|
Криптовалютаны елемеген ел опық жеп қалды
|
Нигерия билігі криптовалюта опреацияларына салық салуды қарастыратын заңнамалық өзгерістерге дайындалып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы cryptonews.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Африка құрлығындағы аталмыш елдің бұл қадамы өз кезегінде бюджетті толтырудың бір әдісі әрі цифрлы активті бақылаудың бір тәсілі ретінде алғы шығады. Дайын заң жобасын аталған ел парламенті осы жылдың бірінші тоқсанынан қалдырмай қабылдауды ұйғарып отыр. Десе де қанша салық салынатыны айтылмаған. Осы орайда нигериялық тұрғындардың өзге елдерден айырмашылығын – инфляция мен ұлттық валютаның құнсыздануынан қорғану үшін криптовалютаны белсенді түрде пайдаланатынын айта кетпекпіз. Нигериялықтардың төл ақшасы 2023 жылдың орта шенінде долларға шаққандағы бағамы күрт құлдырап кеткен еді. Осыған байланысты цифрлы активке деген қызығушылық артқан болатын. 2023 жылы билікке келген сәттен бастап президент Бола Тинубу мемлекеттік кірістерді ұлғайтуға бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға кірісті. Сонымен қатар, ол салық жүйесін қайта қарады және 2025 жылға арналған бюджетті 54,99 трлн найра (36,4 млрд доллар) мөлшерінде бекітуге, дәлірегі, парламент тарапынан мақұлдануына қол жеткізді. Бұдан бөлек, аталған ел криптовалюта платформаларын лицензиялау ауқымын кеңейтпек. Соның ішінде мемлекет бақылауында болатын орталықтандырылған биржа жұмысын жолға қоймақшы. Бұл шара өз кезегінде криптовалютамен байланысты операциялардан салықты тиімді жолмен жинауға мүмкіндік бермек. Алдымен бұл тарапта инвесторларға мейлінше жағдай жасауды мақсат етіп отыр. Осы тұста Нигерия билігі бұл тарапта қолын мезгілінен кеш сермеп қалғанын айта кету керек шығаар: қазіргі уақытта әлемдегі аса ірі Binance криптовалюта биржасын сотқа беріп жатыр. Өйткені, аталған биржа ресми тіркелмеген елдің қаржы органында. Алайда, ел тұрғындары ақшаның құнсыздануына байланысты биткоинмен сауда жасап, бұл сауда-саттықтан түскен пайданы бөліспеген. Яғни, корпоративтік салық төлемеген. Бұдан бөлек, Нигерия билігі елдегі қаржы саясатының құрдымға кетуін осы биржадан көріп отыр. Африкалық аталған ел үкіметі биржадан 81,5 млрд доллар талап етіп отыр. Бұл қаражаттың 79,5 млрд долларын аталған биржа тарапынан келген шығын ретінде есептелген. Binance өкілдері де сотта қарсы талап арыз беріп, дауласуға көшті. Бұдан бөлек, Binance өткен жылдың наурыз айында ел аумағында найра (нигериялықтардың ұлттық валютасы – ред.) бойынша барлық операцияларды тоқтатуға мәжбүр болған еді.