Әлем соғыстың логикасына сүйеніп жұмыс істейтін жаңа модельге көшудің алдында тұр
Әлем соғыстың логикасына сүйеніп жұмыс істейтін жаңа модельге көшудің алдында тұр
3 ай бұрын 482 Нұрлан Жұмақан
Бүгінде ескі тіршіліктің тамыры үзіліп, жаңа дүние тәртібі қалыптасуда. Алдамшы тыныштықтың астында жатқан шындықтан қару-жарақтың сылдыры мен идеологиялық қақтығыстардың ысқырығын ести бастадық. Іргедегі көршіміз Ресейдің экономикасы енді соғыстың логикасына сүйеніп жұмыс істейтін жаңа модельге көшті. Бұл орыстардың санкциялық қысымға берген жауабы емес, бұл геосаяси ортада өз орнын сақтап қалау үшін жасалып жатқан соңғы амалы.
Гибридтік соғыс енді жоғары қарқынды, құрылымдық милитаризацияға ұласады. «Қорғаныс өнеркәсібі» деп аталған ұғым, енді экономиканың өзегі, жүйенің тірегіне айналады. Бюджет қаржысының 40 пайыздан астамын әскери-өнеркәсіп кешеніне бағыттаған Ресей "қалыпты мемлекет" ретіндегі бетпердесін шешіп, милитаризацияланған режимге ашық көшті десек артық айтқандық болмас.
Бұл милитаризацияның бірінші фазасы. Бірақ бұның соңы емес. Келесі кезең қоғамның өзін, сана мен рухани кеңістікті қайта форматтауға ұласады. Кремль үшін халықтың ішкі наразылығы – қауіп емес, энергия көзі. Бұл энергияны бағыттап, сыртқы агрессия формасына айналдыру – посттоталитарлық мемлекеттердің ежелгі әдісі. Ішкі тоқырау мен моральдық күйзелістен пайда болған көңіл-күйді сыртқы жауға қарсы қолданатын өшпенділікке айналдырады.
Ресейдің стратегиялық доктринасы қазір «буферлік соғыс» концепциясын белсенді түрде жүзеге асыруда. Ресей үшін Украинадағы соғыс интервенциялық дайындық полигоны. Мұнда әскери техника ғана емес, ақпараттық шабуыл, санкциялық төзімділік, кибер соғыс тактикасы сыналуда. Бұл жерде адамның өмірі емес, жүйенің мүмкіндігі бағаланып жатқанын мойындаумыз керек.
Әлем осынау агрессияны тоқтатуға қабілетті ме? Бұл маңызды сұрақ. Себебі қазіргі жүйеде мемлекеттер бұрынғыдай халықаралық құқық пен гуманитарлық нормаларға сүйенбейді. Әрбір билік өз ұстанымдарын қайта жазуда. Кеше ғана «бейбітшілік» деп аталатын ұғым енді «ұлттық қауіпсіздікпен» алмасып, жаһандық дискурс «превентивті соққы», «асимметриялық жауап», «гибридтік қысым» сынды терминдермен көмкерілуде. Ал БҰҰ жұмыс істемейтін, қағаз жүзіндегі органға айналды.
Климаттың өзгеруі, ресурстардың сарқылуы, көші-қонның күшеюі – мұның бәрі енді тек экологиялық немесе гуманитарлық мәселе емес, геосаяси қауіптің жаңа катализаторы. Арзан шикізат алып, қымбат технология шығаратын жаһандық симбиоздың дәуірі артта қалды. Енді әр мемлекет өз ішінде автономды жүйе қалыптастыруға тырысады. Тамақ, энергия, қару, ақпарат – бәрі дербес болуы керек. Себебі, соғыс тек майдан даласында емес, логистикалық тізбекте, шикізат бағасында, валюта конвертациясында да жүретінін әлем жақсы сезініп отыр.
Әрбір елдің болмысы қайта түлеу үстінде. Орталық Азияда қауіпсіздік доктриналары өзгеріп, Иран, Қытай, Түркия, Үндістан сынды елдер аймақтық орталықтарға айналуда. Қазақстанның өзі осы өзгерістер тасқынының белортасында қалып отыр. Өйткені дәл қазіргідей тарихи кезеңде бейтарап қалу мүмкін емес. Не сен құрылым жасайсың, не біреудің жасаған құрылымының бір тетігіне айналасың.
Путиннің қазіргі билігі – ескі Ресейдің табиғи жалғасы емес, бұл – жаңа геосаяси құрылым. Мұнда Сталин мен Брежневтің, тіпті Николай ІІ мен Иван Грозныйдың да белгісі жоқ. Мұнда технологиялық, ақпараттық, кибернетикалық, идеологиялық монолит жатыр. Оның ішінде «намыс», «ұят», «ар» секілді ұғымдар бос қабықшаға айналған. Оның орнына «ұлттық мүдде», «тарихи міндет», «мемлекеттік тұрақтылық» деген қатаң доктриналар үстемдік құрғанын көріп, байқап отырмыз.
Апокалипсис бір сәтте емес, біртіндеп келеді. Қазіргі заманның апокалипсисі валюта девальвациясы, азық-түлік тапшылығы, геосаяси бөліну, климаттық миграция. Тіпті, адамның өзінің ішкі құрылымы өзгеріп, тұтынушы емес, тіршілік үшін күресуші субъектіге айналдаы.
Осылайша, біз тұтынушылық мәдениет пен либералдық утопиядан шығып, жаңа дүниенің қақпасының алдына таяп қалды. Кеше ғана қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсап отырғандар, енді ол дәуірдің қирап, талқаны шыққанын мойындауы керек.
Қайта туылу оңай емес. Ол үшін бәрін жоғалту қажет. Ресей осы жолға өзі түсіп отыр. Әлем де солай істейтін тәрізді. Соғыс – тек қана қирау емес. Ол – бәрін қайта жасақтаудың диірмені. Ол диірменнің астында әрбір адам, әрбір мемлекет, әрбір идея қалуы мүмкін. Бірақ диірмен тоқтамайды. Себебі ол тарихтың қозғалтқышы. Ал тарих ешқашан кері жүрмейді.
0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз:
Мұрағат
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
30 1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31 1 2 3