|
Араб елі кәмелет жасына толмағандарды қорғайтын заңды күшейтті
|
Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейтуге, жезөкшелікпен күресуге және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған федералдық декрет-заң қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы Arabian Business ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш құжат қылмыстар және жазалар туралы заңннамаға түзетулер енгізуді ұйғарады. Түзетулердің жеке блогы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қатынасқа тарту немесе мәжбүрлеу сипатындағы қылмыстарға қатысты. Кәмелетке толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түскен кәмелетке толған адамдарға жынысына қарамастан және келiсiмi болған жағдайда да кемiнде он жыл мерзiмге бас бостандығынан айыру және кемiнде 100 мың дирхам (шамамен 27,2 мың доллар) айыппұл салу жазасы қолданылады. Егер жәбірленуші 16 жасқа толмаса, келісім жарамсыз деп танылатынын заң нақтылайды. Ал өз еркімен жыныстық қатынасқа түскен кәмелет жасына толмағандарға жынысы мен өзі төсектес болған адаммен арадағы қатынасының сипатына қарамастан кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылығы жөніндегі заң аясында шара қолданылады. Сондай-ақ, жезөкшелікке тартатындарға жауапкершілік күшейтілді. Ондай тұлғалар кем дегенде екі жылғы бас бостандығынан айырылады әрі айыппұл төлейді. Ал кәмелет жасына толмағандарды жыныстық қатынасқа тартса немесе мәжбүрлесе, жаза қатаңдатылады. Бұған қоса, заңға енгізілген түзетулер бірқатар ауыр қылмыстар бойынша қылмыс қатерінің дәрежесін бағалау бойынша сот органдарының құзыреті мен мүмкіндіктерін кеңейтеді. Атап айтқанда, жаза мерзімінің соңғы алты айында сотталғандар медициналық, психологиялық және әлеуметтік тексерулерге жіберілуі мүмкін. Бұл бағыттағы бағалау жұмыстары қылмыс тарихын, жазасын өтеушінің мінез-құлқын, арнайы тесттер мен аккредиттелген сарапшылардың қорытындыларын ескере отырып жүргізілетін болады. Жаңа нормаларға сәйкес, егер адам қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруді жалғастыратыны анықталса, прокуратура негізгі жазаны өтегеннен кейін қосымша алдын алу шараларын қолдану туралы сотқа өтініш беру құқығына ие болады. Мұндай шаралар оңалту немесе терапевтік орталықтарға жіберуді, қадағалауды немесе электрондық мониторингті қамтуы мүмкін. Түпкілікті шешім сотта қалады.