Ағылшынның атақты премьер-министрі Уинстон Черчилльді бәріміз қатал, темекісін аузынан тастамайтын саясаткер ретінде білеміз. Бірақ оның өмірінде туыстарын қатты шошытқан бір «құпиясы» болған. Кембридж тарихшысы Уоррен Доктердің айтуынша, Черчилльдің отбасы оны «Ислам дінін қабылдап қоя ма» деп кәдімгідей уайымдаған екен.
Бәрі неден басталды?
Бәрі Черчилльдің жас кезінде Суданда әскерде қызмет етуінен басталған. Сол жақта жүріп ол мұсылман әлеміне, олардың мәдениеті мен ержүректігіне кәдімгідей ғашық болып қалады. Тіпті, 1907 жылы леди Литтон деген танысына жазған хатында: «Шіркін, мені «паша» (Осман империясындағы жоғары шен) деп атаса ғой, сондай болғым келеді» деп ашық жазған.
Оның бұл қызығушылығы соншалықты, жақындарына біртүрлі көріне бастайды. Болашақ келіні Гвендолин Берти оған жазған хатында жанырадай райынан қайтаруға тырысқанын сезуге болады:
«Уинстон, өтінемін, Исламға өтіп кетпеші! Сенің бойыңнан Шығысқа, пашалардың өміріне деген бір бейімділік көріп жүрмін. Абайла, байқамай мұсылман болып кетуің әбден мүмкін», – деп қорқыпты.
Бұл жай ғана сөз емес еді. Черчилль сол кездегі белгілі шығыстанушы досы Уилфрид Блантпен бірге кәдімгі арабтардың шапанын киіп, солай киінгенді жаны сүйген. Екеуі Шығыс мәдениеті туралы сағаттап әңгіме айтады екен.
Әрине, Черчилль ресми түрде дінін ауыстырған жоқ. Тарихшылардың айтуынша, ол діндар адам болмаған, оған жай ғана Шығыстың салтанаты, еркіндігі мен «паша» деген атақ ұнаған. Бірақ мұсылман әлеміне деген құрметі өмір бойы сақталды. Тіпті, соғыс қызып жатқан тұста, яғни, 1940 жылы Лондонда үлкен мешіт салуға рұқсат беріп, қазынадан 100 мың фунт бөлуі — осы бір жастық шақтағы махаббатының белгісі болды ма, әлде оның мұсылман елдерімен одақтас болуға деген ниетінің көрінісі ме, оны оқырманның өзі шешсін.
мәлімет ашық ғаламтор рессурстарынан алынды.