Сахабалардың пақырлар мен мұқтаж жандарға қол ұшын берулері
Сахабалардың пақырлар мен мұқтаж жандарға қол ұшын берулері
3 жыл бұрын 7782

Сахаба Абдулла ибн Омардың жомарттығы

Нәфидің риуаяты бойынша, «Ибн Омар науқастанып қалған еді. Бір дирхамға жүзім сатып алып, ибн Омардың көңілін сұрап бардым. Сол арада
бір пақыр келе қалды. Ибн Омар:

«Мына жүзімді ана адамға бер», – деді. Әлгі пақыр жүзімді алды да, шығып кетті. Пақырдың алдынан шыққан адам қолындағы жүзімді бір дирхамға сатып алады да қайта Ибн Омарға алып келді. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанады. Сонда мен бұған шыдай алмай, әлгі пақырға бардым да: «Ұялмайсың ба?», – дедім де, жүзімді бір дирхамға сатып алып, ибн Омарға әкелдім. Аллаһтың қалауымен ибн Омар жүзімнен ауыз тиді»24. (Әбу Нуайм, Хилия, 1/27).

Айша анамыздың жомарттығы Имам Маликтің риуаяты бойынша, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жан жары Айша (р.анһа)
анамыз ораза тұтқан күні бір кедей жәрдем сұрап келеді. Айша анамыздың үйінде бір жапырақ наннан басқа азық жоқ еді. Соған қарамастан қызметшісіне: «Келген адамға үйдегі нанды бер», – деді. Қызметшісі:

«Егер нанды берсек, кешкісін аш жатамыз», – десе де Айша анамыз қоярда-қоймай нанды әлгі кедейге бергізген еді. 

Сонда қызметші:

«Айшаның (р.анһа) айтуымен нанды келген адамға бердім. Кешкісін біреулер үйге піскен ет пен нан әкелді. Айша (р.анһа) мені шақырып
алды да: «Мынаны же, мына нан әлгі (бергің келмеген) нанның орнына келген нығмет», – деді»25. 

Садақаны өз қолымен беру

Әмір әл-Ләйсидің риуаяты бойынша, Уәсила ибн әл-Әсқаның қасында тұрған кезімізде жанымызға бір пақыр келді. Уәсила келген пақырға бір үзім нан мен ақшаны өз қолымен апарып берді. Сонда мен: «Ей, Әбул-Әсқа! Отбасыңда садақаны апарып беретін басқа адам жоқ па еді? Неге өзің апарып бердің?», – дедім. Сол кезде ол: «Бар, бірақ кімде-кім бір нәрсені пақырға өз қолымен апарып берсе, әрбір басқан қадамы үшін бір күнәсі кешіріледі. Ал садақаны қолына ұстатқан сәттен бастап жүрген әр қадамы үшін де он күнәсі кешіріледі», – деп жауап берді26. 

Сәлман Фарисидің садақа беруге құштарлығы

Нұғман ибн Хумайд былай баяндайды: «Нағашы ағасымен бірге Мәдәинге (осы жердің әкімі) Сәлман Фарисиді көруге барған едім. Құрманың жапырағынан себет тоқып отыр екен. Сонда оның: «Құрма жапырақтарын бір дирхамға сатып аламын. Олардан себет жасап, оны үш дирхамға сатамын. Бір дирхамына жапырақ сатып аламын. Бір дирхамды отбасыма жұмсаймын. Ал бір дирхамды садақа ретінде беремін. Омар маған тыйым салар болса да, мен осы әдетімді тастамаймын», – дегенін естідім»32.  

Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) сахилығы

Әнәстің (р.а.) риуаяты бойынша, бір күні Мәдинаның көшелерін басына көтерген әлдебір у-шудан төңірек ел көшкендей азан-қазан болды. Сонда
Айша (р.а.) анамыз: «Бұл не шу?» – деп сұрайды. «Абдуррахман ибн Ауфтың Шамнан келген сауда керуені ғой», – деп жауап береді айналасындағылар. Ол керуенде жүк тиеген жүз түйе бар еді.

Айша анамыз сол кезде: «Аллаһ елшісінің: «Абдуррахман ибн Ауфты жаннатқа еңбектеп кіріп бара жатқанын көрдім», – дегенін құлағым шалып қалды», – дейді.

Бұл сөз Абдуррахман ибн Ауфтың құлағына жеткен кезде:

«Егер шамам келсе, жаннатқа тіке тұрып кіремін», – деп керуенді жүктерімен қоса Аллаһ жолына атады». (Әбу Нуайм, Хилия, 1/98; Ибн Кәсир, әл-Бидая, 7/164).

"Сахабалар салған сара жол" атты кітаптан.

0 пікір