Әлемде 735 млн адамға тамақ жетіспейді
Әлемде 735 млн адамға тамақ жетіспейді
3 ай бұрын 674 24.kz Зайнұр Байжігіт

Су тапшылығы – жаһандық қауіп-қатердің бірі, деп хабарлады 24.kz 

Ахуал жылдан жылға күрделеніп барады. Ол аз десеңіз, әлемде 735 млн адамға азық-түлік жетіспейді. Бұл – БҰҰ-ның дерегі.

Әлемдік геосаяси ахуал мәселені тіптен ушықтырып жіберді. Өйткені, Украина мен Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан көп елді қымбатшылық жайлады. Климаттың өзгеруі тағы бар. Жаһандық жылыну салдарынан біраз елді қуаңшылық жайлап, азық-түлік тапшылығы туындаған.

Зайнұр Байжігіт, тілші: - Палестиндік 22 жастағы Карама Акуменің салмағы бар болғаны 35 келі. Бұрын 62 келі болған соқталдай жігітке тамақ батпайды. Өйткені, аштықтан асқазаны қорыта алмайтын болған. Израиль бұған дейін Газа секторына гуманитарлық көмектің кіруін бірнеше айға шектеп, бұл азық-түлік тапшлығына әкелді. Қазір жергілікті ауруханада Карама секілді ондаған адам өлім аузында жатыр.

Атеф Акуме, Караманың әкесі: - Ұлым тамақ тарату орталығына ұн алып келуге кеткен болатын. Бірақ сол жерде израильдік әскерилер оқ атып, балам белінен жарақат алды. Оның денсаулығын қалпына келтіру үшін құнарлы тамақ керек. Бірақ, қазір адамдар қара суға да зәру. Негізі біз Жабалия қаласының тұрғынымыз. Соғыс басталғалы бір жерге тұрақтағанымыз жоқ. Көшіп-қонып жүрміз.

Халықаралық қауымдастық Израильді Газа секторындағы ашаршылықты қолдан жасап отыр деп айыптады. Алайда, Тель-Авив БҰҰ-ның өңірдегі ахуалға байланысты келтірген деректерін мойындамай отыр. Еврей үкіметі аштықтан қайтыс болды деп көрсетілгендер осыған дейін ауыр сырқатқа шалдыққандар деп бой берер емес. Ал, мамандар: «Аштықтан бірінше кезекте денсаулығы нашар адамдар арасында өлім-жітім көбейетіні бесенеден белгілі», - дейді.

Жан-Мартен Бауэр, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының директоры: - Біз бір елде ашаршылық жарияламас бұрын бірқатар көрсеткішке қарап, бағамызды береміз. Мәселен, азық-түлік тапшылығы 20%-тен асса, балалардың 30%-і тойып тамақ ішпесе, сондай-ақ аштықтан күніне 2-3 адам көз жұмса, онда сол елде ашаршылық жариялаймыз. Ал, Газа секторындағы бүгінгі ахуал өте ауыр. Сорақысы сол, соны біліп, көріп тұрып, қолдан келер шара жоқ.

Суданда да ахуал оңай емес. БҰҰ-ның дерегі бойынша алдағы 6 айда елдегі 24 млн адам азық-түліктен тарығуы мүмкін. Соның ішінде 637 мың адам аштыққа ұшырайды. 2023 жылдан бері Судан азаматтық соғыстан көз ашпай келеді. Сондай-ақ, егіс алқаптары да азайған. Халықаралық қауымдастық Судандағы ахуалды ретеу үшін жыл соңына дейін кемі 500 млн доллар қажет дейді.

Лоран Букера, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Судандағы бөлім басшысы: - Қаржы қат. Сондықтан кейбір аймақтарда көмек таратуды тоқтатуға мәжбүрміз. Балалар мен аналардың жағдай қиын болмақ. Өйткені, оларға арналған тағамдық қоспалар жоқ.

Йеменде де жағдай мүшкіл. БҰҰ дерегіне сүйенсек, 2 миллионнан аса бала тойып тамақ ішпейді. Кейінгі жылдары  балалар арасында өлім-жітім көбейген. Гуманитарлық жағдайды 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғыс нашарлатып жіберді. Ішерге ас іздеген 4 миллионнан аса адам босып кетті. Сарапшылар АҚШ-тың халықаралық гуманитарлық көмекті тоқтатуы Йеменде ашаршылықтың белең алуына әкелуі мүмкін деп алаңдайды.

Гэн Шуан, БҰҰ жанындағы ҚХР тұрақты өкілінің орынбасары: - Йемен әлемдегі ең ауыр азық-түлік дағдарыстарының бірін бастан кешуде. Халықтың жартысына жуығы аштықтан зардап шексе, тағы 4,8 миллион тұрғын босқынға айналды. Әсіресе, әйелдер мен балалар қиналып жүр. Халықаралық қауымдастық Йеменге гуманитарлық көмекті арттырып, осы қиындықты еңсеруге қол ұшын созуға тиіс.

Биыл Сирияда құрғақшылық бидай тапшылығына әкелді. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, қазір 3 млн адамға қауіп төніп тұр. Елде бір тамшы жауын жаумай, 36 жылда болмаған қуаңшылық жайлады. Экологтар мұның себебін климаттың өзгеруімен байланыстырады.

Қайырымдылық ұйымдарының мәліметінше, Сирия халқының жартысы шұғыл көмекке зәру. Өйткені, бидай тапшылығын жою үшін сырттан 2,5 млн тонна астық сатып алу қажет. Билік әзірге Ирактан тек 220 мың тоннасын ғана жеткізген. Халықаралық ұйымдар: «Шұғыл шара қабылданбаса, адамдар күнкөріс қамымен өзге елдерге үдере көшіп, әлемде миграциялық дағдарыс ушыға түседі», - дейді. Мәселен, былтыр 100 млн босқынның жартысынан көбі осы азық түлік тапшылығы жайлаған елдерден қашып шыққан азаматтар екен.

Авторы: Зайнұр Байжігіт



0 пікір
Мұрағат