Жаһан: Исламофобиялық құбылыс Латвияға да келіп жетті ме?
Жаһан: Исламофобиялық құбылыс Латвияға да келіп жетті ме?
10 жыл бұрын 3222

Латвия астанасы – Рига қаласындағы Бривибас көшесінде орналасқан мешіттің қабырғасына белгісіз біреулер мұсылмандарға деген өшпенділікке толы сөздерді жазып кеткен. Мешіт қабырғасындағы "Your Allah your problem go home" ағылшын тіліндегі жазу «Аллаһ сіздердікі, сіздердің проблемаларыңыз, үйлеріңе қайтыңдар» деген мағына береді. Ислам мәдениеті орталығының өкілі бұл елде де исламофобиялық құбылыстың етек алып кетуінен қауіптеніп отырғанын жасырмады. Айта кетейік, исламофобия деп аталатын осынау жат құбылыс күллі Еуропаны жайлап, кәрі құрлықтағы исі мұсылманның бас ауруына айналды. «Біздің ойымызша, исламофобиялық құбылыстың етек алуына бұқаралық ақпарат құралдары да үлес қосып отыр: әлемдегі оқиғаларды бір жақты сипаттау арқылы әрі бұл үрдіске айналып барады», - деді аталмыш орталықтың өкілі Роберт Климович (Robert Klimovich).

 

Парсы шығанағы елдері мен G7 босқындарға 1,8 млрд доллар бөлді 

Парсы шығанағын жайлаған елдер мен G7 (Үлкен жетілікке кіретін дамыған мемлекеттер – ред.) Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін саны жағынан рекордтық көрсеткішке жеткен босқындарға көмек ретінде 1,8 млрд доллар бөлді. Бұл жайында Германия федералды республикасының сыртқы істер министрлігінің басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер (Frank-Walter Steinmeier) хабарлады. Босқындарға бөлінген бұл қаражат тиісті мақсатта жұмсалуы үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі агенттігіне және Бүкіл әлемдік азық-түлік бағдарламасына бағытталатын болады. Қаржы бөлген елдер қатарында Австрия, Германия, Нидерланды, Швеция, Норвегия, Кувейт, Швейцария, Катар, Түркия, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері бар. Айта кетейік, әлемдегі барлық босқынның қажеттілігін өтеу үшін биылдың өзінде 20 млрд доллар қажет.

 

БҰҰ штаб-пәтерінде тұңғыш рет Палестинаның байрағы желбіреді

Бірікен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде тұңғыш рет Палестинаның байрағы желбіреді. «Палестина халқының атынан бүгін мына туды БҰҰ-да көтеретін боламын. Бұл – тарихи сәт. Қыркүйектің 30-ы күні Палестина жалауының күні болады», - деп тіл қатты Палестина президенті Махмұд Аббас. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун бұл күнді әлем бойынша палестиналықтар мақтаныш тұтатын күн деп атады. Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы бүкіл әлемдік осы ұйымның штаб-пәтерінде БҰҰ мүшесі болмаса да Палестинаның туын ілу туралы көпшілік дауыспен қарар қабылданған болатын.

0 пікір
Мұрағат