Көпшілік қазіргі Үндістанды индуизмнің ғасырлар бойы үстемдік құрған мекені ретінде қабылдайды. Алайда бұл елдің тарихына тереңірек үңілсек, бақандай сегіз ғасыр бойы мұсылмандардың билигінде болғанын көреміз. Әрідесе, Ислам үнді жерінде жай ғана таралып қоймаған, ол мемлекеттік деңгейде өркениет, ғылым, сәулет пен әділетті басқару үлгісін қалыптастырған дәуір болғанын көрсетеді. Ислам билігі бүкіл Үнді субконтинентін қамтыған кезде, ол жерде ғылым, өнер және әдебиеттің гүлденген өркениеті қалыптасты. Арадан сегіз ғасыр өтіп, XIX ғасырда Үндістандағы ислам билігі құлағанымен, мұсылмандар өздерінің артында дін, тіл, сәулет, өнер, ғылым және әдебиетке қатысты айтарлықтай бай мәдени мұра қалдырып кетті.
Исламмен алғашқы танысу
Үндістандықтар исламмен алғаш рет VII (7) ғасырдың бірінші жартысынан бастап Үндістанның оңтүстік жағалауларына келген мұсылман саудагерлер арқылы таныса бастады. Мұсылмандар саудамен қатар мешіттер салып, жергілікті халық арасында исламды жайды. Әсіресе Синд, Малабар және Цейлон (қазіргі Шри-Ланка) аралдары мұсылманшылықтың алғашқы мекеніне айналды.
Алғашқы жорықтар
Умәйят халифалығы кезінде Үндістанға алғашқы әскери жорықтар ұйымдастырылды. Оған түрткі болған, Синд патшасының қолдауымен мұсылман кемелеріне шабуыл жасаған қарақшылар болды. Қарақшылардың мұсылман кемелеріне шабуылына жауап ретінде Ирак әкімі Хаджадж ибн Юсуф ас-Сақафи жорық ұйымдастырды. 711 жылы оның жиені Мұхаммед ибн әл-Қасым Дибулдан бастап, Синдтің бірқатар қалаларын бағындырды және Пенджабтағы Мултанды басып алды. Алайда, Мұхаммед ибн әл-Қасымның қолбасшылық қызметінен босатылуына байланысты алғашқыда Умәйят халифаты кезіндегі, одан кейіннен Аббасидтер дәуіріндегі Үндістанды жаулап алу компаниясы тоқтап, тек Синд аймағы ғана Ислам мемлекетінің бақылауында қалды.
Одан көп ұзамай мұсылман өкіметінің әлсіреуіне байланысты Синд ауданы халифаттан бөлінді. Сол кезде екі мұсылман әмірлігі құрылды:
• Солтүстікте билік құрған Араб мемлекеті (712 және 1010 жылдар аралығы). Астанасы - Мултан.
• Оңтүстігінде Хаббария мемлекеті (854 және 1025 жылдар аралығы) билік құрды. Астанасы - Мансура (Хайдарабад).
Жаулап алулар тоқтағанына қарамастан, исламның таралуы – дағуатшылар, сауда қарым-қатынастары және кейбір халифалардың шақырулары арқасында жалғасты. Оған бірқатар үнді әмірлері мен билеушілері жауап беріп, исламды қабылдады, олардың артынан көптеген азаматтар дінге кіріп жатты.
Ғазнауи және Ғури мемлекеттері
Орталығы Ауғаныстан жерінде орналасқан Түркі тайпаларынан шыққан Ғазнауиліктер Үндістанның солтүстік аймақтарына шабуылдар жасады. Оның негізін қалаушы Субуктигиннен кейін, ұлы Махмұд Ғазнауи билікке келгенде шабуылдар одан қатты күшейді. Махмұд Ғазнауи 1001 жылы Пенджабты басып алды, 1010 жылы Мултандағы шииттік мемлекетті жойды, 1016 жылы Каннаудты басып алып, 1025 жылы Хаббария мемлекетін құлатты. Махмуд Ғазнауи Үндістанның көп бөлігіне исламды таратып, пұтқа табынушылықты жоюға тырысты. Одан кейін оның мұрагерлері одан әрі кеңеюді жалғастыруға тырысқанымен, өзара бәсекелестік себепті Ғазнауи мемлекеті іштей әлсіреп, ақыр-соңында 1171 жылы құлап тыңды.
