Әлемде алдағы бес жылда 5 млрд адам су тапшылығын сезінуі мүмкін
Әлемде алдағы бес жылда 5 млрд адам су тапшылығын сезінуі мүмкін
2 ай бұрын 487 24.kz kaz.inform.kz Рауан Мыңбай, Бақытгүл Абайқызы

Aлдағы 5 жылда әлемде 5 миллиард адам су тапшылығын сезінуі мүмкін. 2018 жылы көрсеткіш 3,5 миллиардан асатын, деп хабарлайды 24kz.

Қазір жер бетінде 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Таза су тапшылығынан жыл сайын мыңдаған адам түрлі ауруға шалдығып, көз жұмады. Осы ретте әлем елдері су тапшылғымен қалай күресіп жатыр? Климаттың өзгеруі салдарынан жылдан жылға жағдай күрделеніп барады. Әлем халқының саны артқан сайын су жүйесіне түсетін салмақ та көп.

***

Иракта ауызсу қоры азайып барады

Ирактағы Басра қаласының тұрғындары кейінгі 80 жылда болмаған су дағдарысын бастан кешуде. Климаттың өзгеруі салдарынан елді қуаңшылық жайлап, өзен-көлдердегі судың тұздылығы көтеріліп кеткен. Сөйтіп, ішу тұрмақ пайдалануға жарамсыз бола бастаған. Қала тұрғындарының саны 3 миллионнан асады. Оның үстіне кейінгі жылдары температураның жоғарылауынан өзендегі су деңгейі біршама азайған. Аймақта негізгі су көзі – Тигр мен Ефраттың қосылуынан пайда болған Шатт-эль-Араб өзені. Ал қос дария көрші елдерден бастау алады. Сондықтан ондағы су бөгеттері мен қоймалар да жағдайды шиеленістіріп отыр. Жергілікті үкімет тығырықтан шығу үшін су тұщытатын ірі және шағын станциялар салуға ниетті. Жоба құны – 3 миллиард доллар.

«Алайда, оны жүзеге асыруға кем дегенде 3 жыл қажет», - дейді мамандар.  

Акиль Яраллах, су жобасының жетекшісі: - Бұрын әр адамға күніне 350 литр су берілетін. Қазір Жоспарлау министрлігінің шешімімен бұл норма 250 литрге дейін қысқартылды. Бірақ, мұның өзін орындау қиын болайын деп тұр. Сондықтан қатаң үлестіру режимі енгізілді. Жобалар көмектеседі деп үміттенеміз.

Ирак – климат өзгерісіне төтеп бере алмайтын ел қатарына жатқызылған. Биыл қуаңшылықтан ауылшаруашылық саласы мол шығынға батты. Ауызсуды үнемдеу үшін билік біраз сектордың жұмысын қысқартты. Ал суармалы егіншілікке тек 375 мың гектар жер бөлген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға аз.

***

Орталық Азияда 22 млн адам таза суға зәру

Әлемде 153 ел трансшекаралық су бассейндеріне тәуелді. Бірақ, тек 24 елде су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісім бар. Мәселен, Орталық Азиядағы су тапшылығы алдағы онжылдықта 37%-ке жетуі мүмкін.

Дүниежүзілік банк дерегіне сүйенсек, қазір Орталық Азияның бес мемлекетінде, яғни, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстанда 76 миллион тұрғынның кем дегенде 22 миллионы, бұл халықтың үштен бір бөлігі тұщы суға зәру.

Қазақстан – әлемдегі теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ, құрлықтық мемлекет. Ел аумағының үштен екі бөлігі сусыз аймаққа жатады. Ал су ресурстарының 44%-і көрші елдерден, яғни, Орталық Азияның ірі трансшекаралық су көздері: Әмудария, Сырдария, Талас, Тарым, Шу, Қарқара өзендерімен Қырғызстан арқылы келеді. Қазір Әмударияда тәліптер салып жатқан Коштеп каналының құрылысы осы елдерге зардабын тигізуі мүмкін.

