|
Оңтүстік Корея бала асырап алуға тыйым салады
|
Оңтүстік Корея өзінің «ар-ожданына» сын болған халықаралық бала асырап алу процедурасына келесі жылдан бастап біртіндеп тыйым салу саясатына көшеді. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әлем қауымдастығы “бала экспорттаушы ел” деген жаманатқа іліккен таңғы шық елі 2029 жылы бұл процедураға басы бүтін тыйым салуы да мүмкін. Аталған елдің репутациясы мен имиджіне нұқсан келтірген мұндай процедура “Отбасына қабылдау жүйесі” деп аталады. Дәлірегі, баласына зорлық-зомбылық көрсеткен немесе отбасындағы өзге де себептермен (түрлі материалдық қиындықтармен қатар ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңдер, бір шаңырақ астындағы асыраушы жанның денсауолығындағы кінәрат, т.б.) баланы ата-анасынан күштеп айыратын процедурамен осы уақытқа дейін жергілікті билік айналысып келген еді, енді мұндай дағдарыспен ұлттық үкімет тікелей күреседі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі таяуда осындай іс- шараларды қамтитын «Балалар саласындағы саясаттың үшінші базалық жоспарын» жариялады. Балаларды қорғау туралы заңға сәйкес әрбір бес жыл сайын белгіленген жоспар келесі жылдан бастап 2029 жылға дейін қолданылатын болады. Халықаралық асырап алу тәжірибесі 1953 жылы басталды. 2001 жылдан бастап өткен жылға дейін 22 866 оңтүстік кореялық баланы шетелдіктер асырап алған. Осылайша таңғы шық елін халықаралық асырап алу бойынша әлемнің жетекші елдерінің біріне айналдырады. Асырап алынған кәріс балаларын шетелдіктердің пайда көзіне пайдаланғаны жөніндегі ақпараттар әлеуметтік желілерде пайда бола бастаған. Табаны күректей 73 жылға созылған халықаралық бала асырап алу процедурасына бұдан былай үкіметтің өзі басшылық етеді. Бұл тарапта «Жария түрде бала асырап алу» жүйесін қолданысқан енгізеді. Ел ішінде бала асырап алу тәжірибесіне басымдық берілмек. Ал шетелдік бала асырап алғысы келсе, болашақ ата-ананың бала асырап алу құқығының қаншалықты бұл процедураға сәйкес келетіндігі назарға алынады. Атап айтқанда, баланы асырап алу үшін оның жағдайын жасайтын материалдық жағдайы, жат әдеттерге үйір еместігі, психикалық саулығы мен денсаулығы, т.б. ескеріледі. Бұдан бөлек, бала асырап алғысы келетін шетелдіктің еліндегі тиісті әрі құзырлы орындарымен байланысқа шығады. Қазіргі таңда әр аймақта әрқалай балаларды асырап алатын отбасыларға баланы күтімі үшін мемлекет тарапынан берілетін қаржылық жәрдем бір ізге түсіріледі. Сонымен қатар, асырап алушы ата-аналарға балаларды мектепке тіркеу, мектептерді ауыстыру, банк есепшотын ашу және қалта телефондарды қосу сияқты міндеттерді орындау үшін қажет «заңды өкілеттік» беріледі.