Ғури мемлекеті
Ғури мемлекеті (ауған мұсылман патшалықтарының бірі) Ғазнауилердің орнына келді. Ол 1174 жылы Мултанды, кейін бүкіл Пенджаб пен Синдті басып алып, Үндістандағы орталығын Лахорға орналастырды. Кейіннен 1192 жылы Чандавар шайқасында индустар ауыр жеңіліске ұшырағаннан кейін Ғурилар Бенаресті (Шығыс Үндістан) қосып алды. 1193 жылы Делиді басып алады да, оны астанаға айналдырады.
Ғурилердің жаулап алулары шығысқа, Бенгалияға қарай кеңейді. Олар Бенгалияға кіріп, 1197 жылы оның астанасы Надияны басып алды. 1202 жылы бүкіл Солтүстік Үндістан Ғурилердің бақылауына өтіп, елдің шығысындағы Бихар аймағын да басып алады.
Шахаб әд-Дин Ғури Үндістандағы ислам билігін нығайтуға және Исламның іргесін бекемдеуге тырысты. Ол әділеттілік қағидаларын орнатып, халық арасында ислам сенімін таратуға және білімге қамқорлық жасауға әрекет етті. Алайда, 1206 жылы ол кісі қолынан қаза тауып, таққа таласушылық белең алуы себепті, ішкі дудараздық өршіп, Ғурилер мемлекетті әлсірейді. Соның салдарынан 1215 жылы құлайды.
Дели сұлтандығы
Шахаб әд-Дин Ғури қайтыс болғаннан кейін оның мәмлүктерінің бірі Құтб әд-Дин Айбек билікті қолына алып, үш ғасырдан астам өмір сүретін "Дели сұлтандығын" құрды. Бұл сұлтандықта түрік және ауған текті бес династия бірінен соң бірі билік етті. Олар – Мәмлүктер, Халджилер, Туғлықтар, Сайидтер және Лодилер. Дели сұлтандығы - Делиден оңтүстікке Лахорға дейін, Гуджараттан батысқа Бенгалияға дейін созылды.
Мәмлүк мемлекеті (1206-1290 жж.)
Құтб әд-Дин билік құрып тұрған кезінде елде бірқатар реформалар жүргізілді, халыққа жақсылық жасалды, мектептер салынып, әйгілі «Құтб» мұнарасы бар Делидегі үлкен мешіт тұрғызылды. Көп ұзамай 1210 жылы Құтб әд-Дин қайтыс болды.
Одан кейін оның ұлы Арам Шах билікке келді, бірақ ол ел басқаруға қабілетсіз болды. Сондықтан Шамс әд-Дин Илтутмиш одан билікті тартып алып, 1211 жылы сұлтандық тағына отырды. Илтутмиш ел ішіндегі көтерілістерді басып, моңғолдарға қарсы тұрып, елді ширек ғасырдай басқарды. Илтутмиш Үндістандағы Мәмлүк мемлекетінің нағыз негізін қалаушы болып саналады. Алайда, ол қайтыс болғаннан кейін мәмлүктер билігі әлсіреп, 1266 жылы билік Ғияс әд-Дин Балбан әулетіне өтті. Балбан 20 жылдан астам билік еткен қабілетті билеуші болды. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін 3 жыл өтіп, Мәмлүктер билігі тоқтайды.
Халджи мемлекеті (1290-1321 жж.)
Мәмлүктердің ішкі келіспеушіліктері кезінде Жалал әд-Дин Фируз Шах Халджи билікті 1290 жылы өз қолына алып, Халджи мемлекетін құрды. Ол көтерілістерді басып, моңғол шабуылдарына тойтарыс берді.
1296 жылы оны жиені Алауддин Халджи өлтіріп, билікке келді. Алауддин моңғолдарды жеңіп, мемлекетті едәуір кеңейтті. Алауддин билік басында болғанда, Орталық Үндістанды, Гуджарат, Читтор, Телангана және Декан аймақтарын басып алды. Ол 84 шайқаста жеңіске жетіп, "Екінші Александр" атанды.
Алауддин Халджи нарықтағы бағаларды реттеп, қымбатшылықты жойып, алкоголь мен есірткіге тыйым салды. Онымен қатайр, дұшпандарына қатаң болды. 1317 жылы Алауддин қайтыс болған соң елде бүліктер белең береді. 1321 жылы Лахор билеушісі Ғияс әд-Дин Туғлық Делиге кіріп, соңғы Халджи билеушісі Құтб әд-Дин Мубарактың билігін құлатады.
