Ретсіздік өнімділікке қалай кері әсер етеді, және одан қалай арылуға болады?
Ретсіздік өнімділікке қалай кері әсер етеді, және одан қалай арылуға болады?
2 сағат бұрын 133
islam.kz

Жұмыс үстеліңізге көз салып қарадыңыз ба? Қазіргі ісіңізге мүлде қатысы жоқ, бірақ көзді ашып-жұмғанша үйіліп қалатын керексіз, бейберекет заттар қаншама? Үстеліңіз кең болса, "түк те етпейді" деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ мәселе бұдан әлдеқайда терең…

Ғалымдардың айтуынша, нақты бір іске қатысы жоқ заттар адамның жұмысқа деген нәтижелілігін күрт төмендетеді екен. Ал «мынау керек болып қалар», «ананы тастауға қимаймын» деген артық байлану ақыры ақылға сыймайтын деңгейге жетіп, тіпті өзге адамға деген ықыластан да басым болып кетеді. Мұны психологияда «Плюшкин синдромы» деп атайды.

Йель университетінде жүргізілген зерттеулерде таңғаларлық жайт анықталған: заттан айырылғандағы күйзеліс пен денедегі ауырсынуға жауап беретін ми бөлігі – бір аймақ екен. Эксперимент жасалып, нәтижесі мынадай болған: адамдарға бір-бір кесе ұстатып, кейін сол кеселерді аукционға қойған. Кесені қолында ұзақ ұстаған адам, оны соғұрлым қымбат бағаға сатып алуға дайын болған. Яғни, адам затқа тез эмоционалдық тұрғыда байланып қалады.

Ретсіздік пен жұмыс өнімділігі

Ретсіздік тек үстелде ғана емес, шкаф, бөлме, жалпы
бөлмеде болса да – адамның назарын шашыратып, жұмысқа деген қабілетін әлсіретеді. Бұл Принстон университетінің экспериментімен дәлелденген. Зерттеулер көрсеткендей, ретсіз орта тек өнімділікті төмендетіп қана қоймай, күйзеліс пен жүйке қысымына да алып келеді екен.

Ретсіздіктен қалай құтыламыз?

Көп адам: «Жалпы тазалық жасап тастау керек» дейді. Әрине, бұл
пайдалы. Көмектеседі. Бірақ уақытша ғана. Себебі ретсіздік – әдеттер мен мінездің салдары. Ендеше, салдардан емес, себептен құтылу керек.

Тәртіп орнатудың бірнеше кезеңдері

1. Плюшкиндік мінезден арылу

Өзіңізге шынымен керек заттардың нақты шегін белгілеңіз. Бұл тек киім-кешекке емес, телефондағы файлдарға, артық сақталған суреттерге, қажетсіз байланыстарға да қатысты.

2. Ақылды минимализм

Күнделікті қолданатын шкафта тек сол маусымға қажет киімдер ғана тұрсын. Қалғанын қоймаға немесе басқа қолайлы жерге жинап қойыңыз.

3. Әр заттың өз орны болсын

Бұл бәріне белгілі ереже. Бірақ оны ұсақ-түйекке дейін толық орындау керек. Қаламның да, дәптердің де, құжаттың да нақты орны болғаны жөн.

4. Тәртіпті әдетке айналдырыңыз

Тіс жуу, бет жуу секілді күнделікті дағды бар ғой – дәл сол сияқты тазалықты да әдетке айналдыру керек. Өз бөлмеңізде ғана емес, виртуалды әлемде де (телефон, компьютер) реттілікті орнатыңыз. Сонда іштей жеңілдеп, жұмыс істеуге деген ынтаңыз артады.

Ал «шығармашылық ретсіздік» ше?

Әр ереженің өз ерекшелігі болады. Кей адамдар үшін ретсіздік – керісінше, шығармашылықтың белгісі. Мысалы, әйгілі ғалым Алан Тьюрингтің үстелі үнемі қағазға толы болған. Ойына келгенін кез келген қағаз қиындысына жазып отырған. Ол үшін дәл сол ретсіздік – ойдың өнімділігінің кілті болған. Алайда мұндай адамдар өте сирек. Көпшілік адам тек тәртіп бар жерде ғана жақсы жұмыс істей алады.

Тазалық – иманның жартысы

Ал мұсылман адам үшін тазалықтың орны тіпті ерекше. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Тазалық – иманның жартысы» – деген.

Сондықтан реттілік пен тәртіп тек жұмыс үстелінде ғана емес, ойымызда да болғаны жөн.1


 

1Islam ru орыс тілінде, қазақшалаған islam kz

0 пікір