Араб елі білім беру саласына түбегейлі реформа жүргізеді
Араб елі білім беру саласына түбегейлі реформа жүргізеді
3 жыл бұрын 1471 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен аталған елде мұнай шикізатына байланған экономиканы әртараптандырудан бастап, аса ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар легі жүргізіліп келеді. Уақыт көшінен қалмау мақсатында қолға алынған реформа аясында түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. Ел дамуына серпін беруі тиіс сондай бірегей бағдарламалардың бірі – «Адам әлеуетін дамыту бағдарламасы». Мақсат – білім беру жүйесін қайта құру арқылы ел тұрғындарының еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға саяды. Аталмыш стратегия «құндылықтарды нығайтудан, негізгі құзыретті және болашақта қажет машықтарды дамытудан, сондай-ақ, білім алудан» тұрады. Бұл бағыттағы бағдарлама үш негізгі тіректен тұрады: тұрақты әрі берік білім беру базасын дамыту, ішкі және халықаралық еңбек нарығындағы болашақта орын алуы ықтимал ахуалдарға даярлау, сондай-ақ, өмір бойы білім алуына мүмкіндік тудыру. Бұл тараптағы құжат жобасында 89 бастама қарастырылған, соның ішінде жаңғыртпалы энергия көздеріне біртіндеп көшу, өнеркәсіптің жоғары технологиялы саласын дамыту, сондай-ақ, адам капиталын дамыту. Аталған реформа аясында саудиялықтар бала шағынан есейгенше тұрақты білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі таңда елдегі балалардың тек 23%-ы ғана балабақшаға барады, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде Саудияның мемлекеттік білім беру мекемелерінде қасиетті Құранға және әдепке баулитын пәндерге басымдық берілген, ал өзге пәндерге жете көңіл бөлінбейді. Сол себепті,  саудиялық азаматтар арасында техника саласының мамандары жоқтың қасы десе де болады. Бұл елдегі техникалық салаларды негізінен шетелдік мамандар жүргізіп отыр. Саудиялықтардың дені мемлекеттік қызметте, жұмыссыздар қарасы еңбекке жарамды тұрғындар санына шаққанда 11,7%-ға жеткен.

0 пікір
Мұрағат