Туғлық мемлекеті (1321-1414 жж.)
Ғияс әд-Дин Туғлық «Тұғлық» мемлекетін құрғанымен, көп ұзамай 1325 жылы өзінің ұлының қолынан қаза табады. Әкесін өлтіріп, таққа отырған Мұхаммед Туғлық 25 жылдан астам билік құрады. Ол қабілетті қолбасшы болғанымен, өте қатыгез болды, сондықтан мемлекет ыдырай бастады. Көптеген провинциялар бөлініп шығып, оңтүстіктегі Бахмани мемлекеті (1347 ж.) өз алдына тәуелсіздігін жариялайды.
Одан кейін билікке келген немере інісі Фируз Шах (1351 ж.) әділетсіздікті жойып, исламды таратуға, құрылыс пен мәдениетті дамытуға күш салды. Ол мектептер мен ауруханалар тұрғызып, сарайлар мен көпірлер салып, арықтар мен каналдар қаздырды. Алайда, 1374 жылы Фируз Шах қайтыс болады. Оның артынша ішкі қақтығыстар мен бөлінушілік қозғалыстары мемлекетті әлсіретеді. Соның нәтижесінде, Гуджарат пен Малва сияқты аймақтар тәуелсіздікке қауышады. Моңғолдардың Делиге шабуылынан кейін Туғлық мемлекеті толығымен құлайды.
Дели сұлтандығының құлауы және Моғол мемлекетінің құрылуы
Туғлық мемлекетін Лахор билеушілері жойып, 1414 жылы Делиді басып алды. Содан кейін Сайидтер династиясы 37 жылдай билік етті, бірақ бұл кезеңде бүліктер мен ішкі қақтығыстар көп болды, көптеген әмірліктер өз алдына тәуелсіздігін жариялады.
1451 жылы билікке Лоди әулеті келді. Олардың кезінде Дели сұлтандығы өз орнын қалпына келтіріп, Джонпурды қайта қосып, Бенгалияға дейін кеңейді. Алайда, олардың 75 жылдық билігінің соңғы онжылдығында мемлекет қайтадан әлсіреп, 1526 жылы моңғолдардың шапқыншылығынан құлады.
Моғол мемлекеті (1526-1857 жж.)
1526 жылы Захир әд-Дин Мұхаммед Бабурдың басшылығымен Делиде Моғол мемлекеті құрылады. Ол (моғол мемлекеті) Үндістандағы ең ірі және ең қуатты әрі өте ықпалды ислам империяларының бірі болды. Моғол мемлекетінің билігі 3 ғасырдан астам уақытқа созылып, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Ауғанстан және Мьянманың біраз бөліктерін өзіне қамтыды.
Жалал әд-Дин Акбар ең қуатты Моғол сұлтандарының бірі болды. Ол 50 жыл билік етіп, патшалықты кеңейтті, оған Ауғанстанмен қатар Солтүстік Үндістан кірді және Орталық Үндістанның көп бөлігі кірді. Акбар басқа дін өкілдерін өзіне тарту үшін "Дин-и Илахи" деп аталатын жаңа дін құрды. Оның кезінде Үндістанда еуропалықтардың амбициялары пайда бола бастады, сол кезде Британдық Ост-Инд компаниясы құрылды, оған кейбір жеңілдіктер берілді.
Оның ұлы Жахангир (1605-1627 жж.) әкесінің діни идеяларын жойып, елді тұрақтандырды. Кейіннен оның ұлы Шах Жахан таққа келіп, оның кезеңі мемлекет үшін қаржылық гүлдену дәуірі болды. Өнер мен сәулет өнері өркендеді. Осы кезеңде сәулет өнерінің шарықтау шегіне жеткендігін көрсетер «Тәж-Махал» салынды.
Аурангзеб ұлы сұлтандардың соңғысы болды. Ол 50 жылдан астам билік етіп, жаулап алуларын жалғастырды, Аракан, Джанкам, Тибет, Оңтүстік Үндістанды басып алды. Ол көтерілістерді басып, діннің тіректерін нығайтты, мешіттер, ауруханалар салды.
