|
Депрессиядан әлем экономикасы жылына 1 трлн доллар жоғалтады
|
Шизофрения – қоғамда әлі күнге дейін ашық айтылмайтын дерттердің бірі. Бұл диагноз Қазақстанда мыңдаған адамға қойылғанына қарамастан, оны жасыру, одан қашу, түсінбеу, пациенттен қорқу немесе алыстау әлі де жиі кездеседі. Ауруханадағы емнен кейін де науқастар мен олардың жақындары әлеуметтік бейімделуге кедергі келтіретін жүйелі тосқауылдарға жиі тап болады.
Шизофрения: сандар және шынайы өмір
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегінше, әлемде 1 миллиардтан астам адам түрлі психикалық бұзылыстармен өмір сүреді. Олардың арасында мазасыздық пен депрессиядан бастап, ауыр созылмалы психикалық ауруларға дейін бар.
Олардың шамамен 23 миллионы шизофренияға шалдыққан. Қазақстанда «шизофрения» диагнозы шамамен 40 мың адамға қойылған. Көбінесе аурудың алғашқы белгілері 20-29 жас аралығында пайда болып, адамның қалыптасу кезеңін, білімін, мансабын, жеке өмірін күрт өзгертеді.
Дәрігерлердің айтуынша, көптеген пациенттер жылдар бойы көмекке жүгінбейді, алғашқы симптомдар мен емнің басталуы арасында орта есеппен 10-15 жыл өтуі мүмкін. Мұның себебі – стигматизация, диагноздан қорқу, «есепке қойылудан» қашу, ақпараттың жеткіліксіздігі.
Басты мақсат – адамды қайтадан қоғамға қайтару
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенконың айтуынша, шизофрениямен ауыратын адамдар үшін ең ауыр мәселелердің бірі – әлеуметтік оқшаулану.
«Адам мұндай диагнозбен бетпе-бет келгенде тек денсаулығын емес, қалыпты өмірін жоғалтады: жұмысынан айырылады, достарынан алыстайды, өзіне сенімсіз болады, қоғаммен байланыс үзілетіндей сезінеді. Оқшаулану симптомдарды күшейтіп, дәрменсіздік сезімін қалыптастырады. Қазіргі терапияның мақсаты – тек белгілерді басу емес, адамды өмірге қайтару, мотивациясын, қызығушылығын, жоспар құру қабілетін қалпына келтіру», – дейді ол.

Заманауи емдеу: тиімді және ғылыми дәлелденген тәсіл
Тұрақты ремиссияға қол жеткізуге және нақты әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік беретін басты факторлардың бірі – заманауи медикаментозды терапия, оның ішінде антипсихотиктердің үшінші буын инновациялық препараттары.
«Бұрынғы препараттар көбінесе тек жедел белгілерді – елестерді, сандырақты, қозуды басуға бағытталған болса, бүгін біз тереңірек әсер ететін дәрілер туралы айтамыз. Олар когнитивтік функцияларға ықпал етеді: мотивацияны, эмоциялық қатысуды, қарым-қатынасқа қабілеттілікті, шоғырлануды қалпына келтіреді», – деп түсіндіреді Елена Полиенко.
Бұл препараттардың барлығы халықаралық клиникалық зерттеулерден өтеді. Мысалы, инновациялық дәрілердің бірі терапияның 1-2 аптасында-ақ пациенттердің жағдайында айтарлықтай жақсаруды көрсеткен. Ұзақ мерзімді перспективада ол плацебомен салыстырғанда рецидив қаупін екі есе азайтты.
Полиенконың айтуынша, мұндай дәрілердің тағы бір маңызды артықшылығы – жұмсақ әсері және жақсы көтерімділігі.
«Жағымсыз әсерлердің аз болуы, салмаққа, гормоналды фонға әсер етпеуі, тек жедел симптомдарды ғана емес, негативті белгілерді де тиімді емдеуі – ұзақ уақыт қолдануға қолайлы ететін факторлар. Шизофрения кезінде емдеу жылдар бойы жалғасатынын ескерсек, бұл өте маңызды көрсеткіш», – деді маман.
