|
Бангладеш ең негізгі кіріс көзін экономиканың тұрақты секторына айналдыру бағытында жұмыс істеп жатыр
|
Бангладештің тоқыма индустриясы әлемдегі ең ірі индустриялардың бірінен саналады. Бангладеш билігі осы саланы циркулярлы экономикаға айналдыруға күш салып жатыр. Өйткені, жаһандық брендтер мен жергілікті өндірушілер тоқыма қалдықтарын Circular Fashion Partnership (CFP) арқылы құнды шикізатқа айналдыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы bjournal.net сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндай бастама Бангладеште алғаш рет 2020 жылы іске қосылды және содан бері Азия мен Еуропаны қамтитын көпсалалы платформаға айналды. Бұл тараптағы серіктестік тоқыма өнеркәсібінен кейінгі жергілікті тілде jhut деп аталатын қалдықтарды қайта сән тізбегіне айналдыру арқылы тоқыма өңдеу жүйелерін құруға бағытталған. Киім экспорты барлық экспорттық кірістің 80% -дан астамын құрайтын Бангладеш үшін айналмалы экономика режиміне көшу бастамасының берері көп. Бұған ең алдымен шикізат бағасының өсуі, Еуропалық одақ сияқты негізгі нарықтарда экологиялық ережелердің қатаюы және халықаралық сатып алушылар тарапынан қысым саланы қалдықтарды басқару тәсілдерін қайта қарастыруға мәжбүрлейді. 2024 жылдың соңына таман Бангладештегі пилоттық жоба CFP аясында 11 000 тоннадан астам постиндустриялық тоқыма қалдықтарын бөлді, оның ішінде 5 000 тоннадан астамы сандық жолмен қадағаланды. Бақылау процедурасы Reverse Resources цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады: зауыттардан қайта өңдеу зауыттарына жөнелтілген қалдықтарды картаға түсіреді және барлық жеткізу тізбегі бойынша ашықтықты қамтамасыз етеді. Сарапшылардың есебінше, Бангладеш ел ішіндегі барлық мақта қалдықтарын өңдейтін болса, бастапқы мақта импортын қысқартып, жылына 750 миллион долларға дейін үнемдей алады. Осы орайда қоршаған ортаға пайдасы зор бастаманы жүзеге асыру уақытының шешуші мәнге ие болатынын айта кетпекпіз. Әлемдік сән брендтері материалдарды сатып алу, қайта өңдеу және қоршаған ортаға әсері туралы егжей-тегжейлі деректерді талап ететін Еуропалық одақ өнімінің цифрлық паспортын (DPP) қоса алғанда, орнықты даму қағидаларын қатаңдатуға дайындалуда. «Циркулярлық тек тұрақты дамудың ғана мақсаты емес, бизнес-талапқа айналады», - деді әріптестікке тартылған сала өкілдері. Бангладештен өнім сатып алатын брендтер жеткізушілерден қалдықтардың бақылануын және дайын өнімнің қайта өңделген құрамын көрсетуді ұдайы талап етеді. CFP-дің қатысы бар ірі халықаралық брендтерге H&M Group, Inditex, Bestseller, Marks & Spencer және Target Australia кіреді - бұлар Бангладештен үлкен көлемде киім сатып алады. Аталған брендтер өңделген талшықтарға сұранысты қалыптастыруға ықпал етті және фабрикаларды қалдықтарды сегрегациялаудың неғұрлым жетілдірілген тәжірибелерін енгізуге итермеледі. Бастамаға жергілікті деңгейде Бангладеш киім өндірушілер және экспорттаушылар қауымдастығы (BGMEA) қолдау көрсетіп отыр: 2025 жылы BGMEA Бангладештің тоқыма секторын айналмалы экономиканың еуропалық стандарттарына сәйкес келтіру мақсатында қайта өңдеудің озық технологиялары мен инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеу үшін Нидерландыға сауда миссиясын басқарды. Бангладеште қайта өңдеу бойынша бірнеше жоба қолға алынып жатыр, ал жалпы инвестиция мөлшері шамамен 40 миллион долларға жеткен. Пайдалануға берілгеннен кейін бұл кәсіпорындар қайта өңделген жіпті иіру бойынша қуаттылықтың күніне шамамен 100 тоннасын қамтитын болады, осылайша импортталатын шикізатқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етпек. Бангладеште айналмалы экономиканы ұлғайтуға бірнеше қиындықтар кедергі келтіруде. Тоқыма қалдықтары саудасының басым бөлігі бұрынғысынша бейресми жұмыс істейтіндіктен оны қадағалау қиын. Қайта өңдеудің озық технологиялары қымбат және талшықты талшыққа қайта өңдеуге машықтанған білікті мамандар жетіспейді. Саяси кедергілер де сақталуда. Қайта өңдеудің экспорттық аймақтары (EPZ) қалдықтардың орнын ауыстыруды реттейтін күрделі ережелерге ие және елде тоқыма өңдеудің кешенді ұлттық жүйесі жетіспейді.