«Жасыл» болаттан алғаш рет мешіт тұрғызылайын деп жатыр
|

Әбу-Даби билігі атмосфераға мүлдем көмірқышқыл газын бөлмейтін әлемдегі алғашқы мешіт құрылысын жүргізітенін жария етті. Бұл жайында islam.kz порталы Time Out Abu Dhabi ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғибадат ғимаратына қатысты бірегей жобаны Aldar компаниясы Йас аралында «Тұрақты қала» жобасы аясында жүзеге асырады. Аталмыш инновацияның негізгі компоненті – құрылыста сутегі болат пайдаланылады. Өздеріңіз білетіндей, болат өндірісі құрылыс саласындағы қоршаған ортаны ластайтын негізгі факторлардың біріне жатады. Ал сутегі болат атмосфераға бөлінетін зиянды заттар деңгейін 95%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек. Болашақта бой көтеретін мешіт 850 адамға шақталған, оның ауданы немесе аумағы - 1 595 шаршы метр болмақ. Таяу келешекте пайда болатын мешіт LEED Zero Carbon стандарты бойынша сертификатталған Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңіріндегі алғашқы діни ғимарат болайын деп тұр. Бүкіл жоба экологиялық тазалыққа барынша назар аудара отырып іске асырылады және орнықты технологиялардың рухани дәстүрлермен қалай үйлесетіндігінің үлгісі болады. Мешіт - Aldar компаниясының ауқымды экологиялық стратегиясының бір бөлігі; аталмыш компания 2050 жылға қарай барлық операциялар бойынша көміртектен ада болуды мақсат етіп отыр. Болашақта Біріккен Аараб Әмірлігіндегі тұрғын үй, коммерциялық және қоғамдық нысандарды салу кезінде сутекті болатты пайдалануды ұйғарып отыр.




