Ориенталистердің жазбаларындағы Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны
Ориенталистердің жазбаларындағы Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны
2 ай бұрын 1984 islam.kz/

Пайғамбардың өмірбаянын «Сира» дейміз. Пайғамбар өмірбаяны ерте кезеннен бері ориенталистерді, яғни, батыс зерттеушілері мен шығыстанушыларының назарын аударған тақырып болды. Олар Ибн Хишамның сира кітабын және басқа да бірқатар «сира» кітаптары мен «мағази» (жорықтар) кітаптарын аударды, сондай-ақ олар Ислам Пайғамбарының өмірбаянына қатысты кітаптар жазды.

Солардың ішіндегі ең танымал ориенталистер:

Голдциер,

Монтгомери Уот,

Густав Лебон,

Стэнли Пол және т.б.

Ориенталистердің жазбаларының молдығы мен Пайғамбарға қатысты батыс ой-пікірінің қалыптасуына тигізген әсеріне қарай отырып, бұл мақалада біз екі зерттеушінің жазбаларына назар аударамыз. Олар: Стэнли Пол мен Монтгомери Уот, және олардың мысалында шығыстанушылық зерттеуінің танымдық жөннен және ақпарат жөнінен жіберген қателіктерімен қысқаша таныстырамыз.


Стэнли Полдың жазбаларындағы Пайғамбар өмірбаяны


Фото: islamonline.net

Британдық шығыстанушы Стэнли Пол ХХ ғасырдағы ең беделді зерттеушілердің бірі болды. Ол арабтар мен Ислам діні туралы көптеген еңбектер жазған адам, сонымен қатар ол Пайғамбарымыз Мұхаммедтің өмірбаянын талдап жазған зерттеу жариялағантын. Бұл зерттеу оның қайтыс болуынан жиырма жыл өткеннен соң 1956 жылы Islamic Review журналында жарық көрді.

Пол өзінің зерттеуінде алғашқы шығыстанушыларға қарағанда бейтараптылығымен ерекшеленеді, мысалы, Голдциер сияқты зерттеушілер Пайғамбардың бейнесін бұрмалап, оны эпилепсия мен тәнқұмарлыққа ұшырайтын адам ретінде сипаттаған болса, ал Стэнли Пол ол жөнінде «бейтараптық» пен өлшемді тәсілді ұстанған. Ол зерттеуін былай бастайды:

«Пайғамбар жауларымен жұмсақ қарым-қатынаста болған еді, өйткені ол Мединедегі еврейлер мен мұнафиқтардың айла-шарғыларына төзді, Меккеге қан төкпей кірді және онымен он сегіз жыл бойы соғысқан дұшпандарына кешірім беретіндігін жариялады, ал бұл күш қолдану оның табиғатына жат екендігін көрсетеді».

Стэнли Пол өз зерттеуінде шығыстанушылық жазбалардағы Пайғамбар бейнесіндегі стереотиптерге назар аударады. Ол зерттеулердегі пайғамбарға қатысты: тәнқұмарлық, Ислам қылышпен таралды, Алладан жіберілген пайғамбар емес деген сияқты айыптауларды талқылайды. Дегенмен, оның Пайғамбардың әділдігі мен жұмсақтығына қатысты және Исламға қатысты ынсапты болғанына қарамастан, Пол бұл тақырыптарды терең зерттемеген; ол шығыстанушылық стереотиптерді толық жоққа шығармай, тек асыра сілтеуді азайтқан деп айта аламыз.

Мысалы, «тәнқұмарлық мәселесінде» Пол былай дейді:

«Ыстық елдердегі ер адамдардың эмоциясы суық елдердегідей емес. Бірақ бұл Пайғамбардың тәнқұмар болғанын білдірмейді, өйткені оның тамағы қарапайым, төсек-жабдығы қарапайым және түнгі ғибадаттары оны монахтыққа ең жақын болғанын көрсетеді. Оның некелері кейде гуманитарлық себептермен, кейде саяси мақсаттармен, ал ең басты себеп — «өзінің жолын жалғастырушы бір ұл болса екен деген тілегі» үшін болған».

Ал Исламның қылыш арқылы таралуы мен Пайғамбардың күш қолдануға бейімділігі мәселесіне келетін болсақ, Пол бұл тақырыпты Томас Карлайлдің «Бастапқыда сөзіңді жаюың керек» деген пікірі арқылы талдайды. Бұл сөзді - пайғамбардың көптеген адамдардың жүрегін жаулап алғаннан соң, одан кейінгі кезеңдерде кейде күш қолдануға барған деп айтқысы келетіндігін түсінуге болады. Дегенмен, Пол Исламның ғасырлар бойы кең таралып келгендігінің нақты себебін түсіндіре алмайды. Ол Ислам кірген елдерден ешқайда кетпегенін атап өтеді (тек зорлықпен қуылған Испанияны қоспағанда). Оның түсіндірмесі тек қана мынадай: «Бұл дінде бір сыр бар - оның тұрақтылығының, бірізділігінің және жер бетіндегі едәуір халыққа әсер етуінің сыры бар». Алайда ол бұл «сырдың» мәнін нақтыламайды және оны тікелей Ислам сенімімен байланыстырмайды.

