Йемен шырғалаңы (жалғасы)
Йемен шырғалаңы (жалғасы)
6 жыл бұрын 4462 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Алдында айтып өткеніміздей, қазіргі уақытты жүріп жатқан елдегі азаматтық соғысқа жол ашқан хусит тайпасының көсемі РФ және Франция билігінен Саудия бастаған халықаралық коалиция күштерінен араша сұрап, хат жолдаған еді. Йемендегі азаматтық соғысқа аталған екі ел араласа ма? Ресейдің немесе Францияның аталған ел аумағындағы соғысқа араласатындай экономикалық немесе саяси мүддесі жоқ. Бір сөзімізде Йемененің мұнай қорының жоқ екені турасында айтып өттік. Мұнай қоры ары асса жеті жылға ғана жетеді. Мемлекеттік табыстың 75%-ы тек мұнай шикізатының экспортынан екенін ескерсек, алдағы уақытта соғыстан сансыраған елдің экономикасы одан ары шатқаяқтайды. Бұдан бөлек, аталған ел аумағында су ресурсы тапшы. Ел аумағындағы талас-тартыс пен қақтығыстың дені осы су тапшылығынан орын алып жататыны да жасырын емес. Су кейде түрлі саяси күшке айналған діни топтардың немесе рулардың қақтығысына түрткі болып жатады. Нақтырақ айтқанда, осы уақытқа дейінгі бұл елдегі қақтығыстардың көбісі, яғни, 80 пайызы осы су ресурсы үшін болғанын айта кету керек. Африка құрлығы бойынша алсақ, су ресурсы талас мен қақтығыс алдағы уақытта руаралық деңгейден мемлекеттік деңгейге көтеріледі. Мысалы, Эфиопия мен Эритерия арасындағы су үшін болған соғысты айтуға болады. Я болмаса Мысыр мен Судан арасындағы соғысқа ұласа жаздаған жанжал Қызыл теңіздің басқа жағалауында - Араб түбегінде қайталануы мүмкін. Осындай қиындықтармен бетпе-бет келген Йемен түбінде көрші елдерге, соның ішінде, Саудияға салмақ салары сөзсіз. Саудияның Йемендегі жанжалға араласуының бір себебі осында жатыр. Бұдан бөлек, алдында айтып өткеніміздей, Йемендегі әлеуметтік жағдайдың нашарлығы демографиялық ахуалға әсерін тиігзе қоймаған. Бұл фактор да онсыз да кері кеткен елдің экономикасына салмақ салып отыр. Нақтырақ айтқанда, Йемендегі халықтың өсу көрсеткіші - шамамен 3,4%, халықтың үштен екісі жасы 24-ке толмаған жастар құрайды. Алдағы жиырма жыл ішінде ел тұрғындарының саны екі есе көбейіп, 40 млн-нан асады. Ал отыз жылдан соң 60 млн-ға жетпек. Қазіргі уақытта халқының саны 23 млн адамды құрайтын йемендіктердің дені Саудиядан пана іздеуіне тура келеді. Өйткені, елдегі жұмыссыздық қатерлі сипат алған. Йемендік еңбек мигранты елде қалған жеті адамға дейін асырай алмақ. Еңбек мигранттары - мұнайдан кейінгі екінші табыс көзіне айналған. Бір ғана Парсы шығынағы кеңесіне мүше елдерден нәпақасын айырып жүрген йемендіктер қарасы Йемен халқының 51%-ын құрап отыр. Сондай-ақ, алдында айтып өткеніміздей, бұл елде діни сенімі бойынша үш топ барын (елдің солтүстігін жайлаған шиғалық хусит тайпасы, сүннетті ұстанатын шафиғи мәзһабындағы мұсылмандар және сәлафшылар) және шиғалар мен сүнниттер саны жағынан бір-бірімен деңгейлес екенін де айта кету керек. 

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат