|
Ауа температурасы Целсия бойынша 38 градустан асқанда жұмысты бірден тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін
|
Жазғы аптапта ашық далада жұмыс істейтін жұмысшылардың ыстықтан болатын өлім-жітімін азайту немесе мұндай қатердің алдын алу үшін Оңтүстік Корея билігі ауа температурасы Целсия бойынша 38 градустан асқанда барлық қара жұмысты автоматты түрде тоқтату жөнінде шешім қабылдауы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таңғы шық елінің жұмыспен қамту және еңбек министрлігі осы айдың ішінде нақты шараларды қамтитын «Аптап және ыстыққа байланысты аурулар бойынша басшылық қағидаттарын» енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Аталған елдің метеорологиялық басқармасы биыл жазда ауа температурасы Целсия бойынша38 градустан жоғары болатынын алға тартып отыр. Ескерту берілген күндері табиғи апаттарға қатысты немесе қауіпсіздікті басқару сияқты шұғыл жұмыстардан басқа ашық даладағы барлық жұмыстар тоқтатылады.Жұмыс орнындағы жылу толқындарын қадағалау туралы ұсыныстар ресми түрде қабылданатын температура межесіне негізделген екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезең жұмыс берушілерден ашық далада жұмыс істеу кезінде әрбір екі сағат сайын кемінде 20 минут демалыс беруді талап ете отырып, қабылданатын температура межесі Целсия бойынша 33 градус және одан жоғары болғанда қолданылады. Аталмыш ереже талаптарын бұзғандарға өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы заңда көзделген нормаларға сәйкес кінәлі тұлғаны бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 50 миллион корей вонына дейін айыппұл салу жазасы қолданылуы ықтимал. Екінші кезең Целсия бойынша температура көрсеткіші 35 градусқа дейін және одан жоғары межені қамтиды: жұмыс берушеден жұмысшы әр сағат сайын кемінде 15 минут демалуды және аптап ыстық орнайтын сағат 14: 00-ден 17: 00-ге дейін ашық далада жұмысты тоқтатуды талап ете алады. Аптап ыстыққа байланысты өндірістік жазатайым оқиғалардың саны өсуде. Корея жұмыскерлерінің әл-ауқаты және өтемақы қызметінің мәліметінше, 2020 жылы 13 оқиғадан (2 өлім), 2021 жылы 19 оқиғадан (1 өлім), 2022 жылы 23 оқиғадан (5 өлім), 2023 жылы 31 оқиғадан (4 өлім) 51 оқиғаға (2 өлім) дейін өскен. Өткен жылғы дерек бойынша 28 күн аптап ыстық орнаған - ең жоғарғы температура Целсия бойынша 33 градус және одан жоғары болды.