ҚҰРАН ОҚУДЫҢ САУАПТЫЛЫҒЫ
ҚҰРАН ОҚУДЫҢ САУАПТЫЛЫҒЫ
16 күн бұрын 1184 islam.kz Фото: ЖИ
Мұса Жамал

Құран – Алланың пенделеріне түсірген мәңгілік хикметі, жүректерге шипа, рухтарға нәр. Оны оқу – жай ғана діни міндет емес, әрбір әріпіне сауап жазылатын қасиетті амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ хадисінде былай дейді:

«من قرأ حرفًا من كتاب الله فله به حسنة، والحسنة بعشر أمثالها، لا أقول (الم) حرف، ولكن ألف حرف، ولام حرف، وميم حرف»،

«Кімде-кім Құраннан бір әріп оқыса, оған бір сауап жазылады. Ал бір сауап он есеге дейін еселенеді. Мен "Әлиф, Ләм, Мим"ді бір әріп деп айтпаймын. "Әлиф" бір әріп, "Ләм" бір әріп, "Мим" бір әріп»
(Тирмизи, Хуснүл Хұлуқ, 2910)

ҚҰРАН – РУХТЫҢ АЗЫҒЫ

Ислам ғалымдарының бірі:

«Құран — жүректің тіршілігі. Онысыз жүрек өлідей болады», — деп жазған. Бұл сөздер Құран оқудың адамның ішкі әлеміне, жан тыныштығына қаншалықты әсер ететінін көрсетеді. Қазіргі психология мен рухани терапия салаларында да Құран аяттарының тыныштандырушы әсері ерекше атап өтілуде.

ҚҰРАНДЫ ҮНЕМІ ОҚУ — ЖАННЫҢ ЖАРЫҒЫ

Тағы бір дін ғалымы былай деген:

«Кімде-кім Құран оқуға дағдыланса, оның жүрегінде нұр пайда болады. Ал кім Құраннан алыстаса, оның жүрегі қарайып, дүниелікке құмар болады.»

Құран оқу — пендені тек сауапқа ғана кенелтіп қоймай, оның өмірлік бағдарын айқындайтын шамшырақ іспетті. Ол адамды күнәдан алыстатып, жақсы амалға ұмтылдырады.

ҚҰРАН ОҚЫҒАНДАР – АЛЛАНЫҢ ЕРЕКШЕ ЖАҚСЫ КУЛЫ

Пайғамбарымыз ﷺ  бір хадисінде:

«Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендеріңіз» (Бұхари) – деген. Бұл хадис мұсылманның Құранмен тығыз байланыста болуын, оны оқып, түсініп, басқаларға жеткізуі үлкен мәртебе екенін айғақтайды.

Ислам ғалымдары Құран оқудың сауаптылығы тек оқылған әріптерге ғана емес, жүректегі ықылас, тәубе, қорқу мен үміт сезімдеріне де байланысты екенін айтады.  

Қорыта айтқанда, Құран – жай кітап емес, ол – Алла мен құл арасындағы тікелей байланыс. Құран оқыған сайын Алланың сөзі адам жүрегінде жаңғырады, оған нұр төгіледі, өмірі мәнге толады. Құранға бет бұру – құтылу, ескермеу – адасу. Сондықтан, әрбір мұсылман күнделікті Құран оқуға уақыт бөліп, бұл амалды жүрекпен сезініп орындауы қажет. Бұл – тек бүгіннің емес, мәңгілік өмірдің азығы. О дүниеде оқыған құраны адам кейіпінде көрініп, Алланың алдында оған араша түсіп, шапағатын тигізеді. Сол себепті, Құран оқуды арзан көріп, оған немқұрайлылық танытпау ақылдың ісі. 

Әлхәмдәлилләһи Раббиль аләмин! 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: