Әлемде бір жылда 24 миллион әйел дәрігердің көмегінсіз босанған
|

Әлемде әр екі минут сайын бір әйел жүктілік немесе босану кезінде көз жұмады, деп хабарлады 24.kz
Save the Children ұйымының дерегіне сүйенсек, былтыр әлемде 24 миллион ана дәрігердің, акушердің немесе медбикенің көмегінсіз босанған. Мұны сарапшылар жаһандық деңгейдегі «үнсіз төтенше жағдай» деп сипаттады. Бұл өмір үшін жан тапсыратын әйелдер дегенді білдіреді. Босану кезінде арнайы маманның болуы – аналардың сәбиін аман-есен құшағына алуының кепілі. Бұл ретте әлем елдерінде ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін қандай жағдай жасалған? Африкада әйелдер өзі босанады Әлемде 900 мың акушер жетіспейді. Бұл қажетті жұмыс күшінің үштен бірі. Әсіресе, табысы төмен елдерде және Африкадағы ахуал алаңдатарлық. Бұл аймақтар 2030 жылға қарай 750 мың акушерге мұқтаж болуы мүмкін. Қазірде жалпы ана өлімінің 70% Африкада тіркеледі. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, шалғай ауылдарда тұратындары ең жақын емханаға жету үшін бірнеше сағат, кейде, тіпті, күн жүреді. Немесе дәстүрлі босандырушылар әйелдерге босануға көмектеседі. Олардың тәжірибесі болғанымен, медициналық білімі жоқ. Бұл ана мен бала денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, себебі, күрделі босану кезінде тиісті шаралар орындалмайды. Әрі кей тайпалар үшін үйде босану – дәстүрлі, қалыпты іс. Өйткені олар медицинаға сенбейді.
«Ешбір әйел жалғыз босануға мәжбүр болмауы керек, әрбір әйел қауіпсіз түрде босану құқығына ие болуы тиіс. Әлемнің ең шалғай және қауіпті аймақтарында тұратын әйелдер де медициналық көмекке, қажетті құрал-жабдыққа, репродуктивті қызметтер мен білімге қол жеткізуге толық құқылы анасының алғаш рет сәбиін құшағына алуы – ең қымбат сәт. Сондықтан аналар балаларынан айырылып қалмас үшін, ал балалар аналарысыз өспеу үшін бірлесіп әрекет етуге тиіспіз» — Тара Брейс-Джон, Save the Children ұйымының денсаулық сақтау бөлімінің жетекшісі.
Бала туризмі дамыған елдер
Ал қалтасы қалың отбасылардың отанасы шет елде босанғанды тәуір көреді. Бұл ретте көптің таңдауы Америкаға түседі. Сапалы медицинадан бөлек, АҚШ-та босанудың негізгі себептерінің бірі, мұнда өмірге келген бала Америка азаматтығын алады. Бірақ, бұл мүмкіндікті биыл Дональд Трамп алып тастады. Ал оған дейін елде «baby tourism» жақсы дамыды. Мәселен, елде босануды ұйымдастыратын арнайы агенттіктер бар. Босану қызметінің құны 20 мың доллардан басталады. Бұл сомаға ұшақтан күтіп алу, босанғанға дейінгі күтім мен туу туралы құжат жасау кіреді. Одан бөлек, Америкада екі ай тұруға болатын. Бір қызығы, босану қауіпсіздігі мен бала туу көрсеткіші бойынша халықаралық рейтингте АҚШ алғашқы ондыққа да кірмейді. Save the Children ұйымының бүкіләлемдік рейтингінде АҚШ босану қауіпсіздігі, бала өлімі, ана күтімі бойынша 33-ші орын да тұр. Ендеше дамыған елдер азаматтық беру арқылы медициналық туризмді жандандырып отыр деген сөз. Бэйби туризм демекші, әлемде 60-тан астам ел сол елде дүниеге келген балаға азаматтық береді. Олардың қатарында Канада, Мексика, Чили, Аргентина, Куба сынды елдер бар. Тек дипломаттардың балаларына азаматтық берілмейді. Ал Еуропа мен Азияда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.




