Араб елінде “көк визаны” ресімдеудің тәртібі айтылды
|

Біріккен Араб Әмірлігінде қоршаған ортаны қорғауда елеулі үлес қосқан шетелдіктерге беретін “көк визаны” – 10 жылға арналған резиденттік визаны ресімдеудің тәртібі таныстырылды. Бұл жайында islam.kz порталы Time Out Dubai ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Резиденттерге арналған визаның жаңа түрі биыл аталған араб елінің ұзақ мерзімді әрі тұрақты даму стратегиясы аясында беріледі. Дәлірегі, мұндай виза құрлықтағы экологиялық жүйені, теңіздегі тіршілікті, ауа сапасын қорғайтын немесе қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізетін технология ойлап тапқан тұлғаларға, экологтарға беріледі.
Мұндай виза алуға өтініш беретіндер экология, теңіз биологиясы және климат құбылыстары секілді түрлі салаларда біліктілігін көрсетуі тиіс, яғни, сарапшы болуы керек.
«Көк» визаға өтініш бере алатындар:
• Экологиялық белсенділер – БАӘ-де және шетелде
• Халықаралық ұйымдардың, ассоциациялардың және қоршаған ортаға оң әсер ететін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері.
• Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық сыйлықтардың иегерлері.
• Қоршаған ортаны қорғау саласындағы көрнекті зерттеушілер
Виза алуға өтініш бергендер келесі талаптарды орындауы қажет:
• Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктерін әйгілейтін айғақ.
• Құжаттарды тапсырған күннен бастап кем дегенде 6 ай жарамды құжат.
• Ақ фонда төлқұжат көлеміндегі сурет.
Өтінішті федералды жеке тұлғаны тану, азаматтық, кеден және порт қауіпсіздігі басқармасының порталы арқылы беруге болады. Кандидаттарды тиісті мемлекеттік органдар да ұсына алады.
Өтініш құны 350 дирхамды құрайды. Өтініште толық аты-жөніңізді, байланыс мәліметтеріңізді, және номинация сұрауының нөмірін көрсету қажет. Содан кейін жеке мәліметтерді, соның ішінде азаматтығыңызды, кәсібіңізді, туған күніңізді, төлқұжат туралы ақпаратты, діни сеніміңіз бен мекен-жайды ұсыну қажет.
БАӘ-ның шегінен тыс жерден өтініш берушілер алдымен тұрақты тұру визасын алу процесін аяқтау үшін 6 айлық көп мәрте виза алуға өтініш беруі қажет. 6 айлық көп мәрте визаны алу процедурасы ресми түрде 2025 жылдың мамыр айының 13-де басталды.




