|
Нарық заңдылығы мен мемлекеттік идеологияның қайшылығы асқынып барады
|
Қытайдың солтүстігінде жекеменшік білім беру ошақтары бірінен кейін бірі жабылып жатыр. Қытай билігінің өз идеологиясын мейлінше тереңдетуге бағытталған бұл шешімі ата-аналар тарапынан сынға ұшырап, наразылық шараларына ұласуда. Бұл жайында islam.kz порталы Азат Азия радиосы (RFA) деп аталатын ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мәселен, таяуда Хэбэй провинциясындағы Нангун қалалық билік ғимаратының алдына ата-аналар жиналып, Фэни бастауыш жекеменшік мектебінің жабылмауын талап етті. Негізінде жекеменшік білім ошақтарын жабу науқаны осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Оның орнына мемлекеттік мектептер санын арттыру арқылы Қытай идеологиясын (қытайландыру саясатының бір тармағы десе де болады) кеңінен тарату көзделген. Ал баласының болашағын ойлаған ата-аналар мемлекет бақылауындағы білім мекемелеріне бергісі келмейді, себебі, ұйымшылдықтың төмендігі мен мамандардың жиі ауысуы білім сапасына теріс әсер етеді. Алайда, қытай билігі білім беру саласындағы теңсіздікпен күресті күшейту әрі ата-аналар шығынын төмендетуді, ең бастысы – жат идеологияға жол бермеуді мақсат етеді. Қытай білім беру министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаған статистикалық дерекке сәйкес ел аумағындағы жекеменшік мектептер саны соңғы төрт жылда 20 мыңнан аса қысқарған. Бір ғана 2023 жылы 11 мың жекеменшік мектеп жабылған. Қазіргі уақытта ел аумағындағы жекеменшік мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылар саны 50 млн-ға да жетпейді, бір ғана 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бүгінге дейін 3 млн-ға азайған. Дәлірегі, жекеменшік мектептердегі оқушылар саны жалпы оқушылар санына шаққанда 17 пайызға жетер-жетпейтін деңгейге түскен. Соған қарамастан ата-аналар соңғы тиынан төлесе де баласын жекеменшік мектепте білім алғанын қалайды.