|
2100 жылға таяу жасы жүзден асқан адам саны 18 миллионға жетеді
|
2100 жылға қарай әлемде 100 жастан асқан адамдар саны 18 миллионға жетеді деген болжам бар, деп хабарлады 24.kz
Ал қазір 100 жасты еңсергендердің саны 500 мыңнан асады. Бұл ұзақ өмір сүру құпиясы ма? Әлде генетика ма? Жер бетінің "көк аймағы" туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл картадағы мұхиттардың белгісі емес, әлем бойынша қарт адамдар шоғырланған 5 аймақ. Бұл терминді алғаш Дэн Бюттнер атты зерттеуші 2005 жылы National Geographic журналында қолданған. Ол дүниенің төрткүл дүниедегі 100 жастан асқан адамдар ең көп шоғырланған жерлерді зерттеді. Сонымен жүз жасты еңсергендер Окинава, Сардиния, Икария, Никоя, Лома-Линдада тұрады. Жергілікті тұрғындарының бұлай ұзақ жасауының құпиясы салауатты өмір салтын сақтауында. Окинава, Жапония Сардиния, Италия Икария, Грекия Никоя, Коста-Рика Лома-Линда, АҚШ
ЦИТАТА: Дэн Бюттнер, "Blue Zones" тұжырымдамасының авторы Көк аймақтардағы адамдар ұзақ өмір сүреді. Себебі, олар денсаулықты іздемейді. Өмір сүру салтын табиғи түрде қалыптастырады. Мәселен, үнемі қозғалыста болу, мақсатты өмір сүру, әлеуметтік байланыстарды нығайту және табиғи, өсімдік тектес тағамдар тұтыну олар үшін жаңа дағдылар емес.
Жапония, Окинава
Мәселен, Жапонияның Окинава аралында тұратын 100 жастағы әйелдер күніне 90 рет отырып, тұрып жаттығуын жасайды. Бұл аралда күрделі ауруға шалдыққан науқас адамдар жоқтың қасы. Жергілікті тұрғындар бір-бірімен қалжыңдасып былай дейді: 70 жас - балаң кез, 80 жас жасөсіпірім шақ, ал 90 жаста 100 жасқа жеткенше өмір сүруге талпыну керек дейді. Қариялардың тамақ ішу тәртібі бар. Тек құнарлы теңіз өнімдерін ғана тұтынады. Бұдан бөлек, қандай да бір мәселе туындаса, оны бірлесіп шешеді. Бұл «юимару» деп аталады. Мағынасы достық ниетте қолдау көрсету.
Италия, Сардиния
Тағы бір көк аймақ – Сардиния аралы. Мұнда 100 жастағы және одан асқан 534 адам тұрады. Субтропикалық климат, таза ауа, ірі мегаполистердей у-шу жоқ. Көліктер де бірен-саран. Таулы жер болғандықтан кейбір елді мекендердегі ер адамдар күніне 30-35 шақырым жаяу жүреді. Сондай-ақ тұрғындардың үйінде шаңсорғыш пен еден жуғыш жоқ. Еденді жуу үшін олар еңкейіп, белсенді қимыл-қозғалыс жасайды.
АҚШ, Лома-Линда
Ал бұл Калифорния штатында тұратын америкалық әжелер. Аталар да қалыспайды. Күнделікті жаттығу олар үшін үйреншікті әдетке айналған. Салауатты өмір салтын ұстанатын лома-линдалықтар мүлдем ет жемейтін көрінеді. Алкогольді сусындар ішпейді. Тіпті кофе ішудің өзі олар үшін жат қылық. Көпшілігі саябақта серуендеп, ұзақ жаяу жүргенді қалайды.
Дәл осындай өмір салтын Грекиядағы Икария және Коста Рикадағы Никао аралдарындағы адамдар да қатаң ұстанады. Олардың түсінігінде ұзақ өмір сүру генетика емес, өмір сүру салты. Әрі оны күнделікті дағдыға айналдырған. Мұндай адамдар диетаға отырмайды. Дәрі-дәрмекке мұқтаж емес. Жұмыс пен демалыстың арасындағы тепе-теңдікті ұстап, әр күнін мәнді де сәнді етіп сүруге талпынады.
Фариза Жанғанаева