Азия елінде өткен жылы 17 мыңнан аса алжу ауруынан зардап шегетін науқас жоғалды
Азия елінде өткен жылы 17 мыңнан аса алжу ауруынан зардап шегетін науқас жоғалды
1 сағат бұрын 35 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

2025 жылы Жапонияда деменция дертіне байланысты жоғалғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 776-ға азайып, 17 345-ті құрады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде күншығыс елінің ұлттық полиция агенттігі келтірген дерекке жөн сілтеген Nippon ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан төмендегенін көрсеткенімен әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Алжу ауруына байланысты жоғалғандар арасында өткен жылы 573 адам өлі күйінде табылған. Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жергілікті биліктің электрондық хабарламалары арқылы жергілікті тұрғындар табады. Сөйтсе де ұшты-күйлі, хабар-щоарсыз кеткендердің де қарасы көп. Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің зерттеу тобы жариялаған болжамға сәйкес 2040 жылға қарай Жапонияда 65 және одан жоғары жастағы егде адамдардың саны өз шегіне жеткенде деменция дерті бар егде жастағылар саны 5 842 000 адамды құрайтын болады. Бұл көрсеткіш 2022 жылға қарағанда 1,41 миллионға көп және шамамен әрбір жетінші қарт адам деменция дертінен зардап шегеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2050 жылға таман күллі әлем бойынша деменция дертінен зардап шегетін адамдар саны 139 млн-ға жетеді. Бұдан бөлек, 2050 жылға қарай 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны екі есеге артып, 2,1 млрд адамға жетеді. 2024 жылғы мәлімет бойынша бүкіл әлемде 55 миллионнан астам адам деменциядан зардап шеккен. Алжу ауруынан зардап шегетін науқастардың ем-домына кететін шығын жылдан жылға өсіп келеді. Бір ғана Америка құрама штаттарында 2023 жылы деменция дертімен байланысты шығын 321 млрд долларға жеткен. Ал 2050 жылға таман бұл тараптағы көрсеткіш 1 трлн долларға жетуі ықтимал.

0 пікір
Мұрағат