Пәкістанда кедейлер қарасы көбейіп келеді
|

Пәкістандағы кедейлік қамытын кигендер қарасы артып келеді. Дәлірегі, ел тұрғындарының 44,7%-ы кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Бүкіл әлемдік банктің таяудағы баяндамасында келтірілген дерекке жөн сілтеген Daily Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кедейлер қарасы 39,8%-дан 44,7%-ға артып кеткен. Бұған ең алдымен инфляцияның өршуі себеп болған. Сарапшылар бұл тараптағы ахуалдың одан ары шиеленісуіне жол бермес үшін Пәкістан билігін халықтың осы тобын әлеуметтік қамтамасыз ету бағдарламасымен қамту, жұмыс орындарын ашу, азық-түлік өнімдеріне субсидия қарастыру секілді нақты бағдарламаларды қабылдауға шақырып отыр. Бүкіл әлемдік банк кедейлікті бақылау көрсеткішін жан басына шаққанда күніне күнкөрістің (кедейліr шегін) бұрынғы деңгейін 3,65 доллардан 4,20 долларға дейін көтеру арқылы табысы орташадан төмен елдер үшін қайта қарастырған еді. Жаңа стандарттың енгізілуіне байланысты Пәкістандағы кедейлер саны 90 млн адамнан 95 млн-ға күрт артып кеткен. Баяндамада айтылғандай, пәкістандық азаматтардың 16,5%-ы күніне 3 долларға жетпейтін қаражатқа күнелтуге мәжбүр. Сондай-ақ, мәліметке сәйкес Пәкістандағы орташа топтағылардың қарасы да кеміп келеді: пәкістандықтардың 88,4%-ның табысы күніне 8,50 долларға жетпейді. Инфляция, ақшаның құнсыздануы, жалақының төмендігі, жұмыссыздықтың белең алуы секілді факторлар кедейлер санының артуына тікелей ықпал етіп отыр. Пәкістанда 2023 жылғы халық санағы бойынша 242 млн-дай адам өмір сүріп жатыр.




