Жыл сайын жол апатынан 1,2 млн адам опат болады
Жыл сайын жол апатынан 1,2 млн адам опат болады
17 сағат бұрын 185 24.kz

Әлемде жол апатынан күніне 3000, ал жылына 1,2 млн адам ажал құшады, деп хабарладф 24.kz 

Қауіп қыста тіпті күшейе түседі. Экономикаға әкелетін шығыны да жетерлік. Бұл жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымын алаңдата бастады. Алайда, әзірге қолдан келгені 2035 жылға дейін жол апатын азайтуды көздейтін жоспар ғана. Бүгінде жол апаттары әлемдегі өлім себептері арасында сегізінші орында тұр. Бес жастан асқан балалар мен жасөспірімдердің де негізгі өлім себебі осында. Жыл сайын 1,2 миллион адам жол апатынан опат болады, 50 миллионға жуығы жарақат алады. Қайғылы оқиғаларға көбіне жаяу жүргіншілер, велосипедшілер, мотоциклдегілер және балалар ұшырайды. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы: - Бұл жай ғана сандар емес. Бұл мектепке бара жатқан балалар, жұмысқа асыққан ата-аналар мен бір сәтте өмірі өзгеріп кететін адамдар. Жол апаттарының залалы көбіне ірі дағдарыстардың көлеңкесінен көрінбейді. Бүгінде жолдағы барлық өлімдердің 90%-ы кірісі төмен және орташа елдерде тіркеледі, негізінен Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Сахараның оңтүстігіндегі елдерде.

Халықаралық жолдарды бағалау бағдарламасының мәліметі бойынша әлемде жол апатынан күніне 3000-нан астам өлім тіркеледі. Бір ғана АҚШ-та апаттар күніне 10 млрд доллар шығын әкеледі. Мамандар мәселені әртүрлі себептермен байланыстырады. Мәселен, Африкада жол апатына көбіне қоғамдық көліктің ескіруі мен техникалық тексерістен уақытылы өтпеуі себеп. Жалған жүргізуші куәлігін қолдану фактілері де жиілеген. Ал Грузиялық жүргізушілер жылдамдықты жиі асырады. Жол апаты құрбандарының 25%-ы жаяу жүргіншілер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде 2030 жылға қарай әлемдегі көлік саны екі есе артады деген болжам бар. Алайда БҰҰ-на мүше елдердің тек 51-інде ғана қауіпсіздік тексерістерін міндеттейтін заң қолданыста. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы: - Жол апатына көбіне қажетті инфрақұрылымның жоқтығы себеп. БҰҰ жол қауіпсіздігіне белсенді түрде атсалысады. Бүгінде 94 мемлекетке қолдау көрсетіп отырмыз. Алдағы үш айда біз «Тұрақты көлік онжылдығы» жобасына кірісеміз. Жоспар жол апаттарын 2035 жылға дейін екі есеге азайтуды көздейді. Өзгеріс үшін үкімет, азаматтық қоғам, жеке сектор мен филантропиялық көшбасшылар іске жұмыла кірісуі керек. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшы Антониу Гутерриш Нью-Йоркте өткен жиындағы мәлімдемесінде Бразилия, Руанда мен Лаостағы жайттарды ерекше атады. Өйткені атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұл елдерде жолдағы өлім-жітім төмендеген. Мәселен, Бразилияда көлік жылдамдығы қатаң бақылауда, ал Руандада мотоциклші жолға шықса, каска киюге міндетті. Лаостағы жаңа лицензиялау жүйесі күнделікті мыңдаған жүргізушінің қауіпсіздігін сақтап отыр. Ұйым өкілдері 2026 мен 2035 жылдар аралығында осы мәселеге кіріспек. Олар жол қауіпсіздігі денсаулық сақтау мәселесінде ғана емес, қала жоспарлау мен климатты қорғау саласында да маңызға ие дейді. Он жылдық жоспарда ұйым жол сапасын арттыру, жол тәртібін бақылау мен апат жағдайында шұғыл әрекет ету, сондай-ақ, қоғамдық көліктің қолжетімділігіне назар аударылмақ. 

Әлемдегі мегаполистерде кептеліс: Джакарта, Бангкок пен Мехико жағдай

Әлемдегі ірі қалаларда көлік кептелісі үйреншікті жағдайға айналған, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе,  Жакарта, Бангкок пен Мехико қалалары жол қозғалысының тығыздығы бойынша үнемі жаһандық рейтингтердің көшін бастап тұрады. Мәселені шешу үшін әр қалада метро желілерін кеңейту және ақылы жолдарды  енгізу сияқты шаралар қарастырылуда.

