|
Азиядағы ең үлкен шөл даладан жерасты суының мол қоры табылды
|
Шыңжан геологтары жүйелі су іздеу жобасы барысында Такла-Макан шөлінде жерасты суларының екі жаңа көзін тапты - біреуі шөлдің оңтүстік шетіндегі Аңдыр кентінде, екіншісі Мазартақ тауының оңтүстігінде, оның орталық бөлігінде. Бұл жайында islam.kz порталы interestingengineering.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Екі су көзі де бір-бірінен алшақ орналасқан - бұл судың шөлейт астында болжанған аумақтан да кең таралғанын білдіреді. Бұл арада сөз минералдандырылған, тұздалған су турасында болып отыр - ол теңіздікіне қарағанда тұшшылау, бірақ, ішетін суға қарағанда кермек татиды. Жаңа су көздері Тарым бассейнінің белгілі жерасты резервуарын толықтырады: Қытай ғылым академиясының 2015 жылғы есебі бойынша осы бассейннің астында тек тұзды жерасты сулары Солтүстік Американың барлық бес Ұлы көліне қарағанда шамамен 10 есе көп жиналған. Ұзақ уақыт бойы Такла-Макан астындағы жерасты сулары қозғалмайтын және іс жүзінде пайдалану үшін тым тұздалған деп саналып келген еді. Жаңа геологиялық барлау деректері бұл тұжырымның дұрыстығына күмән келтіреді және ауыл шаруашылығы мен шөлейттенуге қарсы күрес үшін тұздалған суды пайдалануға мүмкіндік береді. Дәл осы аймақта Қытай билігі өсімдіктерді осындай сумен қауіпсіз суаруға болатынын тексеру үшін сынақ стансасын салды. Бұл бағыттағы жоба қытайдың «Үш солтүстік» бағдарламасына сәйкес келеді - ұзындығы 3046 шақырымға жуық жасыл белдеу елдің солтүстігінде құмның көшуін тежеуі тиіс және 2024 жылғы қарашада аяқталды. Белдеу бойымен отырғызылған ағаштар мен бұта-қараған дер кезінде суарылмағандықтан тез қурап кетеді, сондықтан кез келген қосымша су көзіне қол жеткізуді өңір билігі жай ғана ғылыми мүдде емес, нақты міндет ретінде қарастырады. Такла-Макан шамамен 337 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр және Араб түбегіндегі Руб-әл-Халиден кейінгі әлемдегі екінші ірі құмды шөл болып саналады. Оның құм шағылдары - планетадағы ең биік шөлдегі шағылдардың бірі, ал шөл климатының қатал келетіні соншалық, жергілікті атауы «қайтып келмейтін жер» немесе «Барса – келмес» деген мағына береді. Геологтар бір ғана зерттеу нәтижесіне ғана емес, өңірдің жерасты суларын 60 жылдан астам уақытқа созылған бақылау мағлұматтарына сүйенеді. Бұл мәліметтер Такла-Макан су тұтқыш қабаттарын бағалау және жерасты суларының картасын жасау үшін пайдаланылды.