Cаудия турист саны бойынша рекорд орнатты
|

Өткен жылы (2024) Сауд арабиясының туристік секторы рекордтық деңгейге қол жеткізді: аталған елге 116 млн мейман келген. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда 6%-ға артқан. Бұл жайында islam.kz порталы Arabian Business ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Саудияның туризм министрлігінің жыл сайынғы есебінде келтірілген дерекке қарағанда, өткен жылғы туристердің жалпы шығыны 75,7 млрддолларға жеткен, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Осылайша аталған елдің туризм саласының экономикаға қосар үлесі жылдан жылға артып келеді. Саудия аумағында болған шетелдік саяхатшылар қарасы өткен жылы 30 млн адамға жеткен. Ел тарихында тұңғыш рет рекорд орнатылды. Яғни, шетелдік туристер саны жағынан 2023 жылғымен салыстырғанда 8%-ға артқан. Шетелдік туристердің Саудиядағы шығыны 19%-ға артып, 44,9 млрд долларға жеткен. Саудияның ішкі туризмі де қарқын алып келеді: 2024 жылы 86,2 млн ішкі саяхат тіркелген, бұл көрсеткіш 2023 жылғымен салыстырғанда 5 %-ға көп. Қысқасы, ішкі туристер 30,7 млрд доллар шығынданған. Турим – мұнай экспортына иек артқан Саудия экономикасын әртараптандыру бағытындағы стратегиялық сала ретінде алға шығады.