Индонезия астанасы бүгінде ең көп кептеліс болатын қалалардың қатарында. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, жергілікті жүргізушілер жыл сайын орта есеппен 108 сағатқа дейін уақытын жолда жоғалтады. Кептелістің негізгі себептері – халық санының артуы, жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі және қоғамдық көліктің тиімсіздігі. Осы мәселелерді шешу мақсатында билік тарапынан метро желілерін кеңейту және жүктемесі жоғары аумақтарда ақылы жол жүйесін енгізу шаралары қарастырылуда. Алайда қазіргі уақытта қала тұрғындары үшін ұзақ уақыттық кептеліс әлі де қалыпты жағдай болып тұр.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тағы бір ірі мегаполис – Бангкок та көлік тығыны бойынша әлемдегі жетекші қалалардың бірі. Мұнда көлік қозғалысы таңғы сағаттардан басталып, кешке дейін үздіксіз жалғасады. Бірнеше шақырымдық жолды жүріп өтуге кей кездері бір сағаттан астам уақыт кетеді. Кептелістің туындауына халық тығыздығы, көлік санының өсуі және қоғамдық көлік жүйесінің жеткіліксіз дамуы әсер етуде. Қалалық әкімдік көлік жүктемесін азайту үшін метро желілерін кеңейтіп, теміржол бағыттарын жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, жол қозғалысындағы күрделі жағдай тұрғындар үшін күнделікті қалыпты көрініске айналған.

Мексика астанасы Мехико қаласы да бірнеше рет «әлемдегі көлік қозғалысы ең тығыз қала» ретінде танылған. Таңғы және кешкі қарбалас сәттерде ұзын-сонар кептелістер жиі байқалады. Сарапшылардың мәліметінше, мұндай кездерде жол жүру ұзақтығы екі есеге дейін артуы мүмкін. Қала тұрғындары ай сайын көлікте ондаған сағат уақытын жоғалтып, жұмысқа барып-қайтуда айтарлықтай қиындықтарға тап болуда. Бұл жағдай халық санының артуы, көшелердің тарлығы және кейбір аудандарда қоғамдық көлік желілерінің жетіспеушілігімен байланысты. Жергілікті билік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында жаңа метро бағыттарын салу және автобус желілерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Алайда, қазіргі кезде мәселе толық шешімін тапқан жоқ.

Ұлыбритания үлкен көліктерге шектеу енгізеді

Ұлыбритания көлемді әрі салмағы ауыр көліктерге шектеу енгізеді. Енді 2 тонна 400 келіден асатын автокөліктер үшін тұрақ бағасы қымбаттайды. Жергілікті билік мұндай шешімге бірнеше себеп барын алға тартып отыр. Соның бірі – көшелердегі орын тапшылығы. Билік қолға алғалы жатқан бұл шаралар қалай іске аспақ? Тұрғындардың пікірі қандай? Еуропа үшін бұл ережелер таңсық емес. Бұған дейін дәл осындай шектеулерді Франция билігі де енгізген болатын.

Ұлыбритания үлкен көліктерге шектеу енгізеді

Кәрі құрлықта ірі әрі жол талғамайтын көлікке сұраныс жоғары. Себебі де түсінікті. Бұл көліктер кең, ыңғайлы, қауіпсіз әрі сәнді. Бірақ, кей өңірлерде осы үрдіске шектеу қойылады. Ұлыбританиядағы Кардифф қаласы салмағы 2400 келіден асатын автокөліктерге тұрақ бағасын көтеру туралы шешім қабылдады. Түсінікті болу үшін 2400 келі дегеніміз – шамамен екі Ford Fiesta машинасы. Кейін салмағы бұдан да аз көліктерге шектеу енгізіледі. Әзірге жоғары тарифтер көліктің аз ғана түрлеріне қатысты болмақ. Жергілікті атқамінерлердің сөзіне қарағанда ауыр автокөліктер Еуропаның онсыз да тар көшелерінде көп орын алады. Сондай-ақ зиянды газды да көбірек бөледі. Жолдардың тез тозуына әкеліп, ең маңыздысы жол-көлік оқиғалары кезіндегі қауіпті арттырады. Бірақ мұнымен кей тұрғындар келіспейді.

