|
Африкалық ел құнсызданған ұлттық валютасын көтеру үшін қатаң шектеу шараларын қолға алып жатыр
|
Танзанияның орталық банкі ел аумағындағы транзакциялар мен төлемдер үшін доллардан бастап, өзге де шетелдік валюталарды пайдалануға ресми тыйым салды. Бұл жайында islam.kz порталы TUKO.co.ke ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұдан былай Африка құрлығындағы аталған елде барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тек танзаниялық төл ақшамен – шиллингпен бағаланады немесе есептеледі. Танзания билігінің мұндай қатаң шектеу шараларына баруына танзаниялықтардың ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамының күрт төмен түсіп кеткені себеп болған. Мамыр айының бас кезінде 1 доллар 2692 шиллингтен саудаланды. Мемлекет тарапынан мақұлданған ереже талаптарына сәйкес елдегі барлық тауарлар мен қызметтердің бағасы мен төлемі танзаниялық шиллингтермен жүргізілуі тиіс. Осылайша, шетел валютасымен бағалау, жарнамалау немесе көрсету, шетел валютасымен төлем жасауға мәжбүрлеу немесе шетел валютасымен қабылдау немесе төлем кезінде Танзания шиллингісінен бас тарту қылмыс саналады", - деп айтылған мәлімдемеде. "Шетелдіктер, соның ішінде туристер Танзаниядағы коммерциялық банктер немесе айырбастау пункттері арқылы шетел валютасын айырбастауға міндетті. Олар, сондай-ақ, банк карталары немесе басқа да цифрлық төлем тәсілдері арқылы төлем жасауды жалғастыра алады", - деп толықтырды Танзанияның бас қаржы мекемесінің өкілдері.