|
Ауғанстанда Wi-Fi-ға тыйым салынды
|
Ауғанстан билігіндегі тәліптер қозғалысы елдің солтүстігінде орын тепкен Балх провинциясында оптоталшықты интернетті пайдалануға басы-бүтін тыйым салды. “Азғындықтың алдын алу мақсатында”. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде жергілікті әкімшіліктің өкілі Қажы Атаулы Зайытқа жөн сілтеген yenisafak.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Тәліптер көсемі Хизбатулла Ақынзаданың пәрменімен салынған тыйымның аясында мемлекеттік мекемелер, жекеменшік компаниялар, білім беру ұйымдары және тұрғын үйлер Wi-Fi игілігінен мақұрым қалды. Дәлірегі, интернетке кіруден қалды. Десе де мобилді интернет аталмыг провинция аумағында жұмыс істеп тұр. Қажы Атаулы Зайыт алдағы уақытта негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін интернетке қол жееткізудің баламалы жүйесі жасалатынын жеткізді. Алайда, нақты қалай жүзеге асатыны және мерзімі айтылмады. Бұдан бөлек, неге тек Балх провинциясында мұндай тыйым салынғаны туралы дерек жоқ. Осы орайда тәліптер діни мерекелерде ықтимал теерактінің алдын алу үшін интернетті уақытша бұғаттайтын шараларға барғанын айта кетпекпіз.