|
Араб елінде әлеуметтік желіде шектен шыққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
|
Біріккен Араб Әмірлігінде әлеуметтік желіні абайлап пайдаланбасаң, опық жеп қалуыңыз мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары пен медиаконтент стандарттарын бұзған тұлға федералды прокуратура тарапынан жауапкершілікке тартылады. БАӘ билігі әлемжелідегі кез келген заңға қайшы әрекетке көз жұма қарамайды. Бұл бағытта тәулік бойы интернет кеңістігі қатаң қадағаланады. Осылайша қоғамның тынышын алатын, араздық пен алауыздыққа бастайтын, елді дүрліктіретін, құтын қашыратын материалдар ұлт қауіпсіздігіне қайшы әрекет ретінде танылады. Ұлттық және діни құндылықтардың сақталуына, дәлірегі, қорлауға немесе кемсітуге жол берілмейді. Әлеуметке қарсы немесе анайы контенттерді жариялағандарға 1 млн дирхам айыппұл салынып, түрмеге қамалады. Әлеуметтік желіде өзге біреуге мәтіндік, дыбыстық немесе бейне (аудио және видео), тікелей эфир түрінде жала жабуға, қауесет таратуға басыбүтін тыйым салынған. Киберқылмыстар туралы заңның 43-бабына сәйкес онлайн-қорлау немесе адамның ар-намысына нұқсан келтіретін әрекеттер үшін түрмеге кесу немесе ірі айыппұл салу жазалары қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 426-бабында көпшілік алдында, яғни, жария түрде қорлағаны үшін - бір жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе 20 мың дирхамға дейін, ал ауыр жағдайларда - екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе 50 мың дирхамға дейін айыппұл салу көзделген. 2021 жылы қабылданған және 2024 жылы түзету енгізілген №34 федералды декрет-заңы 250 мыңнан 500 мың дирхамға дейін айыппұл және түрмеге қамау жазалары қолданылады.