***

Суды тұщыту технологияларына қаражат қажет

Жер бетіндегі су қорының 97%-і ішуге жарамсыз. Өйткені, тұзды. Осыған байланысты бірқатар елде суды тұщыландыруға баса мән беріледі. Мысалы, Сауд Арабиясында ауыз судың 70%-і суды тұщыту қондырғылары арқылы алынады. Ал су тапшылығы мәселесі өткір тұрған Мароккада ауызсу тұманнан өндіру қолға алынған. Алайда, бұл тым қымбат. Күніне екі мың литр тұщы су беретін жүйенің жұмысы 15 мың АҚШ долларға бағаланады.

Тіршілік нәрінің тапшылығы Испанияда да өзекті. Оған қуаңшылық себеп. Ғасыр ортасына таман бір ғана Каталония өңіріндегі ресурстар 20%-ке азаяды деген божам бар. Билік бұл оны суды тұщыту қондырғыларының көмегімен шешіп жүр. Елде Еуропа бойынша ең ірі станция орналасқан. Ел бойынша 800 қондырғы күніне 5 миллион текше метр су өндіреді. Жалпы Испания тіршілік нәрін тұщыту қуаты бойынша әлемде Сауд Арабиясы, АҚШ және Біріккен Араб Әміріктерінен кейін төртінші орында. Бұл тиімді технология болғанымен, қыруар қаржыны қажет етеді.

Су мұнайдан да қымбат ресурсқа айналды

Су жоқ, су азаяды деп аттандағанмен өзгеріс аз. Жалпы тіршілік нәрін үнемдесе, дұрыс пайдаланса адамзатқа жетіп тұр.

Тіпті, айнала мұхиттың ортасында отырса да суға жарымай отырған мемлкеттер бар. Өйткені, онда тұщы су тапшы. Шығанақ елдері тіпті тіршілік нәрін сырттан тасуға көшкен.  Шөлейтті жерде әуелден жауын-шашын аз. Табиғи өзен-көл жоқтың қасы. Соның салдары Кувейт, Оман және Бахрейн сынды елдерге экономикалық тұрғыда қиындық туғызып тұр. Ал Араб Әмірліктері мен Саудияда жағдай біршама қалыпты. Неліктен? 

Рауан Мыңбай, тілші: - Дубай – араб түбегінің теңіз тұсында орналасқан қала. Солтүстігін жағалай шығанақ суы қоршап тұр. Мұхитқа шығар тікелей дәлізі бар. Кеме қатынасы орнаған. Сауда-саттыққа бірден-бір қолайлы аймақ дерсіз. Алайда, парсы шығанағы әуелден шөл дала болғандықтан, мұнда тұщы су қоры тым аз. Ен далада қайнар көзі кездессе, құнды олжа саналады. Мұнайдан да қадірлі ресурс. Дерекке сай, қазір аймақта теңіз суын тұщыту мөлшері жоғары. Осы мақсатта 400-дей қондырғы іске қосылған. Бұл мемлекеттер бұлттарды көшіріп, жауын-шашын мөлшерін жасанды жолмен көбейтуге де кіріскен. Соның әсері болса керек, бұған дейін бірде-бір тамшы тамбаған қалаларда дренаж жүйесі салына бастады. Соның бірі Дубай. Әмірлік жобаға миллиардтаған доллар бөліп, жаңбыр суын қажетке жаратамыз деп отыр.

ЦИТАТА:  Дубай әмірлігінің үкіметі «Дубайда «Тасриф» деп аталатын жаңа жоба қолға алынады. Оның аясында 8,2 млрд долларға жаңбыр суын жинайтын аймақтағы ең ірі дренаж жүйесі салынады. Әмірліктің енді климаттық өзгерістерге төтеп беру мүмкіндігі артады. Жүйенің өткізу қабілеті 700 пайызға ұлғаяды. «Тасриф» күніне 20 млн текше метр су жинай алады. Қаланың әдеттегі қажеттілігі 100 жылға жабылады. Әрбір тамшы кәдеге жаратылады». 

Рауан Мыңбай, тілші: - Жалпы аймақ айрықша табиғи климатымен белгілі. Жаз айларында ауа температурасы кей жерлерде 60 градусқа дейін ысиды. Мұндай күн райында су айдындарын қалыпты күйде ұстап тұру мүмкін емес. Тіршілік нәрінің буға айналуы әп-сәт. Мамандар осы жайтты ескеріп, жабық су сақтау орындарын көбейту қажет дегенді алға тартып келеді. Оның үстіне, климаттық өзгеріске қатысты болжамдар көңіл көншітпейді. Синоптиктер «араб түбегіндегі орташа ауа температурасы ғасыр соңында тағы 4 градусқа жоғарылайды», - дейді.

