Қазақстанда христиан дінінің таралуы
Қазақстанда христиан дінінің таралуы
8 ай бұрын 2845 ikaz.info/

Қазақстандағы православие шіркеуі, католицизм, протестантизм

Христиандықтың Қазақстан аумағына таралуы XVIII-XIX ғасырлар шамасына келеді. Бұл патша өкіметінің тұрғын халықты өздерінің ата-қонысынан ығыстырып, орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру, яғни Қазақстанды отарландыру саясатымен байланысты болды.

Патша өкіметі XIX ғасырдың орта тұсына дейін жергілікті халықты бағыныштылықта ұстауда ислам дін басыларын пайдалануға ұмтылды. Осы мақсатпен орыстардың иіріле қоныстанған жерлерінде шіркеулер салумен, елді христиандыққа астыртын бейімдеумен қатар, мешіт құрылыстарына, исламды насихаттауға айтарлықтай мүмкіндіктер берілді. Бірақ, ислам патша ағзамның үмітін ақтамады.

Керісінше, XIX ғасырдың ортасына қарай исламның кейбір көріністері патша әкімшілігінің елеулі алаңдаушылығын туғызды. Осыдан кейін ол исламға иек сүйеу саясатынан бас тартып, православие шіркеулерін орнықтыруға біржола бағыт алды. 1869 жылы Москвада арнайы ұйым — миссионерлік қоғамы құрылды. Оның алдына «жабайы халықтарды христиан дініне көшіру» міндеті қойылды.

Үкімет православие діншілдері арасында өзге дінді насихаттаушыларды қамалға жауып, жазалау туралы қаулы алды. Ал жергілікті халықтың православие дінін қабылдауына барынша қолдау жасалып, мадақталып отырды. Үкімет өз аппаратынан жергілікті жерлердегі діннің ахуалы, православиенің таралуы туралы үнемі есеп талап етіп отырды. Осы шаралар жэне ХІХ-ХХ ғасырларда Ресейдің терең түкпірлерінен орыс шаруаларының көптеп келе бастауы, Қазақстанда православиенің берік ірге тебуіне әкелді. Бірақ, патша өкіметі дәмеленгендей, ол әсте жергілікті халықтардың православиені қабылдауы есебінен нығайған жоқ. Жергілікті халық өз дінін сақтап қалды.

Бүгінде Қазақстанда ар-ождан бостандығы жарияланған. Барлық діндер үшін жағдайлар жасалған. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Осының нәтижесінде православие республикада одан әрі тамырлана түсті. Қазақстан егемендік алғанға дейін мұнда православие шіркеуінің 60 приходы болса, қазір оның саны 210-нан асып түсті, 8 монастырь жұмыс жасайды.

Алматы қаласында Қазақстан епархияларының приходтары үшін пастырьлар мен псаломшылар даярлайтын дін училищесі (семинария) ашылды. Онымен қоса, жыл сайын бірнеше адам Москваның діни семинариясына жолдама алады. Ірі діни бірлестіктер жанынан шіркеу мектептері ашылуда. Айына бір рет «Свет православия в Казахстане» және «Веды» газеттері шығады.

Қазақстандағы православие шіркеуі. Орыс православие шіркеуі Қазақстан аумағында XIX ғасырдың ортасында пайда болды. Дала өңірін әкімшілік және шаруашылық-экономикалық меңгеруіне қарай христиандық біртіндеп тарады. Дала өңірінде әскери форпостпен қатар біртіндеп казак станицалары мен крестьяндық қоныстар пайда бола бастады. Бастапқыда Батыс Сібір мен Орынбор өңірінде пайда болды.

Орта Азиядағы алғашқы тұрақты православиелік шіркеу 1847 жылы Сырдария облысының Раим бекінісінде тұрғызылды. Үш жылдан кейін, 1850 жылы алғашқы ғибадатхана салынды. 1871 жылы Қасиетті Синодтың жарлығымен, Ресей императорының бекітуімен Түркістандық епархия құрылды. Түркістандағы православиенің орталығы Верный қаласы болды.

