Макао мұсылман саяхатшыларын тарту үшін халал индустриясын дамытады
Макао мұсылман саяхатшыларын тарту үшін халал индустриясын дамытады
6 сағат бұрын 138 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті. Фото: macaudailytimes.com

Таяуда Макаода құрылған халал индустриясын дамыту қауымдастығы қонақ үйлердің халал сертификаттау процедурасынан өтуіне көмектеседі. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Macau Daily Times мерзімді басылымына жөн сілтеген IslamNews ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш қауымдастықтың алғашқы жиналысында оның жетекшісі Чуи Юк Лум қаланың 25 дәмханасы мен 10 мейрамханасы халал сертификатын алғанын, алайда, бірде-бір қонақ үйдің шариғат талаптарына сәйкестігін растайтын сертификатқа ие болмағанын мәлімдеді. Ұйым бірінші кезекте халал стандартына мүмкіндігінше қоғамдық тамақтану орындары мен қонақжай индустриясын сәйкестендіруге, содан кейін ғана қаржы, логистика, фармация (дәрі-дәрмек), опа-далап, сән, бұқаралық ақпарат құралдары және туризм сияқты салаларды қамтуды жоспарлап отыр. Чуи Юк Лум халал сертификаты Макао бизнесіне 2 млрд халқы бар ислам әлемі елдерінен клиенттер мен серіктестерді тартуға көмектесетініне сенімді. Ол 2020 жылға таман мұсылман саяхатшылар саны 245 млн адамға жететінін, ал олардың сапардағы шығыстары шамамен 230 миллиард долларды құрайтынын атап өтті. Сондықтан қонақ үйлердің мұсылман клиенттердің сұраныстарына сәйкес келуі олардың пайдасын айтарлықтай арттыруы мүмкін.  Соңғы жылдары Макао өзін мұсылмандар үшін тартымды бағыт ретінде таныстыруға талпынып келеді. 2025 жылы қала Global Muslim Travel Index рейтингіне қосылды, Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің шегінен тыс туристік бағыттар арасында 16-орынды иеленді.

Португалия отарынан құтылған Макао 1999 жылдың желтоқсан айының 20-да арнайы әкімшілік ауданы құрылды және Қытайдың екі арнайы әкімшілік ауданының біріне айналды (екіншісі - Гонконг). Бұған дейін 442 жыл бойы, 1557 жылдан бастап Макао Португалияға бодан ел болды, осылайша Шығыс Азиядағы ең көне еуропалық колония ретінде тарихта қалды.

0 пікір
Мұрағат