Сұлтан Әл-Катири, синоптик: - Аптап ыстық бұрын шілде мен тамыз айларында ғана болатын. Қазір оның мерзімі ұзарып барады. Жаһандық жылыну әсер етіп жатыр. Әмірліктің климаттық өзгеріс министрлігі жаз маусымындағы орташа температура кейінгі 40 жылда 1 жарым градусқа жоғарылағанын анықтады. 

Рауан Мыңбай, тілші: - Айта кетейік, шығанақ мемлекеттерінде суды тиімді пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия бар. Бірі 2030, енді бірі 2036 жылға дейін арналған. Саудия осы кең ауқымды міндетке сүйеніп, кей ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді тоқтатып отыр. Оның орнын импорт алмастырады. Ауызсу саласында да осындай жағдай. Сырттан шөлмектегі су әкеп сататындар көп. Бір тәуірі, қомақты қаржыны қажет ететін бұл үдерістердің Араб әмірліктері, Саудия және Қатарға еш әсері жоқ. «Ал аймақтағы басқа мемлекеттерде жағдай қиын», - дейді сарапшылар. 

2100 жылға қарай бір миллиардқа жуық адам ауыз су тапшылығына тап болуы мүмкін

KAZINFORM — 2100 жылға қарай жер бетінде бір миллиардқа жуық адам ауыз судың өткір тапшылығы жағдайында өмір сүретін болады, деп жазды AZƏRTAC.

 

Бұған себеп — әлемдегі ең ірі өзендердің тартылып, сарқыла бастауы. Бұл өзендерге жүздеген миллион адамның тіршілігі тәуелді. Солтүстік-Шығыс университетінің (АҚШ) ғалымдары осындай тұжырымға келіп отыр. Олар су ресурстарының болашағын болжау үшін жаңа буындағы климаттық модельдерді пайдаланған.

AZƏRTAC шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлағандай, XXI ғасырдың соңына дейін шамамен 850 миллион адам өзен ағысының азаюы салдарынан тұщы су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Бұл — халықаралық ғалымдар тобының алаңдатарлық болжамы. Зерттеу нәтижелері Climate and Atmospheric Science журналында жарияланды.

Ғалымдар CMIP6 деп аталатын, құрлықтағы, атмосферадағы және мұхиттағы күрделі физикалық процестерді ескеретін, алдыңғы модельдерден әлдеқайда жоғары дәлдікке (кеңістіктік рұқсаттылығы 100 км) ие климаттық модельдерді қолданған. Олар әлемдегі ең ірі 30 өзен алабына — соның ішінде Амазонка, Ганг, Ніл, Конго және Брахмапутра өзендеріне қатысты болжам жасаған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, бұл өзен алаптарының 40%-ында өзен ағысы көлемі жартысына дейін қысқаруы мүмкін. Бұл тұщы суға қолжетімділікті едәуір шектейді. Мұндай тапшылық шамамен 850 миллион адамды қамтиды — бұл бұрынғы бағалаулардан үш есе көп.

Ғалымдар өзен ағысының ауыз су, су электр станциялары мен ауыл шаруашылығын суару үшін шешуші рөл атқаратынын айтады. Ағын көлемінің сәл ғана азаюының өзі әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеп соғуы ықтимал.

Сондай-ақ, зерттеушілер климаттың өзгеруіне қатысты бес түрлі сценарийді — ең нашарынан ең экологиялық қолайлысына дейін — модельдеген. Егер адамзат парниктік газдардың шығарылымын айтарлықтай қысқартып, «жасыл» экономикаға көшсе, су тапшылығына тап болатын халық саны 500 миллионға дейін азаюы мүмкін. Алайда, бұл жағдайда да мәселе өзекті болып қала бермек.

Зерттеу авторлары олардың жұмысы саясаткерлер мен су ресурстарын басқару мамандарына климаттың өзгеру салдарын алдын ала болжауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі деп үміттенеді. Сонымен қатар, олар болашақтағы су дағдарысының салдарын жұмсарту үшін парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған әрекеттерді жеделдетуге шақырады.

Ал Қазақстанда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірлеген болатын.

Бақытгүл Абайқызы

0 пікір
Мұрағат