|
Ауызсудан тарыққан араб елі кермек суды жаппай тұшшыландыруға көшті
|
Құрғақшылық жайлаған Марокко климат дағдарысының салдарына, яғни, ауызсу тапшылығына байланысты теңіз суын тұшшыландыру стратегиясын жеделдетуге кірісті. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде аталған елдің құрал-жабдық және су ресурсы министрлігіне жөн сілтеген Hespress ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қазіргі уақытта Марокко аумағында жылына 320 миллион текше метрге дейін су тұшшыландыратын 17 зауыт бар, ал салынып жатқан төрт жаңа жоба жылына тұшшыландыратын суды 532 миллион текше метрге жеткізеді. Министрліктің хабарлауынша, тұзды жерасты және теңіз суларына арналған 244 ықшам тұшшыландыру қондырғысы елдің барлыққ түкпірінде, соның ішінде шалғай ауылдарда іске қосылуда. Негізгі инфрақұрылым - әл-Жәдид пен Сафи зауыттары, олар 2023 жылы ішінара жұмыс істей бастады және 2026 жылға қарай толық қуатпен жұмыс істейтін болады. Бұл нысандар қазiрдiң өзiнде оңтүстiк Касабланка, Сеттат және Беррешид су қажеттiлiгiнiң 80 пайызын қамтамасыз етедi. Қуаты жылына 300 миллион текше метрге дейін су тұшшыландыратын, Африка құрлығы бойынша ең ірі су тұшшыту зауытына айналуы тиіс Касабланкадағы мегажоба 40 пайызға аяқталып, 2026 жылдың соңына таман іске қосылып қалады. Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестік шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар 2030 жылға қарай жыл сайын 1,7 миллиард текше метрге дейін тұшшыландырылған сумен қамтамасыз ету жөніндегі Марокконың мағлұмдамасына сәйкес әзірленген ұлттық бағдарламаның бір бөлігі ретінде алға шығады.