|
Италиядағы демографиялық дағдарыс: бір ауылда 30 жылда алғаш рет нәресте дүниеге келді
|
KAZINFORM — Италияның Абруццо аймағындағы Пальяра-дей-Марси ауылында Лара есімді қыз дүниеге келген. Осылайша, ауыл тұрғындарының саны 20-ға жетті, деп хабарлайды БЕЛТА.
Қызды шоқындыру рәсіміне жергілікті жұртшылық түгел қатысты. Сәбидің дүниеге келуі ерекше оқиға болғаны соншалық, ол БАҚ беттерінде жарияланды. Көп адам бұл ауыл туралы осы жаңалық арқылы білді. Лараның дүниеге келуі қуанышты оқиға болғанымен, бұл Италияның демографиялық дағдарысын еске түсірді.
Istat ұлттық статистика агенттігінің мәліметінше, елде туу көрсеткіші 16 жыл бойы төмендеп келген. Былтыр көрсеткіш 369 944 болып, тарихи минимумға жетті.
2025 жылдың алғашқы 7 айындағы мәліметтер туу көрсеткішінің одан әрі төмендегенін көрсетеді. Бұл мәселе Абруццо аймағында өте өзекті. Онда туу көрсеткіші 2025 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2% азайған.
Пальяра-дей-Марси қаласының мэрі Джузеппина Пероцци аймақтың халық санының азаюынан зардап шегіп жатқанын атап өтті. Мұнда қарттардың орнын басар ұрпақ жоқтың қасы.
Лара дүниеге келгеннен кейін ата-анасы 1000 евро көлемінде бір реттік төлем алды. Сондай-ақ олар айына шамамен €370 балаға берілетін жәрдемақы алады. Бірақ ерлі-зайыпты қазірдің өзінде қызының білім алуына алаңдап отыр. Себебі ауылдағы соңғы мектеп ондаған жыл бұрын жабылған.
Биыл қыркүйек айында Грекияда демографиялық дағдарысқа байланысты 721 мектеп жабылатыны туралы жаздық.
Ал Оңтүстік Корея халқының саны 2125 жылға дейін 7,53 миллион адамға азайып кетуі мүмкін.
Динара Маханова