Араб елінде жоғалған заттарды тауып берген адамның сыйақысы заңмен белгіленіп бекітілді
Араб елінде жоғалған заттарды тауып берген адамның сыйақысы заңмен белгіленіп бекітілді
8 күн бұрын 620 Материалды көшіріп басқанда Islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Дубайда табылған немесе тасталған заттар мен бұйымдарға немесе мүлікке қатысты жаңа заң қабылданды. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жоғары мәртебелі шейх, Біріккен Араб Әмірлігінің вице-президенті, премьер-министрі және Дубай әміршісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мақтұм бекіткен 2025 жылғы № 17 заң тек адал адамдарды көтермелемейді, сонымен бірге, тәртіп бұзушыларға қатаң айыппұлдар енгізуге мүмкіндік береді. Заңды іске асыруда негізгі рөл табылған заттарды қабылдайтын, заттың немесе бұйымның сипаттамасын, табылған күнін, орнын және тапқан адамның деректерін тіркей отырып, оларды сақтауды және тексеруді қамтамасыз ететін Дубай полициясына жүктелген. Сондай-ақ, ведомство жоғалған және тасталған барлық мүлікті есепке алудың электрондық жүйесін құруға, сақтау шығындарын анықтауға, жария хабарландыруларды орналастыруға және осы заттардың одан арғы тағдырын бақылауға міндетті. Заңда берілген анықтамалар бойынша «жоғалған мүлік» деп меншік иесі абайсызда жоғалтқан бұйымға құндыдығы бар заттар, соның ішінде ақша немесе жылжымалы мүліктер жатқызылған. «Тасталған мүлік» - бұл иесі бас тартқан ақша немесе жылжымалы мүлік. Қаңғыбас жануарлар осы санаттардың ешқайсысына жатпайды. Затты тауып алушы оны 24 сағат ішінде электрондық жүйеде тіркеуге және 48 сағат ішінде полицияға тапсыруға міндетті. Оған бұл мүлікті пайдалануға, сақтауға немесе иемденіп алуға тыйым салынады, әйтпесе үстінен қылмыстық іс қозғалып, заңмен қудалау болуы мүмкін. Егер иесi бiр жыл iшiнде келмесе, тауып алушы затты өзiне берудi сұрауға құқылы, бiрақ, меншiк иесi пайда болған жағдайда мүлiктi қайтаруға мiндеттi. Жоғалған меншік иелерінің құқықтары да қорғалған. Олар жоғалған затты алуға құылы немесе оның құнын үш жыл ішінде қайтаруды талап ете алады. Жоғалған затқа таласы бар бірнеше адамның дауы кезінде меншік құқығы сот шешімімен айқындалады. Жоғалған заттың табылғаны туралы ресми жарияланған кезден бастап үш жыл өткеннен кейін ол затты ешкім даулай алмайды. Затты немесе оның құнын қайтару үшін иесі сақтау шығынын төлеуге немесе өтеуге міндетті. Азаматтардың адалдық қасиетін көтермелеу үшін заң бойынша тапқан адамға алғыс хат немесе мүлік құнының 10% -ға дейінгі (алайда, 50 мың дирхамнан аспайтын) мөлшерде ақшалай сыйақы көзделген. Заң бұзғандарға 500-ден 100 мың дирхамға дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін, ол бір жыл ішінде қайта заң бұзған жағдайда айыппұл мөлшері екі еселенеді, алайда, 200 мың дирхамнан аспауы тиіс.

0 пікір
Мұрағат