Беларусьтің Гродно облысындағы Ивье қаласында орналасқан Ивье мешіті – Шығыс Еуропадағы ислам тарихының сирек те құнды беттерінің бірі. Бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері сақталып келе жатқан бұл ғибадат орны – Беларусьтегі ең көне әрі бүгінгі күнге жеткен жалғыз ағаш мешіт саналады. Кеңес одағы кезінде жалғыз жұмыс істеген мешіт екен.
Ивье қаласындағы бұл мешіт 1882 жылы Ивье ауылының иесі графиня Эльвира Замойскаяның қаражатына салынған. Ол үшін губерниялық басқарманың құрылыс бөлімінде Муравщизна мешітінің жобасы жасалып, бекітілген. Бұл жоба қазіргі уақытта Литваның Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы.

planetabelarus.by
Жобаның қатаң талаптарына қарамастан, мешіт жергілікті ұсталардың дәстүрлі тәсілдерін қолдана отырып, жобадан едәуір ауытқулармен салынған екен. Бастапқыда ғимараттың қабырғалары мен төбелері тақтаймен қапталып, боялмаған болатын. 1922 жылы АҚШ-тағы татар эмигранттары жіберген 500 доллардың арқасында мешітке қосымша галерея салынып, биік шпильді мұнарасы тұрғызылды.

ivje.gov.by/ru/mechet-ru
Негізі 1882 жылы қаланған мешіт қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, осы өңірдің мұсылман қауымының имандылығын, адалдығын және ұлттық бірегейлігін сақтап қалған рухани символға айналды. Шағын қала болғанына қарамастан, Ивьедегі мешіт Беларусьтегі ең маңызды исламдық нысандардың бірі болып есептеледі. Шамамен 150 жыл бойы тоқтамай азан айтылып келе жатқан бұл мешіт ұрпақтар алмасса да, қоғам талай сынақты бастан өткерсе де, елдегі исламның беріктігін дәлелдейтін тірі тарих іспетті.

Қала халқы шамамен 6900 адамды құраса, олардың 600-ге жуығы – мұсылмандар. Сол жергілікті мұсылман қауымы мешітке ерекше қамқорлық танытып, оны өздерінің діни әрі әлеуметтік бірегейлігінің нышаны, атадан балаға жалғасқан мақтанышы деп біледі.

planetabelarus.by
Мешіттің бірегей ағаш архитектурасы Беларусьтің түкпір-түкпірінен келетін және шетелден келетін туристерді қызықтырады. Оның сәулеті жергілікті дәстүрлі стильді заманауи көркем элементтермен ұштастырып, ғимаратқа әрі қарапайым, әрі тартымды тарихи келбет береді. Ішінде ерлер мен әйелдерге арналған намаз бөлмелері үйлесімді орналасқан.
planetabelarus.by
Беларусь мұсылман діни қауымдастығының өкілі Шейх Әбу Бәкір Шабановичтің айтуынша, Ивье мешіті – жай ғана ғибадат орны емес, елдегі мұсылмандардың басты рухани орталықтарының бірі болып саналады. Оның сөзінше, жақын уақытта мешіт жанынан мәдениет және білім беру орталығы ашылып, жергілікті қауымдастықпен байланыс одан әрі нығая түспек.

Бұл мешіт мұсылман емес елдегі ислам мұрасын, мәдениетін және бірегейлігін сақтаудың үлгісі болып табылады. Оның ағаштан жасалғна қабырғалары мен қарапайым мұнарасы талай ұрпақтың үнсіздік пен тыныштықта намаз оқып, білім іздеп, дінін қорғап келген тарихынан сыр шертуде. Ивье мешіті – Ислам әлемінің солтүстігіндегі руханияттың мәңгілік айғағы болып қала бермек.

Пайдаланған дереккөздер:
- Әл-Әлука желісі (شبكة الألوكة).
- ivje.gov.by/ru/mechet-ru/
- ru.belarus.travel
- planetabelarus.by