Ал пайғамбарлық мәселесіне келер болсақ, Пол бұл тұрғыда бұрынғы шығыстанушылардың пікірінен ерекшеленбейді. Ол Мұхаммед пайғамбар өз жүрегінде Алладан жіберілген елші екеніне берік сенген деп есептейді. Оның Құдайға қатысты түсінігі уахи арқылы келген емес, оның жеке қабылдауы болған; оның құдай түсінігі әрдайым Семит халықтарының ақылдары қабылдай алатын – Құдай бәрін жасай алады, әр нәрсені біледі және адамдарға әділетсіздік жасамайтын қасиетке ие деген сияқты тезістердің шеңберінде болды, ал Құдайдың күші – оның ең негізгі қасиеттерінің бірі, бірақ бұл күш әрдайым мейірім мен кешіріммен бірге жүреді. Осындай Құдай түсінігімен Мұхаммед «Шығыстағы барлық дінді ұстанушыларға сай бірегей тәуелсіздік формасын» жасай алды деп сипаттайды Пол. Ал христиандар болса шығыста үстемдік құра алмады, себебі олардың «үштік құдай» түсініктері бұл мүмкіндікті шектеді.


Монтгомери Уоттың жазбаларындағы Пайғамбар өмірбаяны


Фото: islamonline.net

Британдық зерттеуші Монтгомери Уот Пайғамбар өмірбаянын «Мұхаммед Меккеде» және «Мұхаммед Мединада» деген екі томында зерттеген. Ол бұл еңбектерінде кеңінен көзқарастар ұсынды, ол тек Батыста ғана емес, Шығыста да бағаланды; оның кітаптары бірнеше рет араб тіліне аударылды.

«Мұхаммед Меккеде» кітабында Монтгомери Уот пайғамбар өмірбаянын жазудағы өз тәсілін атап, оны негізінен тарихшыларға бағытталған деп көрсетеді. Ол Ислам мен христиандық арасындағы даулы мәселелерде бейтарап қалатынын және тарихи зерттеу ережелерін ұстанатынын, бірақ Исламның негізгі қағидаларын жоққа шығармайтынын айтты. Әйтсе де, Абдулла ан-Наим «Пайғамбардың өмірбаянындағы ориентализм» атты еңбегінде Уоттың әдіс-тәсіліндегі қосымша өзгешеліктерді анықтап жазады. Олар келесідегідей:

1. Әсер мен ықпал әдісі – бұл әдіс бойынша, Исламның Араб түбегіндегі діни бағыттардан әсер алғаны қарастырылады. Оның ойынша, бұл Уарақа ибн Науфал мен еврей монахі Бахира арқылы болған. Осы әсер мұсылмандардың құлшылық жасарда Құдыс қаласына қарай бет бұруларында, Ашура күнін ораза ұстауларында, жұма намазында, сондай-ақ «кітап иелерінің» тағамын халал деп санауда көрініс табады. Уоттың бұл пікір кейбір шығыстанушыларды Исламның еврейлік пен христиандықтың қоспасынан пайда болды деп қарауға итермеледі және «Пайғамбар Исламды бұрынғы діндерге ұқсас түрде қалыптастырды» деген пайымға әкелді.

2. Пайғамбарлық пен пайғамбарлық ғажайыптарды материалдық тұрғыдан түсіндіру – бұл Монтгомери Уоттың әдіс-тәсілінің тағы бір ерекшелігі. Оның бұл әдісін өзге көптеген ориенталист, шығыстанушылар да қолдайды. Ол Пайғамбардың кеудесін жарып тазалау оқиғасына қатысты былай деген: «Діни сипаттағы көптеген әңгімелер бар, оларды секулярлық тарихшы тұрғысынан шынайы деп айту мүмкін емес».

М. Уот Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығын тарихи факт емес, тек оның қиялының жемісі деп қарастырады және Джибрил періштенің уахи түсіргенін жоққа шығарады. Ол Мұхаммедтің шыншылдығына сену Құранның Құдайдан түскенін білдірмейтінін айтады және пайғамбарға келген рухани шабыттың көзі ретінде «қоғамдық бейсананы» көрсетеді, бұндай сана барлық діндерге ортақ қайнаркөз деп санайды ол. Сөзінің соңында, Пайғамбарымыз (с.а.у) «шығармашылық қиялды терең игерген тұлға» ретінде сипатталып, адамзат болмысына қатысты маңызды ойларды дүниеге әкеле алған адам ретінде таныстырады.

3. Жеңістер мен жаулап алуларды экономикалық тұрғыдан түсіндіру – Монтгомери Уотқа Исламның жаулап алу қозғалысын экономикалық факторларға негіздеп түсіндіреді. Уоттың пайымынша, бұл қозғалыс пайғамбарлық дәуірде туындаған экономикалық қиындыққа жауап ретінде басталды: тайпалық соғыстар тоқтағаннан кейін халық саны артты, сондықтан энергияны бағыттайтын және қаржылық ресурстар әкелетін жол табу қажет болды. Сол себепті мұсылмандар пайғамбарлық дәуірден бастап экономикалық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында сыртқы жаулап алу қозғалысына шықты деп Ислам тарихының көзқарасы бойынша жаңсақ пікірді жаяды Уот.

Қорытынды:

Стэнли Пол мен Монтгомери Уоттың зерттеулері негізінде айтқанда, ориенталистердің Пайғамбар өмірбаянын түсіндіру тәсілі мынадай кемшіліктермен білінеді:

  • Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығын жоққа шығару және уахи құбылысын мойындамау;

  • Ислам дініне еврей және христиан діндерінің әсерін атап көрсету, Исламның өзіндік ерекшелігін жоққа шығару;

  • Пайғамбар өмірін материалдық, саяси және экономикалық тұрғыдан талдау;

  • Пайғамбар өмірбаянының әлеуметтік, білім беру және рухани-идеялық реформаларды елеусіз қалдыру.1


1Islamonline net/ "Шығыстанушылардың жазбаларындағы Пайғамбар өмірбаяны" (араб тілінде). 

 

0 пікір