|
Биылғы ең ықпалды 10 мемлекет аталды
|
Оңтүстік Корея америкалық бұқаралық ақпарат құралдары түзген «2025 жылғы әлемнің ең ықпалды елдері» тізімінде Францияны басып озып, 7-орыннан көрінген. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Америкалық * * CEOWorld Magazine * * бизнес-медиа дерегі бойынша Таңғы шық елі жалпы алғанда 7-ші орынға иек артып, 94,18 ұпаймен Францияны артқа тастаған. Ал осы тізімде қай заманда да біріншілікті бермей келе жатқан Америка құрама штаттары 95,36 ұпаймен бұл жолы да көш бастаса, одан кейін екінші орынға Қытай табан тіреген (94,86 ұпай), үшінші орында Ресей тұр (94,81 ұпай). Үндістан – 4-ші орын (94,76 ұпай), Ұлыбритания – 5-ші орын (94,56 ұпай), Жапония – 6-шы орын (94,31 ұпай), Оңт.Корея – 7-ші орын, одан кейінгі орындарға Франция, Италия және Түркия жайғасқан. Осылайша Түркия бұл тізімде жалғыз мұсылман мемлекеті ретінде алға шыққан. Аталмыш бизнес-медиа АҚШ рейтингісіне кеңірек тоқталған екен: «АҚШ-тың жұмсақ күші жаһандық ойын-сауық, сандық платформалар, жоғары білім және мәдени экспорт арқылы формалды емес ықпал арқылы ресми билікті нығайтып, жаһандық дискурсты қалыптастыра алған». Рейтингте әлемнің 190 елі қамтылған. Мемлекеттердің жалпы әлеуеті жеті санат бойынша бағаланған: саяси тұрақтылығы, экономикалық экспанциясы, қорғаныс саласына бөлген қаражаты да есепке алынған, қару-жарақ арсеналы мен қорғаныс қабілеті, жаһандық ұйымдармен одақтастығы, мәдени ықпалы және жалпы әскери қуаты. Америкалық БАҚ мәлімдегендей, рейтинг телефонмен және онлайн арқылы жүргізілген әлемдік сауалнама нәтижесінде түзілген – ұзын саны 296 400 адамның пікірі ескерілген. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдар мен зерттеу институттарының мәліметтері де назардан тыс қалмаған.