|
Дәрілердің кері әсерінен болатын өлім-жітім бесінші орында тұр
|
Ең мінсіз дәрі – денсаулыққа жанама немесе кері әсері жоқ дәрі. Алайда, мұндай дәрі жоқтың қасы. Бұл жайында islam.kz порталы интернеттегі түрлі дерек көздерінен, соның ішінде медициналық басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Тіпті, дәрігердің жазып берген рецептісі немесе пайдалануға рұқсаттың берілуі дәрінің қауіпсіздігіне толық кепіл бола алмайды. Оның үстіне, сапасы сын көтермейтін, денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп тиетін жасанды немесе жалған дәрілерге ұрынып қалу қатері де жоғарылып кеткен. Десе де әлемдік тәжірибеде кері әсері бар дәрілерді қолданыстан біржола алып тастауға сирек барады. Қолдану аясын шектейді немесе жетілдіреді. Мәселен, әлемге әйгілі аспирин дәрісі бір ғасырдан аса уақыт қолданылып келеді. Оның кер әсерін анықтауға табаны күректей 39 жыл кеткен екен – асқазанға улы әсері бар болып шыққан. Бұл кері әсерді мойындаудың өзіне 20 жыл кеткен. Дәрі-дәрмек сапасын бақылау жүйесі жетілген бір Америка құрама штаттардың өзінде дәрі-дәрмекті пайдаланудың кері әсерінен экономикалық шығын және одан емдеуге жұмсалатын шығын Америкада жыл сайын 177 млрд долларды құрайды, бұл көрсеткішті жүрек-қан тамыры ауруларын емдеуге арналған бюджетпен салыстыруға болады. Кейбір дәрілер бір-бірін «сіңірмейді немесе қорытпайды». Ал кейбір дәрі-дәрмектер бірқатар азық-түліктермен немесе сусындармен үйлеспейді. Дәріні тек сумен ішеді. Бұл – стандарт. Дәрі-дәрмектің кері әсерінен болатын өлім-жітім жүрек-қан тамыр ауруларынан, онкологиялық (қатерлі ісік) ауруларынан, тыныс алу жолдарынан, жарақат алудан болатын өлім-жітімнен кейінгі орында тұр. Енді қандай дәрілердің кері әсерінен көп өледі адамдар? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерек негізінде: бірінші орында – антибиотиктер (40,6%), екінші орында сульфаниламид дәрілері - 17,9%; аналгинге реакция беруден болатын өлім көрсеткіші - 11,5%; ауырсынуды басатын дәрілер - 10,5%. Дәріден болатын өлім-жітім көрсеткішінің артуына көлеңкелі дәрі-дәрмек нарығы да себеп болып отыр. Көлеңкелі нарықта көбінесе жалған дәрілер сатылады. Әлемде жалған дәрілік заттар айналымы 32 миллиард долларды құрайды. Әр түрлі елдерде өндірілетін дәрілік заттардың жалпы көлемінің шамамен 10% -ы жасанды, кейбір мемлекеттерде бұл көрсеткіш 50% -ға жетеді. Тұтастай алғанда, әлемде жалған дәрілік заттарды сатудан түсетін жыл сайынғы табыс 32 миллиард долларды құрайды. Оның үстіне, қолдан жасалатын дәрі-дәрмектің 60% -ы дамыған елдерде шығарылады. Қазақстан бұл мәселені міндетті цифрлық таңбалау арқылы шешуге тырысып жатыр: 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген барлық дәрі-дәрмектерде Data Matrix коды болуы тиіс, ал сатып алушы Naqty Onim қосымшасы арқылы түпнұсқалығын тексере алады. Алайда, бұл жүйе тек заңды тізбектің ішінде ғана жұмыс істейді. Егер дәрі астыртын, әлеуметтік желілерде, базарларда немесе сұрқай арналар арқылы сатылса, пациенттердің өлу қатері жоғарылайды. Инвесторлар өздерінің сапалы әрі заңды өнімінің жалған өніммен бәсекелесуге мәжбүр болса, жергілікті дәрі-дәрмек өндірісіне қаражат салмайды. Бір себеппен – өзінің өнімінің беделін жоғалтып, тұтынушылар тарапынан сенімнен айырылады. Жалған дәрі-дәрмек нарығының экономикалық ауыр салдары осындай. Енді қай дәрі түрлерінен адамның өліп кету қатері жоғары деген сауалға кей дерек көздері басқа мәліметті келтірген: бірінші орында ұйқы шақыратын дәрі түрлері мөлшерінен артық ішкенде адамның өліп кету қатері күрт артып кетеді. Содан кейін өлім қатері тым жоғары дәрілер қатарында антидепрессанттар мен нейролептикалық дәрілер тұр. Үшінші орында кардиологиялық, яғни, жүрек ауруларына арналған дәрілерден адамның ажал құшу қаупі жоғары, әсересе, жүрек жеткіліксіздігіне арналған дәрілер. Ауруды басатын дәрілердің де қатері жоғары.
Әлемнің көптеген елінде дәрі-дәрмек сауаттылығы немесе мәдениеті қалыптаспаған. Қай дәріні қай уақытта немесе астың алдында ма, ауқаттанып отырғанда ма, ас қайырған соң ба, қалай қабылдау керектігін де білмейді. Уыстап, аузына «ытқыта» салатын қауіпті әдеттен арылған жоқ. Бұдан бөлек, сатып алынған дәрілерді сақтау талаптарына немқұрайды қарайды. Жарық көзінде тұрған, бөлме температурасы жоғары немесе төмен, ылғалы көп ортада дәрілердің химиялық құрамы өзгеріп кетуі мүмкін. Мерзімі өтіп кеткен де дәрілер уға айналады. Кей дәрілерді ортасынан қақ бөліп ішуге мүлдем болмайды. Дәрінің құрылымын өзгертуі ықтимал. Кей дәрілердің қорғаныш қабаты бұзылады. Ал бұл өз кезегінде керісінше ем емес, дерт үстіне дерт болып жабысуы мүмкін. Ортасында бөлу сызығы жоқ дәрілерді бүтін ішеді.
Ескерту: мұндағы мәліметтер 2024 жылдың статикасы негізінде алынған.