|
Иранда дәрілік өсімдіктердің жылдық өндірісі 450 мың тоннаға жетуі мүмкін
|
Иран күнтізбесі бойынша наурыз айының 20-ы күні аяқталатын биыл дәрілік өсімдіктер өндірісі 450 мың тоннаға жетуі мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде ауыл шаруашылық министрлігі келтірген дерекке жөн сілтеген irna.ir ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш министрліктің ұлттық дәрілік өсімдіктер жоспарының директоры Хұсейн Зейнәлі мұндай өсімдіктердің 260 мың гектарға жуық жерде өсірілетінін хабарлады. Жарияланған статистикаға сәйкес Ирандағы дәрілік өсімдік өндірісінде 400 мың адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, дәрілік өсімдіктерді қаптайтын зауыттарда тағы 32 мың адам жұмыспен қамтылған. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуынша, Иран көрші елдердегі дәрілік өсімдіктер нарығының шамамен 40 пайызына ие. Иранның дәрілік өсімдіктерінен әзірленетін фармацевтикалық өнімдер мен тағам қоспалары, т.б. Ирак, Түркия, Грузия, Армения және Ауғанстанға экспортталады. Иран медицина мен медициналық технология саласында аймақ бойынша көш бастаған ел, ішкі нарықтың 98 пайызын отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Бұған қоса, ирандық дәрілік өсімдіктердің 20 пайыздайы әлемде теңдесі жоқ, яғни, тек аталған ел аумағында өсіп, өзге аймақта кездеспейді. Бұған Парсы жерінің климаттық әралуандылығы де себеп болуда. Дәлірегі, 13 климаттың 11-і болуына байланысты Иранда дәрілік өсімдіктердің 8000 түрі бар, бұл көрсеткіш кәрі құрлықтағыдан, яғни, Еуропадағыдан кем дегенде екі есе көп.