Лейф Скетне (Leif Skjetne) – Швеция шіркеуінде отыз жыл бойы христиан дінінің насихатшысы болған танымал діни қызметкер. Оның өмірі күтпеген өзгеріске толы болды: жетпіс бес жасында Ислам дінін қабылдап, Ахмед есімін иеленіп, Мароккоға көшті. Бұл шешім - көпшілік үшін күтпеген жаңалық болса да, Скетне үшін ұзақ уақыт бойғы ішкі арпалыстар мен терең рухани ізденістерден кейін келген қадамы еді.
Лейф Скетненің христиандық ғұмыры Швециядағы түрлі приходтарда қызмет етумен өтті. Оның келушілер арасында рухани беделі зор болды. Дегенмен, уақыт өте келе ұстанған дінінің үйрететін сеніміне қатысты жүрегінде күмән ұялай бастады. Алайда, күмәнға қарамастан өзінің ресми қызметін атқара берді. Оның рухани күмәндарын шиеленістіре түскен оқиға – марокколық босқын Абдолла есімді жігітпен танысуы еді. Абдолла діни қызметкердің сеніміндегі олқылықтарды ашық айтып, Лейфті өз сенімі туралы терең ойлануға итермеледі.
Абдолла Скетненің діни тәжірибелеріне қатысты өткір, тікелей сұрақтар қойып, оның сенімінің шынайылығына күмән келтірді. Мысалы, ол: «Сіз жасандысыз», «Сіз тек шіркеуде ғана дұға етесіз әрі сол үшін ақы аласыз. Үйде ешқашан дұға етпейсіз», «Сіз Інжілді шіркеуден басқа жерде оқымайсыз» деген ащы сөздер айтқан. Бұл сөздер Скетнені өз сенімдерімен бетпе-бет келіп, оларды қайта саралауға мәжбүр етті: "Мен шынымен бұған сенемін бе?" деген сауалдар мазалай бастады. Скетне бұрыннан ішкі күмәндарды жасырып келген, ал Абдолланың сөздері Скетненің ішкі мазасыздығын қоздыра түсті.
Мұсылман Абдолланың қарапайым, бірақ терең сенімі мен діни практикасы (Құран оқуы, намаз оқуы, дұға етуі) Лейфтің кәсіби тұрғыда ғана дұға ететін өмір салтымен салыстырғанда, жер мен көктей еді. Ол өз қызметіндегі екіжүзділікті мойындап, іштей өзін «адамдарды адастырдым» деген ауыр айыптаумен бетпе-бет келді.
Десе де, Исламға бет бұру – бір күнде болған жағдай емес. 2016 жылы алғаш рет Рамазан айында ораза ұстап көрген ол, Ислам туралы кітаптарды зерттей бастады. Ол Хускварнадағы мешіт имамы Омармен танысып, Ислам дінін терең түсінуге кірісті. 2017 жылдың 7 желтоқсанында Лейф Скетне имам Омардың алдында тілін кәлимаға келтіріп, ресми түрде Ислам дінін қабылдап, Ахмед есімін алды. Бұл шешім оның өміріндегі түбегейлі бетбұрыс болды.
2018 жылы Ахмед Швециядағы бүкіл мүлкін сатып, Марокконың ежелгі Фес қаласына қоныс аударды. Оның бұл қадамға баруының екі себебі болды: біріншісі – Абдоллаға рухани және моральдық қолдау көрсету, екіншісі – қоғамның түсініспеушілігі мен сындарынан аулақ болу. Қазіргі уақытта Ахмед араб тілін үйреніп, қарапайым өмір салтын ұстанып, рухани тыныштықты тапқанын айтады.
Ахмедтің өмір жолы «Bekännelsen» («Исповедь») атты деректі фильмнің негізіне айналды. Фильм оның ішкі арпалыстарын, шешімдерінің салдарын ашық көрсетіп, қоғамда резонанс тудырды. Фильм арқылы Скетне өзінің екіжүзділік пен жалғандықтан құтылып, шынайы болмысымен өмір сүруге бет бұрғанын мойындады. Деректі фильм оның бұл шешімінің қаншалықты күрделі эмоционалдық және этикалық қиындықтарға толы болғанын айқын көрсетті.
Скетненің шешімі айналасындағылар үшін күтпеген жағдай болды. Бұрынғы христиан достары оны кері қайтаруға тырысты, алайда оның шешіміне құрметпен қарағандар да болды. Оның досы Пер Перссон теологиялық келіспеушілікке қарамастан, достық пен сыйластықтың өзгермегенін мәлімдеді.
Ахмед Скетненің Исламға жасаған рухани сапары – діни ізденістің жасқа да, қоғамдағы орынға да қарамайтындығының дәлелі. Оның бұл таңдауы сенімнің өзіндік болмысын көрсетіп, қоғамдағы діни түсініктерге жаңаша көзқарас әкелді.
islam.kz
Пайдаланған дереккөздер: мәліметтер шеттілді ашық интернет рессурстарынан алынды.