1707 жылы Аурангзеб қайтыс болғаннан кейін, Моғол мемлекеті ішкі соғыстар, таққа талас және бөлінушілік қозғалыстар салдарынан құлдырай бастады. Иран патшасы Надир Шахтың және Ауғандық Ахмед Шах Дурранидің шабуылдары мемлекетке қатты соққы берді. Сонымен қатар, еуропалық компаниялардың ықпалы күшейіп, олардың әскери және экономикалық күші артып, Үндістанды бақылауға ала бастады. Ағылшындар сұлтандарды бақылап, оларды өздерінің мүдделеріне пайдаланды.
1857 жылы соңғы Моғол билеушісі Бахадур Шах II құлағаннан кейін Үндістандағы ислам билігі толығымен аяқталды.
1857 жылғы көтеріліс және соңғы мұсылман сұлтаны Бахадур Шах ІІ
1857 жылы ағылшын отаршылдығына қарсы үнді халқы көтерілді. Осы көтерілісте мұсылман және үнді ғалымдары жихад жариялап, ағылшын отаршылдарына қарсы бірікті. Көтерілістің рухани көсемі ретінде соңғы моғол сұлтаны — 82 жастағы Мұхаммед Бахадур Шах II танылды.
Бірақ көтеріліс ағылшындар тарапынан аяусыз бастырылып, сұлтанның ұлдары көз алдында өлтірілді. Өзі Бирмаға жер аударылып, 1862 жылы бөтен жерде дүние салды. Осылайша, Үндістан жерінде шарықтаған сегіз ғасырлық мұсылман билігі аяқталды.
Өркениеттің әсері
Мұсылман билігінің 8 ғасырлық тарихы Үндістанның мәдениетіне, әсіресе әкімшілік жүйеге, дінге, тілге, сәулетке, өнерге және ғылымға айтарлықтай із қалдырды.
Ислам діні Үндістан халқының айтарлықтай бөлігіне тарады. 2011 жылғы мәліметтер бойынша, 172 миллион мұсылман тұрғын бар, бұл халықтың 14.2%-ын құрайды. Исламның бірқұдайшылық ілімі үнділер арасында бірқұдайшылық ойлардың дамуына әсер етті. Ислам ғалымдары мен сопылық қозғалыстар діннің таралуына үлкен үлес қосты. Мұсылман билеушілері пұтқа табынушылық көріністерін жойғанымен, халықты исламды қабылдауға мәжбүрлеген жоқ.
Тіл саласында ислам билігінің арқасында араб тілінің әсерімен "урду тілі" пайда болды. Бұл тіл қазір Үндістанда ресми тілдердің бірі болып табылады.
Сәулет және өнер саласында мұсылмандар ғимараттар, сарайлар, қамалдар, мешіттер мен кесенелер түрінде таңғажайып мұра қалдырды. Олардың сәулеттік стилі геометриялық пішіндер мен араб каллиграфиясына негізделген. Мысалы, "Тәж-Махал" кешені әлемдік сәулет өнерінің ең үздік үлгілерінің бірі болып саналады. Мұсылмандар жолдар салып, арықтар қазып, көпірлер тұрғызып, бақшаларды дамытты (Моғол бақтары Кашмирде әлі де бар). Олар сурет, кескіндеме және музыка өнерін де дамытып, жаңа музыкалық аспаптар мен ноталарды ойлап тапты.
Ғылым, білім және әдебиет салаларында да мұсылмандар мектептер, ғылыми институттар, кітапханалар және обсерваториялар салды. Олар аударма ісіне ынталандырып, көптеген ғылыми және әдеби шығармалар жазып қалдырды.
Басқару жүйелерінде мұсылмандар әкімшілік заңдарды жетілдірді. Моғолдар кезіндегі билік дін мен нәсілге қарамастан ұлттық бірлікке негізделген еді. Олар қарттар мен науқастарды мемлекеттің қарауына алу сияқты прогрессивті заңдар қабылдады. Қаржылық жүйелер, салық заңдары және сот жүйесі де реформаланды, бұл өз кезегінде сауда мен өнеркәсіптің дамуына әкелді.
Дереккөз: aljazeera net: "تاريخ الإسلام في الهند.. من الدولة الأموية إلى الإمبراطورية المغولية" (Үндістандағы Ислам тарихи: Үмейят мемлекетінен бастап, Моғол империясына дейін". Ықшамдап аударылды).