|
Өткен жылы қасиетті қос мешітті (Харам мешіті мен Пайғамбар мешіті) есептемегенде туристер ең көп бас сұққан құлшылық үйі белгілі болды
|
Әбу-Дабидегі шейх Зайыт атындағы үлкен мешіт өткен жылы (2025) шетелдік саяхатшылар мен жергілікті тұрғындар ең көп бас сұққан құлшылық үйі ретінде рекорд орнатты. Бұл жайында islam.kz порталы WAM ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2025 жылы Біріккен Араб Әмірлігі аумағында орын тепкен аталмыш ғибадат ғимаратына 6846723 мейман бас сұққан. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылғысымен салыстырғанда 4%-ға артқан. Мешіт тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Осылайша шейх Зайыт мешіті әлемдегі ең жетекші діни әрі мәдени орталық мәртебесін тағы бір мәрте растады. Сәулеті мен сәні айрықша мешітке бас сұққандардың басым бөлігі - 82% -ы шетелдіктер. Қонақтар саны бойынша Үндістан көш бастаған (жалпы келушілердің 20%-ы), одан кейінгі орынға Қытай жайғасқан (9%) және Ресей Федерациясы мен Америка құрама штаттары табан тіреген (8%). Бұл көрсеткішті құрлықтарға қарай жіктесек: Азия - 49%, Еуропа - 33%, Солтүстік Америка - 11%. Меймандар арасында 1,5 млн-нан астам діндар, соның ішінде жұма намазына барған 257,8 мың адам, сондай-ақ, 4,3 млн-нан астам турист және ауызашарға келгендер 898,7 мың адам болды. Мешіт қасиетті Рамазан айында және Ораза айт мерекесінде ерекше белсенді режимге көшеді: осы кезеңде 1,9 млн адам сұғады. Zayed Humanitarian Legacy Foundation қорының қолдауымен «Біздің ораза ұстайтын қонақтарымыз» бастамасы аясында 2,6 млн-нан астам адамға ауызашар мен сәресі үлестірілді. Мешіт мәдени бағдарламаны да жалғастыруда: 2025 жылы 55,7 мың қонаққа 4 мың экскурсия өткізді, сондай-ақ, тоғыз мемлекет басшысы мен он екі премьер-министрді қоса алғанда, 335 ресми делегацияны қабылдады. Tripadvisor платформасының нұсқасы бойынша мешіт әлемнің ең танымал 25 көрікті жерлерінің арасында сегізінші орынды иеленді және Таяу Шығыстағы бірінші орнын сақтап қалған.