|
Әлемнің бірқатар елінде орта тап жойылып барады
|
Әдетте орта тап немесе топты мемлекеттің омыртқасы санайды. Бейнелап айтқанда. Өйткені, тұтынушы да сол, жұмыспен қамтушы да, салық төлеуші де, мемлекеттің экономикасын қалыптастыратын да сол тап. Орта тап – бай мен кедей арасындағы әлеуметтік топ. Әлеуметті тұрақтандыруда маңызды рөл ойнайтын топ экономиканың доноры ретінде де алға шығады. Орта тап болса, кедей мен бай арасындағы әлеуметтік алшақтық пен айырмашылық біліне бермейді. Бұл – қоғамның тыныштығы мен тұрақтығында маңызды. 2023 жылы орта тапқа адамзаттың жартысы – шамамен 4 млрд адам жатқызылған екен. Ал бірер жылдан соң, дәлірегі, 2031 жылы олардың қарасы 5 млрд адамға жетеді. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Үндістандағы орта тапқа жататын адамдар қарасы 33 млн адамнан асқан, яғни, 40%-ға артқан, ал Қытайда бұл көрсеткіш – 31 млн адамды құраған. Өткен жылы (2024) күллі әлем бойынша тұтынушылардың 57 %-ы Қытай мен Үндістаннан шықты. Яғни, осынша орта тапқа жататын адамдар осы аталған екі елге тән. Халқының саны көп Индонезиядағы орта тапқа жатқызылатындар қарасы 5 млн шамасында болса, Бангладеште – 5 млн. Пәкістанда – 3 млн. Мысырда – 2 млн. Нигерияда – 1 млн. Вьетнамда – керісінше 5 млн. Мексика – 1 млн. Филиппин – 2 млн. Түркия – 1 млн, Тайланд – 1 млн. Қалғаны әлемнің өзге елдеріне тиесілі. Бұл мәліметтер World Data Lab дерек көзінен алынды. Жыл сайын шамамен 100 млн адам орта тапқа қосылады немесе қатарын толықтырады. Бұл көрсеткіш Азия мен Африка құрлығында жоғары. ХІХ ғасырдың орта шенінде Еуропада пайда болған орта таптың өкілдері негізінен қолөнершілерден, шағын саудагерлерден тұратын еді. Десе де экономикалық жағынан белсенді орта тап керісінше дамыған елдерде жойылып бара жатыр. Мәселен, Ұлыбритания, Жапония, Германия секілді елдердегі орта тап өкілдерінің саны бүгінде Мысыр мен Нигериядан артта қалып барады. Әдетте бай мен кедей арасындағы буфер аймағы функциясын атқаратын орта таптың бірқатар елде жойылуына қандай факторлар ықпал етті дегенге келсек, 1971 жылы америкалықтардың 61 пайызы орта өкілдеріне жатса, 2021 жылы тек елу пайызы ғана орта тап құрамына кірген. Бұған өмір сүру құнының өсуі (тауарлар мен қызметтер ақысының қымбаттауы, білім беру, денсаулық сақтау, баспана, т.б. негізгі қажеттіліктер құнының артуы) себеп болған. Мәселен, 1985 жылдан бері Америка құрама штаттарында жоғары білім алу құны алты есеге артқан.
Islam.kz