Дэнис Бенжамин, Лондон тұрғыны: - Меніңше, мәселе үлкен көлемді көліктерінің немесе ірі машиналардың көптігінде емес. Негізгі проблема билік жолдарды тарылтып, жанама көшелерді жауып, біржақты қозғалысты көбейтіп, кеңістіктің бәрін дерлік велосипедтерге беріп жатыр. Соның салдарынан көлік қозғалысы баяулап, жүргізушілерге көлік айдау әлдеқайда қиындап кетті.

Кардифф қаласы қолға алған жаңа ережелер Францияда да өзекті. Жылына миллиондаған турист ағылатын Париж тұрғындары кептелістен көз ашпайды. Мәселені шешу үшін билік қоғамдық көлік пен велосипедтерге басымдық берді. Кейін үлкен көліктерге бақылауды күшейтті. Былтыр қала әкімдігі салмағы ауыр машиналар үшін тұрақ ақысын үш есе көтерді. Қала орталығында бір сағаттық тұрақ бағасы 6 еуродан 18 еуроға, ал алты сағат үшін 75 еуродан 225 еуроға дейін өскен. Әкімдіктің дерегіне қарағанда бірнеше айда қала көшелерінде тоқтайтын ауыр көліктер саны едәуір азайған. Енді Франция билігі салмағы 1600 келіден асатын темір тұлпарларды тіркеу бойынша қосымша салық енгізейін деп жатыр. Әр артық килограмм үшін 10 еуро көлемінде айыппұл салынады.

Тим Декстер, T&E көлік саясаты жөніндегі менеджері: - Ұлыбританияда үлкен автокөліктерге қатысты қосымша салық қарастырылмаған. Олар жолда қиындықтар туғызып, айналаға зиян тигізетінін білеміз. Сондықтан мұндай көлік иелері салықты көбірек төлеуі әділетті.

2011 жылы Еуропадағы 27 елдің нарығында жол талғамайтын көліктердің үлесі шамамен 13% болған. 2025 жылға қарай көрсеткіш 59%-ке дейін өсті. 2018 жылдан бері Еуропада сатылған жаңа көліктердің ені 182 см-ден 187 см-ге жетті. Ал орташа салмағы 1365-тен 1592 келіге дейін ұлғайды.  

Үлкен автокөліктер қауіпсіздік кепілі емес

Ірі көліктер өз жолаушылары үшін қауіпсіз болуы мүмкін деген пікір бар. Алайда, сарапшылар мұндай көліктер жолда өзгелер үшін әлдеқайда қауіпті екенін айтады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған Бельгия институтының зерттеуіне сенсек, автомобиль капотының биіктігі небәрі 10 см-ге артса, соқтығыс кезінде өлім қаупі 27% өсуі мүмкін. Бірақ, уақыт өте келе, тіпті седан немесе хэтчбек автокөліктерінің өзі әдеттегіден ірі бола түседі.

Алекс Томпсон, Thatcham Research қауіпсіздік бойынша бас инженері: - Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында көлік құралдарына салмақ қосуға тура келді. Өндірушілер соқтығыстардан қорғанысты жақсартып, қауіпсіздік жастықтарын көбірек орнатуға тиіс болды. Сондай-ақ, көлік салонының ішкі кеңістігін жақсартып, жаңа функцияларды орнату да өлшемдердің үлкеюіне алып келеді.

Қытай Еуропа автокөлік нарығын бағындырмақ

Жол талғамайтын көліктер орташа өлшемді автомобильге қарағанда зиянды газды 20% көп бөледі. Сол себепті, Еуропа нарығы үшін қазір электромобильдер өндірісі өзекті. Қытайдың жетекші электромобиль өндірушісі – BYD компаниясы жыл соңына дейін Мажарстанда өз зауытын іске қосады. Былтыр әлемде 17 млн электромобиль жасалса, соның жартысынан көбі шығыстағы көршімізге тиесілі. Электромобильдер зиянды газды азайтқанымен, көліктердің өлшемі мен салмағына қатысты мәселені шешуі екіталай. 2023 жылы тоқпен жүретін көліктің орташа салмағы 2300 келіден асқан. Енді бұлардың ішінде жол талғамайтын көліктерге де сұраныс артуы ықтимал. Сол себепті, пайда үшін өндіріс те қарқын алады. Сарапшылар бұл орайда тұрғындарды жеңіл автокөлік сатып алуға салықтық жеңілдік беру арқылы ынталандыруға болатынын айтады. Бірақ, елді мұнымен алдау қиын тәрізді.

0 пікір
Мұрағат