Ауру – пациенттің кінәсі емес
Пациенттердің туыстарының айтуынша, стационарда тиімді заманауи препараттар тағайындалғанымен, үйге шыққаннан кейін олар жиі ескі буындағы дәрілерге ауысуға мәжбүр болады, ал олар айқын жанама әсерлер тудырады.
«Global Green Hub» бастамасының жетекшісі, шизофрения диагнозы бар қыздың анасы Әсел Сейфуллина бұл жағдайдың отбасыларды қандай күйге түсіретінін айтады.
«Диспансерде базалық терапия аламыз. Бұл қызымның жағдайын тұрақтандыруға көмектесті, бірақ оны толыққанды өмірге оралды деп айту қиын. Қазіргі, жұмсақ әсер ететін, эмоцияны, қызығушылықты қайтаруға көмектесетін препараттар тегін амбулаторлық тізімге кірмейді. Оларды өз есебімізден сатып алу өте қымбат, айына ондаған мың теңге тұрады. Әр отбасының оны көтеруге мүмкіндігі жоқ», – дейді ол.
Әселдің айтуынша, бірінші буын препаратын тағайындаған кезде дәрігерлер жанама әсерлер туралы алдын ала ескерткен.
«Басқа таңдау болмады, жағдайды тұрақтандыру қажет еді. Ауру – пациенттің кінәсі емес, ал тиімді емге қолжетімділік отбасының қаржылық мүмкіндігіне тәуелді болмауы тиіс. Егер үшінші буын антипсихотиктері тегін берілсе, мыңдаған отбасының өмірі жеңілдер еді, ал мемлекет рецидивтер мен қайта госпитализацияларға кететін миллиондаған теңгені үнемдер еді. Балаңның қайтадан күліп, бөлмеден шығып, өмірге қызығушылық таныта бастағанын көру – баға жетпес бақыт. Отбасылар осы үміт үшін күреседі», – дейді Әсел Сейфуллина.
Инвестиция емес, үнем: тиімді емдеудің экономикалық мәні
ДДҰ мәліметінше, психикалық бұзылыстар еңбекке қабілеттіліктің төмендеуінің басты себептерінің бірі. Тек депрессия мен мазасыздықтың өзі әлемдік экономикаға жыл сайын еңбек өнімділігінің төмендеуі есебінен 1 трлн доллар шығын келтіреді. (Жалпы әлем ІЖӨ көлемі 2024 жылы 110 трлн доллардан асты — ред.). Заманауи ем бұл шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, ол жеке адамның өмірін ғана емес, қоғамдағы белсенді рөлін сақтайды.
«Шизофрения –мүгедектендіретін аурулардың бірі. Пациенттердің басым бөлігі – еңбекке қабілетті жастар. Олар оқып, жұмыс істеп, дамуы мүмкін еді, бірақ аурудың салдарынан өмірден шетте қалды. Бұл – мемлекет үшін госпитализация, әлеуметтік қолдау шығындарының өсуі. Ал дұрыс таңдалған тиімді терапия рецидивті, мүгедектенуді, ауруханаға қайта түсу жиілігін азайтады. Егер стационарда тиімді схема таңдалса, сол препаратты амбулаторлық кезеңде де жалғастыру – ең қисынды шешім», – дейді Елена Полиенко.
Оның айтуынша, препараттардың кең таңдауы жай ғана қолайлылық емес, әр пациентке жанама әсері аз, нәтижесі жоғары жеке терапия тағайындауға мүмкіндік береді.
Диагнозбен жалғыз қалмау маңызды
Елена Полиенконың пікірінше, шизофренияны емдеуде медикаментозды терапиямен қатар реабилитациялық қолдау да өте маңызды. Күндізгі стационарлар, қолдау клубтары, еңбекке бейімдеу бағдарламалары – мұның бәрі пациенттің қоғамға тезірек бейімделуіне көмектеседі.
Әсел Сейфуллина да осы ойды қолдайды.

«Шизофрения диагнозын алғаш естігенде, ненің белгі, ненің симптом екенін ажырату қиын. Жалқаулық, немқұрайдылық немесе шаршау деп ойлайтын нәрселер шын мәнінде аурудың алғашқы белгілері болуы мүмкін. Диагнозды алғаш қабылдаған кезде не істеу керек, кімге жүгіну керек, қандай ақпаратқа сенуге болады, мұның бәрі беймәлім», – дейді ол.