауыр іс.

Және де хадисте «байдың...» деп отыр, яғни мұнда шамасы келетін кісі айтылып тұр. Ал егер расында да жағдайы жоқ кедей кісінің қарызын өтей алмай жүруі - үзір саналады, оған уақыт танып, қарызын өтей алғанға дейін күту керек. Құранда былай деп бұйырған: ««Егер қарыздар адамның қолы қысқа болса, жағдайы түзелгенше тоса тұрыңдар. Біле-білсеңдер, қарыздарыңды (әлгі бейшараға) садақа етіп (кешіріп) жіберсеңдер одан да жақсы». («Бақара» сүресі, 280).

Осы тұрғыда қарыз аларда да «қарызымды міндетті түрде өтеймін» деген ниетпен алу маңызды. Ал, егер әйтеуір өтермін, өтемесем қоярмын деген оймен алса, расында да Алла Тағала берекесін бермей қарызын өтей алмай қалады. Алла Елшісі хадисінде былай деген:

«Кім адамдардың дүниесін (міндетті түрде) орнына қоямын деген (ниетпен) алса, Алла Тағала оны оның орнына өтейді (ризығын беріп, оның қарызынан құтылуына жәрдем береді). Ал адамдардың дүниесін «құрту» ниетімен алса, Алла Тағала оны құртады (яғни, береке бермейді, алған дүниесі рәсуа болады)». (Сахих Бұхари).

Өкінішке орай дос-жараң, туыс-тумадан қарыз алуын алып, оны қайтаруға құлықсыз боп жүретін адамдар жиі кездеседі. Қарыз иесі сұрай-сұрай табанынан таусылып, ақыры соңында құдайға тапсырып, сұрауын қояды. Негізі ондай кісінің о баста қарыз алған кезде ниеті «қарызын» ұмыттыру болатын. Осылайша елді алдау арқылы пайда тапқысы келетіндер кездеседі.

Ол солай біреуді алдап мал таптым деп есептеуі мүмкін, алайда о дүниеде өзіне тозақ отын дайындап жатқанымен шаруасы жоқ. Егер сол күйінше өліп кетсе, о дүниеде бермей созып жүрген қарызы ол үшін от болып алдынан шығары сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадис шарифінде: «Шейіттің қарызынан басқа барлық күнәсі кешіріледі» деп ескертеді. («Сахих Мүслім»). Шейіт деп, Алла жолында соғысып қайтыс болған кісіні айтады. Алла жолында шейіт болу - ең үлкен дәрежелердің бірі. Алайда, оның өзін бұ дүниеде бермей кеткен қарызы ана дүниеде тығырыққа отырғызуы мүмкін екен.

Ендеше ағайын, пайызсыз қарыз ақша алуға дініміз рұқсат береді, алайда алған қарызына жауапкершілікпен қарауды бұйырады. Құл ақысы, Құдай ақысынан бұрын келетіндігін ұмытпайық. Сондықтан, алған қарызыңызды шама келген сәтте ертерек беріп құтылуға тиістісіз, ал шама келсе де бермей жүре беру кісі ақысын жеу және кісіге қиянат жасау болып саналады. Алла қиянатшыларды сүймейді! Уа ахиру даъуанә әнильхамду лилләһи Раббиль аләмин!

 

 

0 пікір