XIX ғасырдың 70-80 жылдары Түркістан өлкесінде белсенді түрде жаңа приходтар ашылып, тұрақты шіркеулер салына бастады. Жетісуда шіркеулер салу, жаңа приходтарды ашу қарқынмен басталды. Архитектор Андрей Павлович Зенковтың жобасы бойынша Верный қаласында 1907 жылы Вознесенский Кафедралды соборының құрылуы Қазақстандағы шіркеу сәулетшілігінің шыңы болып табылды. Бұл собор бүгінде Астаналық, Алматылық епархиялардың кафедралды шіркеуі болып табылады.

1917 жылы қазан айында мемлекет тарихында ғана емес, Православие шіркеуінің тарихында да жаңа дәуір басталды. Қазақстанда шіркеуді қудалау кеңестік биліктің орнауынан кейін бірден басталды. Және алғашқы жазалау (репрессия) жергілікті дінбасыларына тиді.

Оның артынан жалғасқан 20-жылдардың аяғы, 30-жылдардың басындағы репрессияның жаңа толқыны Қазақстанда Орыс Православие Шіркеуінің діни қызметкерлерін жаппай жер аударудан басталды. Бұл кезең «коллективтендіру» үрдісінің басталуымен сәйкес келді. Сөйтіп, қазақ ауылдары мен жер ауып келген орыстардың крестьяндық шаруалықтарын қирату басталды. Бұл саясат халықты аштыққа, қырғынға апарып соқтырды.

Жаһандық соғыс дінге деген көзқарасты өзгертті. Православие Шіркеуінің тарихында жаңа кезең басталды, Қазақстанда қайтадан шіркеулер ашыла бастады. 1945 жылы Алматыда митрополит Николайдың (Могилевский) жетекшілігімен дербес Алматылық және Қазақстандық епархия құрылды. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы діншілдер тәртібінде жаңа бетбұрысты кезең 1987-1988 жылдар аралығында болды, бұл жылдары айтулы мерейтой — Русь христиан дінінің 1000 жылдығы тойланды.

Русь христиан дінінің 1000 жылдығын Алматы қаласында мерекелеу 1988 жылдың тамыз айында өтті. Мерейтой салтанатына ресейлік иерархтар, Қазақстан дінбасылары, билік өкілдері және көптеген қазақстандық діншілдер қатысты.

Орыс Православие Шіркеуінің тәуелсіздік алған кезінен бастап көптеген православиелік жәдігерлер, оның ішінде бұрын тартып алынған шіркеулер де қайтарылды. Бұдан басқа, діни бірлестіктерге жаңа шіркеулер құрылысына арналған жер телімдері өтеусіз түрде берілді.

1991 жылдың 31 қаңтарында Алматы және Қазақстандық епархия үш дербес епархияларға бөлінді: Алматы және Семейлік, Орал және Атыраулық, Шымкенттік және Ақмолалық. Қазақстандағы үш епархиялық митрополит округінің басшысы, Астана және Алматының митрополиті Мефодий (Немцов).

Алматы қаласында екі жылдық (2002 жылдан бастап — төрт жылдық) діни училище ашылды. Бұл училище Қазақстанның православиелік шіркеуі үшін діни қызметкерлер дайындалда. 1995 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешімімен Орыс Православие Шіркеуіне Вознесенский кафедралды соборы тапсырылды, бұл собор 1929 жылы жабылған еді.

Алматы қаласында 1993 жылдан бастап епархиалды баспа мекеме — «Свет Православия в Казахстане» газеті шыға бастады. 2000 жылдан бастап «Лучик» балалар газеті шыға бастады. Әрбір епархияның өзінің мерзімдік басылымдары — газет немесе журналы бар. Радио және телебағдарламалары жүргізіледі. Соңғы елужылдықта монахтық өмір жандануда, көптеген ерлер және әйелдер монастырьлары ашылуда.

