Артық салмақтан зардап шегетіндер саны бойынша Түркия Еуропада бірінші орынға шыққан
|

Күллі әлем бойынша 1 млрд-тан аса адам семіздік індетіне шалдыққан. Адамзат үшін бас ауыртатын негізгі дағдарыстардың біріне айналған артық салмақтан зардап шегетіндер қарасы жылдан жылға ұлғайып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті індет ретінде ресми жіктейтін деңгейге жеткен. Бұл жайында islam.kz порталы түріктердің бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. ДСҰ-ның 2022 жылғы есебінде Түркия кәрі құрлықта артық салмақтан зардап шегетіндер саны бойынша бірінші орынға шыққан. Бүгінде түріктердің 70 пайызға жуығы, дәлірегі, ел тұрғындарының 66,8%ы семіздік індеті мен артық салмақтан зардап шегеді. Әдетте семіздік індеті табысы төмен елдерге тән дерт болып келеді. Ал Түркия табысы жоғары ел болғанымен семіздік індетінің етек алуына ең алдымен бай мен кедей арасындағы алшақтық себеп болған. 2030 жылға таман түріктердің 27 млн-ы немесе ел тұрғындарының әрбір үшіншісі артық салмақтан зардап шегетін болады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының сарапшылары бұл кері үрдісті тойып тамақтанбаумен, әлеуметтік теңсіздікпен, денсаулыққа залалды азық-түлікпен, мемлекет тарапынан тегеурінді шаралардың болмауымен байланыстырады. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Түркиядағы әрбір бесінші бала ашқұрсақ, ал артық салмақтан зардап шегетін балалар саны 10%-ға жетіп қалған. Бұған ең алдымен түріктердің төл ақшасының, яғни, ұлттық валютасының құнсыздануы, қатарынан бірнеше жылға созылған жоғары инфляция, кедейлік себеп болған. Ашқұрсақ адамның өсіп жетілуі қиын, бірден семіздік індетіне шалынуға бейім келеді. 2022 жылғы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, түрік балаларының 62,4% тек макарон мен нанды, яғни, ұн өнімдерін тұтынған. Бұдан бөлек, арзан, тәтті, газдалған сусындар мен фаст-фуд семіздік індетінің етек алуына түрткі болған. Бұған қоса, пестицидпен өңделген тағамдар балалардың гормон жүйесінде ауытқу тудырып, семіздік індетіне бастаған.




