Араб елі лицензияның жаңа түрін іске қосты
|

Біріккен Араб Әмірлігінің билігі жылдам өсіп келе жатқан қаржылық контент нарығын реттеуде маңызды қадам жасады, дәлірегі, қаржы секторындағы инфлюенсерлерді лицензиялауды міндеттейтін жаңа ереже қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы BUSINESS EMIRATES ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұдан былай ереже талаптарына сәйкес инвестиция, сауда-саттық немесе қаржыға қатысты кеңестерімен немесе тәжірибесімен әлеуметтік желіде, шараларда, өзге де платформаларда бөлісетіндер БАӘ-нің құнды қағаздар және шикізат тауарлар жөніндегі басқармадан лицензия алуы тиіс. Бұл бастама қаржы саласындағы ашықтықты, жауапкершілікті қамтамасыз ететін ааймақтағы алғашқы бастама. Мұндағы мақсат интернетте сараптамалық материалдарды, іскерлік ұсыныстарды және қаржылық жарнаманы жариялайтындар үшін нақты ережелерді орнатуға саяды. Бұл инвестиция ұсынатындарды қорғауға және интернетте таралатын ақпараттың дәлдігін және жауапкершілігін қамтамасыз ететін стратегияның бір бөлігі. SCA бас директоры Уәлид Сайд әл Ауад жаңа лицензияны нормативті құжат деп қана емес, цифрлы саланы жетілдірудің стратегиялық қадамы ретінде бағалап отыр. Лицензия түрлі қорлар мен басқа қаржылық құралдарды сатып алу немесе сату бойынша ұсыныстарды талқылайтындарды, активтердің бағасын болжайтындар немесе виртуалды активтер мен сауда платформаларын сараптайтындар үшін міндетті. Сонымен қатар, талдауға құрылған есептер мен пікірлерді кез келген бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялайтын авторлар да осы санатқа жатады. Лицензия алғаннан кейін инфлюенсерлер ақпарат жариялау кезінде дәлдік пен жауапкершілікке қатысты стандарттарды немесе ереже талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Бұл лицензия БАӘ-нің әлемдегі жетекші қаржы орталығына айналу стартегиясының үддесінен шығады. Қаржылық қызметтер мен өнімдерге және құралдарға, сондай-ақ, түрлі операциялар мен мәмілелерге деген сенімділікті қалыптастырады.