Қазақстандағы католиктік. Қазақстанда бірінші католик миссионерлері XIII ғасырда пайда болды. Мәселен, Ватиканның тапсыруымен монғол хандарына барған Рубруктің сапары белгілі. Бірақ католик қауымдары Қазақстанға поляктардың жаппай жер аударылуы және немістердің қоныстана бастауымен байланысты XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында ғана құрылды. Католик приходтары шағын болды.

Революциядан соң католик дін басылары қуғынға түсті, діншілдер репрессияға ұшырады, костелдер жабылды. Репрессия жылдарында, екінші Дүниежүзілік соғыс тұсында Батыстан немістер, поляктар, литвандар көптеп жер аударылды. Бірақ олардың қауым құруына, костелдер салуына тыйым салынды. Сондықтан олар құлшылықтарын құпия жасады. 1977 жылы ғана Қарағанды қаласында католиктердің тұңғыш қауымы тіркелді.

Қазақстан Республикасы мен Әулие Престол арасында 1992 жылдың қазан айында дипломатиялық қатынастар орнатылды. 1998 жылдың қыркүйек айында Рим Папасы Иоанн Павел II мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Өкіметі мен Әулие Престол арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Келісімге» қол қойды.

Қазір Қазақстанда 250-ге жуық приходтар бар. Онда үш епископ, 60-тан аса священниктер және 70 монах әйелдер жұмыс істейді. Республикада 40-қа жуық католик шіркеулері, 200 шіркеулер мен ғибадатханалар бар. 1998-жылы бірінші католиктік Жоғары діни семинария құрылды. Қарағандыда Рим-католиктік Әкімшілік ай сайынғы «Кредо» газетін шығарады.

Қазақстандағы протестанттық. Протестантизм қазақ даласына Ресейдің отарлық армиясы сапындағы неміс лютерандарымен бірге келді. Одан кейін XIX ғасырдың 80-жылдарында меннониттердің жаппай көшіп қонуы басталды. Столыпин реформасы бұл процесті жеделдете түсті. Далалық өлкеге қоныс аударушылардың көпшілігі лютерандар, меннониттер, баптистер, т.б. болды. Католиктік Кеңестік кезеңде немістер мен поляктарды күштеп жер аударуға байланысты күрт белең алды.

Қазақстандағы протестанттық әртекті болып табылады. Елімізде мыңнан астам протестанттық бірлестіктер жұмыс жасайды. Жыл сайын жаңа бағыттары пайда болуда. Қазақстанда көптеген онжылдықтар бойы болған негізгі құрамдас конфессиялар — бұл баптистер, лютерандар, пятидесятниктер, жетінші күн адвентистері. Соңғы жылдары шетелде қүрылған көптеген харизматикалық және оларға жақын жаңа құрылымдар пайда болды.

Қазақстанның барлық протестанттық бірлестіктеріне тэн нэрсе, бүл шетелдегі діндестермен және елден кеткен азаматтармен тығыз байланысы. Қазіргі Қазақстандағы протестанттықтағы жаңа құбылыс, бұл дінаралық жалпы мүддені бекіту үрдісі. 1999 жылы осы мақсатта Қазақстан діни бірлестіктері Ассоциациясы (ҚДБА) құрылды. Бұл Ассоциацияның басты міндеті, Жарғыда тіркелген ереже бойынша, діни бірлестіктердің мүдделері мен құқықтарын қорғау болып табылады.

Евангелистік-лютерандық шіркеу Қазақстанда өз позициясын сақтап қалуға тырысуда. Мәліметтерге қарағанда алғашқы лютерандықтар біздің елімізге XIX ғасырда келе бастаған. Бұл дінді ұстанушылардың қатары өткен ғасырдың ортасындағы Қазақстанға өзге халықтарды күштеп қоныстандыру кезінде айтарлықтай өсті. Алғашқы лютерандық қауым шіркеуі Ақмолада (қазіргі Астана) 1955 жылы тіркелді. Қазақстандағы Евангелистік-лютерандық шіркеудің епископы Юрий Новгородов төрт рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің делегаты болды.

Профессор, доктор Ғарифолла Есім,
«Зайырлылық және дінтану негіздері».

0 пікір