Араб Әмірліктері құрма өсіретін шетелдік фермерлерге 10 жылдық виза бере бастады
Араб Әмірліктері құрма өсіретін шетелдік фермерлерге 10 жылдық виза бере бастады
3 ай бұрын 614 24.kz Рауан Мыңбай

Қуаң топырақтан да құнарлы өнім алуға болады. Біріккен Араб Әмірліктері аптапқа бейім құрма алқаптарын жайқалтып, агроөнім өндірісіне тұрақты инвестиция тартып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Осы күні шығанақ мемлекеті экзотикалық жеміс ағашын өсіретін шетелдік ферма иелеріне 10 жылдық виза беруді қолға алған.

«Әмірлікте кәсіп ашқандарды ынталандыратын бұл қадам елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға сеп», - дейді мамандар.

Рауан Мыңбай, тілші: - Бұл – Араб түбегінің ыстық климатына бірден бір бейімделген жеміс ағашы. Сырт көзге пальманың бәрі ұқсас көрінгенімен, жүздеген түрге бөлінеді. Соның ішінде құрма сұрыптары 25 метр биікке өседі. Маусымына 60-80 келі жеміс береді. Араб Әмірліктері жылына 400 мың тонна жуық өнім алып, басым бөлігін шетелге экспорттайды. Өндіріс көлемі бойынша әлемде 8-ші орында тұр.

Араб түбегінің байырғы тұрғындары үшін құрма өсіру – дәстүрлі кәсіп. Кей қала көшелеріне ол жай ғана әсемдік үшін егілген. Ал нағыз құрма бақтарында миллиондаған түбі жайқалып тұр. Жаздың соңы мен күз айларында жиын-терімі басталады.

Худа Әнақби, құрма бағының қызметкері: - Әмірлікте құрманың 70-тен астам сұрпы өседі. Түсі, мөлшері және дәміне қарай сан алуан болып бөлінеді. Елімізде «Фарқ» және «Халас» деген түрлері көп қолданылады. Қоңыр түсті және қабығы жұқа. Ұзақ мерзім сақталады. Ол біздің ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі. Киелі саналады. Сондықтан әр үйдің дастарханынан табылады.

Экзотикалық жемісті егуден бастап күтіп-баптауға дейін арнайы технологиясы бар. Бір емес, бірнеше жылға созылатын шаруа асқан төзімділікті қажет етеді. Ғылыми мекемелер де процесті ұдайы бақылап отырады. Жалпы Таяу Шығыстың құрма өндірісінде Сауд Арабиясы мен Иран көш бастаса, ең таңдаулы сұрыптары Әмірлікте өсіріледі.

Худа Әнақби, құрма бағының қызметкері: - Біздің елдің топырағы көбіне қызыл түсті келеді. Қандай да бір өсімдіктің өсіп шығуына қиын. Әрдайым құм суырып тұратын ортада егін салу көптің қолынан келе бермейді. Пальма ағашын күтіп-баптауға келгенде түрлі технология қолданамыз. Өз алдына бөлек ғылыми көзқарас керек. Ағаш бір-біріне жақын орналаспауы керек. Олай болған жағдайда тамырына тіршілік нәрі теңдей бөлінбейді.

Қазір Араб әмірліктері агро саладағы брендтік жемісін көптеп өсіруге ден қойды. Бұл мақсатқа шетелдік фермерлер де шақырылып, тегін 10 жылдық виза беріле бастады. Оған қоса, мемлекет бұл шаруамен мықтап айналысамын деушілерге миллиондаған доллар сыйақы тағайындап отыр. Таяуда Таиландтан келген екі бағбан осы мүмкіндікке ие болды.

Рауан Мыңбай, тілші: - Ал Дубайда жыл сайын құрманы кең насихаттауға арналған 2 ірі фестиваль өтіп тұрады. Дәстүрге айналған іс-шаралар танымал жеміс өндірісін ұлттық брендке айналдыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға және агроэкспорт әлеуетін арттыруға бағытталған.

Авторы: Рауан Мыңбай 



0 пікір
Мұрағат