|
Германияда мешіттердегі жұма намазының кестесі жарияланған жол белгілері қойылды
|
Германияның Пенцберг қаласының кіреберісінде ресми жол белгісі пайда болды: онда католиктік және протестанттық құдайға құлшылық ету кестесімен қатар жергілікті мешітте жұма намазының уақыты көрсетілген. Бұл жайында islam.kz порталы islam.plus ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңа ақпараттық тақтайшалар қала әкімшілігі мен католик, евангелист және ислам қауымдастықтары өкілдерінің бірлескен бастамасы аясында орнатылды. Бұл идея қала мэрінің діни ұйымдардың жетекшілерімен кездесуі кезінде пайда болды. Сол кезде оларға алғаш рет мұсылман жұма намазының кестесін енгізу ұсынылды. Бастаманы барлық қатысушылар бірауыздан қолдады. Пенцбергке кіре берісте барлығы осындай төрт белгі орнатылады. Оларды дайындау және орнату шығындарын қаланың діни қауымдары өзара бөлісті. Мешіт имамы Бенжамин Ыдырыздың айтуынша, мұндай кесте Германиядағы алғашқы ресми көрсеткіш. "Бұл діни қауымдарға тең қарым-қатынас пен шынайы наным-сенім бостандығының көрінісі", - деп атап өтті ол. Әсіресе, исламға қырық қарайтын қоғамдағы татулыққа бастайтын әрі исламның да осы елде маңызды рөл ойнайтынын көрсететін белгі ретінде тарихта қалады. Пенцберг ислам қауымдастығында атап өткендей, мешіттегі жұма уағызы неміс тілінде өтеді, уағызға мұсылмандармен қатар мұсылман еместер де қатыса алады. Муниципалитет пен діни қауым өкілдерінің айтуынша, Пенцберг тұрғындары жаңашылдықты оң қабылдап, оны қаладағы түрлі конфессиялардың көпжылдық бейбіт өмір сүруінің табиғи көрінісі, деп санайды. Пенцберг мұсылман қауымы Бавариядағы ең танымал қауымның бірі болып саналады. 2019 жылы мешітке Германияның федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келіп, оның өңірдегі дінаралық диалог пен қоғамдық өмірді дамытуға қосқан үлесін арнайы атап өтті.