|
Араб елінің қолөнері мұхит асып жатыр
|
Америка құрама штаттары мароккалық қолөнер тауарларын экспорттау нарығында көш бастады. Бұл ахуал мароккалықтардың қолөнеріне сұранысты тұрақты түрде арттырып, араб елінің экономикасының қыруар қаржы көзіне айналды. Бұл жайында islam.kz порталы Morocco News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Strategic Market Watch жүйесінің дерегінше, Марокканың қолөнер бұйымдарының АҚШ-қа экспорты өткен жылы 483 млн дирхамға жеткен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы 2023 жылғы деңгеймен салыстырғанда алты пайызға артқан. Соның ішінде керамикалық бұйымдар ең көп экспортталып, америкалық нарықтың 48 пайына жеткен. 2019-2024 жылдар аралығында мароккалық қолөнер бұйымдарының АҚШ-қа экспорты жылына орташа есеппен 16 пайызға өсті. Цифрлы мәліметтер де мароккалық қолөнер бұйымдары экспортының артқанын көрсетті. Сарапшылар қолдан жасалған бұйымдарға 863 000-нан астам онлайн сілтемелерді тіркеген екен, олардың 40 000-ы мароккалық белбеулерге қатысты. Америкалық тұтынушылар әдетте қолөнер бұйымдарын таңдағанда ең алдымен материалдардың табиғи қалпына, шикізат көзіне, дайындалу сапасына, қолөнершінің шеберлігіне назар аударады. Көбінесе мароккалықтардың қолөнер бұйымдарын кәдесый, қосымша актив, коллекция үшін сатып алып жатады. Мароккалық қолөнер бұйымдарына білдірілген лебіздердің шамамен 95 пайызы жағымды шыққан, яғни, оң пікір білдірген. Әсіресе, безендірілуіне (дизайнына) жылы пікір қалдырғандар қарасы көп. Бұдан бөлек, мароккалықтардың жиһазына да әлем елдері тарапынан сұраныс артып келе жатқанын айта кетпекпіз.
Ұқсас материал: